Екі жасқа толмаған балаға беруге болмайтын тағамдар

Екі жасқа толмаған балаға беруге болмайтын тағамдар
Фото: undraw.co

Барлық ана баласына берген тамағын еш күштеусіз, өз еркімен жегенін қалайды. Ата-ана өзі нені пайдалы деп санаса, балаға соны береді. Бұл біреулер үшін "балалар үшін арнайы өндірілген тағам" болса, енді бірі үшін ата-әжесінің бақшасында ғана піскен алма, ал енді біреу үшін қайнатылған картоп пен қатырылған авокадо. Балаңызға не берсеңіз де, оның сапалы өнім екеніне көзіңіз жететіндей болсын.

Туғанына 12-24 ай болмаған балаларға беруге тыйым салынған тағамдардың нақты тізімі бар:

1) Қант және қант қосылған, әсіресе өндірістен шыққан қантты тағамдар, тәтті қауыз (хлопья), кәмпит және басқа да өндіріс тәттілері. Дегенмен үйде пісірілген тәттілер құрамындағы аздаған қант балаға соншалықты зиян емес.

2) Тұз және тұзы көп тағамдар. Бір жасқа дейінгі балалар тәулігіне 1 грамм тұз тұтынса да жетеді, ал жастан асып, екі жасқа жетпеген балалар үшін бұл көрсеткіш 2 грамнан аспауы тиіс.

3) Жасанды қоспалар, бояғыштар, консерванттар, натрий глутаматы – бұлар үзілді-кесілді тыйым салынатын өнімдер екені түсінікті.

4) Сутектендірілген май және осы маргарин қосылған барлық тағам. Балаларға арналған печеньенің, қытырлақтың, тоқаштардың құрамын да мұқият оқыңыз, маргарин қосылса, алмаған жөн.

5) Көшеде сатып тұратын үйде әзірленген печеньелер де маргариннен жасалған болуы ғажап емес.

6) Фастфуд, дайын мұздатылған тамақ, өндіріс тұшпарасы, вареник, мұздатылған дайын пицца, шаурма, фри картобы, құрамында кофеин бар сусындар балаға берілмейді.

7) Майлы, қуырылған, ащы тағамдар.

8) Балық, ет консервісі.

Дастарқан үстінде не тұрса, бала соған қол созып, өзі үшін бейтаныс тағамдардың барлығынан дәм татқысы келеді. Сол себепті өздеріңіз жейтін тағамдардың да сапасына мән беріңіз.

@. @assel_assanova