Температурасы жоғары баланы қалай тамақтандыру керек?

Температурасы жоғары баланы қалай тамақтандыру керек?
Фото: unsplash.com

Ата-ана суық тиген баланы тамақтандырудың қандай қиын екенін жақсы біледі. Баланың тамаққа тәбеті болмаса, алайда ағза пайдалы заттарды қажет етсе, не істеу керек?

Ауырып қалған баланы кішкентайдан, бірақ жиі, мысалы, күніне 5-6 рет тамақтандыру ұсынылады. Желінген тамақты қорытуға және сіңіруге энергия қажет. Ал ауырған кезде барлық күш жұқпамен күресуге жұмсалады. Сондықтан бөлшектеп тамақтану асқорыту жолына жүк түсірмеуге мүмкіндік береді және ағзаны қажетті энергиямен қамтамасыз етеді. Балаға сұйық әрі жылы тамақ пайдалы: ол қатты тамаққа қарағанда жақсырақ сіңеді. Сол үшін бала мәзіріне сорпа, езілген сорпа, сүтке піскен сұйық ботқа, кисель, жылы компот және фитошайлар қосыңыз.

Ақуыздар көзі

Күніне 3 рет бала мәзірінде ақуыз көздері болған дұрыс. Себебі ақуыздар ағзадағы иммунды жүйенің қалыпты жұмыс істеуіне жауап береді және вирустармен, бактериялармен күресуге көмектеседі. Ол сүтке піскен кеспе сорпасы, сүтті сұлы сорпасы, тауық сорпасы, тауық немесе күркетауық езбе сорпасы, жылы сүт пен айран, тауық немесе бөдене жұмыртқасынан дайындалған омлет болуы мүмкін.

Жидектер

Ағзаның вирустармен және бактериялармен күресуі нәтижесінде пайда болған улануды жеңуге құрамында дәрумендері мен антиоксиданттары бар сусындар көмектеседі. Балаға жидектерден жасалған морс ұсынған дұрыс. Мысалы: мүкжидек немесе шырғанақ морсы, қара және қызыл қарақат немесе таңқурай тосабынан дайындалған жылы компот. Қарақат С дәруменіне бай, шырғанақта С дәрумені мен каротиноидтар бар, ал таңқурай ағзада қызу түсіргіш құрал ретінде «жұмыс істейтін» салицилаттардан тұрады.

Балаға жаңа сығылған сәбіз шырынына 1 ас қасық 10%-дық кілегей қосып берсеңіз, ағзаға қажетті каротиннің тәуліктік нормасын қамтамасыз етуге болады. Сусынға аздап қант қосып, дәм беруге болады. Ал балға келетін болсақ, ол аллергенді өнім болғандықтан, оны балаға күніне 1 шай қасықтан артық бермеген жөн.

Пайдалы фитошай

Шайға таңқурайдың немесе шырғанақтың жапырақтарын, түймедақ пен жебіршөп гүлдерін, итмұрын мен итбүлдірген жемістерін қосуға болады. Сондай-ақ жөке гүлдері мен жұпаргүл қосылған шайлар да пайдалы. Олардың құрамы дәрумендерге бай. Сондықтан олар ауырып жатқан бала ағзасын қажетті биологиялық белсенді заттармен қамтамасыз етеді. Баланың әр тамақтануынан соң оған жылы сусын ұсыныңыз. Мысалы, таңертең — фитошай, түскі аста — морс немесе шырын, бестің шайында — жылы сүтті немесе сүтқышқылды сусын, ал кешкі астан соң кисель немесе компот беріңіз.

А. Жапатова