Балаларға арналған шығармашылық жинақтар

Балаларға арналған шығармашылық жинақтар
Фото: freepik.com

Қазақстанда 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланды. Сондықтан мектеп оқушыларын 5 сәуірге дейін көктемгі демалысқа жіберді. Төтенше жағдай мерзімі ұзартылатын болса, олар уақытша қашықтан оқытылады.

Содан соң балабақшалар жұмысы да тоқтады. Коронавирус індетінің Қазақстанда да жылдам тарауына байланысты 30 наурыздан бастап далаға себепсіз шығуға тыйым салынды. Тіпті, балалардың ойын алаңында ойнап жүргенін көрсе, ата-анаға айыппұл салынуы мүмкін. Осындай уақытта ата-аналар баласы үйде жалықпас үшін тағы не істесек болады деп қиналады. Сондықтан балалар шығармашылығына арналған тауарлар тізімін ұсынуды жөн көрдік.

6 жасқа дейін: қиял және ұсақ моториканы дамыту

Кішкентай балалардың энергиясы өте көп, олар оны сыртқа шығаруы керек. Әдетте, бала энергиясын далада жүгіріп ойнап шығарады. Ал қазір үйде отырғанда оның ұсақ моторикасы мен қиялының дамуына ықпал ететін шығармашылық жинақтар таңдаған жөн.

Кинетикалық құм
Кез келген балаға құммен ойнаған ұнайды. Кішкентай балалардың көпшілігі құммен ұзаққа дейін ойнап отыра береді: үй құрастырады, машиналарын жүргізеді, аққала жасайды, ыдыстарды толтырады және т.б. Егер бұрын кинетикалық құм алмаған болсаңыз, ол сусымалы емес, жақсы жабысады. Сондықтан одан бірдеңе жасау оңай.  

Картон үй
Кейде ата-анада идея таусылады. Баланы немен алаңдататынын білмейді. Осындай кезде картон үйге тапсырыс беруге болады. Оны сызба бойынша жинайсыз, бала қалауына қарай бояйды. Содан соң оның сыртында да, ішінде де ойнай алады. Ал жалыққан соң оны көзге көрінбейтін жерге жинап қойып, кейін қайта шығарасыз.

Кішкентайларға арналған пазлдар
Бала күрделі суреттерді жинап үйрену үшін алдымен суреттері үлкен және бірнеше бөліктен ғана тұратын пазлдар алған жөн. Ішінде бірнеше пазл суреттері бар дайын кітаптар да бар.

Бөлшек бейнелер (пазл) қалай пайда болды?

Жуынатын бөлмеге арналған қарындаштар
Қабырғаға сурет салғанды жақсы көрмейтін бала жоқ шығар. Әрине, ата-ана қабырғаға сурет салуға рұқсат бермейді. Сондықтан жуынатын бөлмеге арналған арнайы қарындаштар бар. Олар ылғал қабырғаға жағылады және оңай жуылады. Бала суға түсіп отқанда сондай қарындаштар беріп қойсаңыз, ол біразға дейін сурет салып отыра береді. Бірақ баланы жуынатын бөлмеде жалғыз қылдырмаңыз.

6 жастан 10 жасқа дейін: қоршаған ортаны зерттеу

Бастауыш сынып оқушыларының мектеп бағдарламасынан қалып қоймауы маңызды. Бірақ күні бойы сабақ оқып отыра беруге де болмайды. Сондықтан қоршаған ортаны зерттеуге көмектесетін шығармашылық жинақтар алған жөн. Балалардың демалыста да режим сақтауын бақылау керек, әйтпесе, кейін күнделікті тәртіпке қайта келу қиынға соғады.

Кристалл өсіруге арналған жинақ
Қазір дүкеннен балаларға арналған кристалдарды табуға болады. Олардың бір артықшылығы – ол өскен кезде үй әшекейіне айналады. Ала бала оны өз қолымен істегендіктен ерекше қуанып жүреді.

Аквамозаика
Бұл қарапайым пазлдардан жалыққан балаларға арналған жақсы жинақ. Себебі бұл ойында бала тек детальдарды жинап қана қоймайды, сондай-ақ сумен және түрлі-түсті моншақтармен жұмыс істейді.

3D-қалам
Қол 3D-принтері түрлі-түсті пластикпен сурет салады. Нәтижесінде, бала қиялы жеткенше неше түрлі зат жасай алады. 8 жасқа дейінгі бала бұл қаламды ата-анасымен бірге қолдану керек, бірақ, уайымдамаңыз, ол міндетті түрде сізге де ұнайды.

10 жастан кейін: ұсақ-түйекке мән беру

Орта буын оқушылары карантин кезінде күні бойы әлеуметтік желілерде отырмас үшін оларға күрделі бас қатырғыштар мен конструкторлар алып берген жөн. Мұндай ойыншықтардың қандай да бір тақырыптағы түрін алсаңыз, ол баланың дамуына көмектеседі.

Айна бас қатырғыш
Рубик кубигін жылдам шешіп тастайтын балаларға айна бас қатырғыш алып берген жөн. Ол баланы біразға дейін алаңдатады және ми жұмысын жақсартады.

Ағаш конструктор
Ағаш конструктордың кез келген талғамға арналған түрі бар: автомобильдерден бастап сандықшаға дейін таңдай аласыз.

Күрделі пазл
Пазлдың «мұражайдағы бір күн» деген сияқты түрін таңдаған жөн. Оны бала жинау кезінде өзіне біраз пайдалы ақпарат та алады. 

А. Жапатова