Кроссовканы дұрыс жууға арналған кеңестер

Кроссовканы дұрыс жууға арналған кеңестер
Фото: pixabay.com

Кроссовка – күнделікті аяқ киім, сондықтан жылдам ластанады. Сүйікті әрі ыңғайлы аяқ киіміңіз әрдайым таза болуы үшін оны дұрыс жуу жолдарын ұсынамыз.

Соңғы жылдары сән өз бағытын спорттық стильге қарай бұрды. Яғни, спорттық стильдегі киімдерді классикалық киімдермен үйлестіріп, күнделікті өмірде киюге болатындай икемдеп берді. Кроссовка – көпшіліктің гардеробында кездесетін, көптеген киімдермен үйлесетін және ең ыңғайлы аяқ киімнің бірі. Егер кроссовка киюді жақсы көретін қыздардың қатарында болсаңыз, оның тазалығын сақтаудың жолдарын білген жөн.

Кроссовканы кір жуғыш машинамен салып қалай жуамыз?

Әрине, кроссовканы жылдам тазартудың әдісі – оны кір жуғыш машинамен жуу. Бірақ былғары аяқ киімді, моншақтары, жабыстырмалары және жарық шағылыстырғыш қондырмалары бар кроссовкаларды кір жуғыш машинада жууға болмайды.

Егер кроссовканы салып жуатын арнайы қап болса, былай істеңіз:

- Алдымен кроссовканың бауын ағытып алыңыз;
- Кроссовканың табанын құм, ұсақ тастар және басқа да ластықтардан тазартып алыңыз. Олар машинаның барабанын зақымдауы мүмкін;
- Кір жуғыштағы "Аяқ киім жуу" режимін және 30 градус температураны таңдаңыз;
- Арнайы қап кроссовканы түрлі зақымданудан қорғайды. Кроссовканы және оның бауларын қапқа салыңыз;
- Кір жуғыш машинаның арнайы бөлімшесіне сұйық кір жуғыш құйыңыз. Кроссовкасы бар қапты машина барабанына салыңыз.
- Машина тоқтаған соң аяқ киімді, бауды және қапты бөлек-бөлек толықтай кептіріңіз.

Егер кроссовканы салып жуатын арнайы қап болмаса, машина барабанына кроссовкамен бірге 2-3 теннис добын және түкті дәкелер салыңыз. Кір жуғыш машинадағы "Сығу" режимін қоспаңыз. Аяқ киім өздігінше кебу керек.

Кроссовканы қолмен қалай жуамыз?

Кроссовканы қолмен жумас бұрын нәзік материалдарды тазартуға арналған арнайы щетка сатып алған жөн. Кроссовканың бауы мен ұлтарағын алып тастаңыз. Содан соң аяқ киімді тазартуға кірісіңіз:

- Кроссовканың табанын ескі тіс щеткасымен тазартыңыз;
- Кір сабын, кір жуғыш ұнтақ алыңыз;
- Құралдың бірін таңдап, оны суға құйып, оған аяқ киімді малып қойыңыз. Су температурасы 30-40 градус болуы керек. Кроссовканы сол суға 20-30 минутқа қалдырыңыз;
- Арнайы щеткамен аяқ киімді тазалап, құрал қалдықтарын ылғал сорғышпен (губка) алып тастаңыз.

Күдері кроссовканы қалай жуамыз?

Күдері кроссовканы қолмен жуған жөн. Сұйық сабынды жылы суға араластырыңыз. Күдеріні осы ерітіндімен сүртіңіз. Майлы дақтарды ыдыс жуатын құралмен тазалауға болады. Содан соң кроссовканы ағып тұрған судың астына шайып алыңыз. Соңынан аяқ киімді құрғақ сорғышпен бір сүртіп, кептіріп қойыңыз.

Былғары кроссовканы қалай жуамыз?

Былғары кроссовканы да қолмен жуған дұрыс. Шылапшынға жылы су құйып, оған кір сабынды ерітіңіз. Кір сабынды алдын-ала үккіштен өткізіп алсаңыз, суда жақсы ериді. Кроссовканы сол суға салып, щеткамен тазартып алыңыз. Аяқ киімді ағып тұрған судың астына шайып, кепкен соң крем жағып қойыңыз. Кроссовканың бауы мен ұлтарағын бөлек жуыңыз.

Ақ кроссовканы тазартудың оңай жолын мына мақаладан оқи аласыздар.

А. Жапатова