Балаға қаржы басқаруды үйрету – міндет

Балаға қаржы басқаруды үйрету – міндет
Фото: freepik.com

Ақшаның маңызы мен оның атқаратын рөлін бала ес білген сәтінен бастап түсіне бастайды. Мектеп жасына дейін дүкендерде шу шығарып, жылап дегенін алатын бала, есейе келе ата-анасының "қалтасына" қарап, таңдау жасауды үйренеді. Зерттеушілер пікірі бойынша, әлемдегі әрбір төртінші жасөспірім ақшаны қолдануды білмейді. Бүгінде кез келген жоғары сынып оқушысы жазғы демалысында жұмыс жасайды. Студенттер оқудың алғашқы жылынан-ақ тұрақты жұмыс түрлерін іздей бастайды. Бұған қарап, олардың ата-аналарына қарағанда әлдеқайда қаржылай сауатты деген түйін жасауға болады. Дегенмен, олай емес.

Қаржы әлемімен ерте танысқанына қарамастан, олардың бұл сала бойынша түсінігі аз. Ақша барлық жерде бар. Бала бойындағы ашкөздікті оятып алмау үшін мектепте ақшаның, бай болудың жағымсыз тұстарын көрсетуге тырысады. Математика, дүниетану секілді пәндердің ешқайсысы отбасылық бюджеттің тиімділігін айтып, макро несиелердің зияны мен ақша жинаудың пайдасы сөз етілмейді. Ал, "экономика" пәнін оқу мүмкіндігіне ие болғандар әлемдік деңгейге аттап кетеді де, бастапқы іргетасы дұрыс қаланбайды.

Дария, 24 жаста:
Өзімді қаржы сауаттылығына ие адамдар қатарына жатқызбаймын. Өйткені, ақшаны жұмсаудан бөлек ешнәрсе білмеймін. Ақша айналымы, табыс көзі, несие мен ипотека деген түсініктердің жалпылама теориясын білгенмен, оның нақты қалай жұмыс істейтінін түсінбеймін. Мектепте "экономика" пәнін таңдап, соны оқыдым. Бірақ, макро мен микроэкономикадан басқа түсінік есімде қалмапты. Мен үшін қаржы сауаттылығы іс жүзінде іске асуы тиіс секілді. Несие қалай жинақталады, жалақы қалай есептеледі, жұмыс сағаты қандай болуы керек, артық төлемеудің жолдары мен ақша жинау мүмкіндігін бала кезден көрсетсе, еш қорқынышсыз депозит ашып, банкке сенім білдіретін едік.

Әрине, соңғы уақытта мектептерді баланың өзін-өзі тануына жұмыс істейді, негізгі адам капиталын қалыптастырады деп насихаттау жұмыстары іске асады. Бірақ, әлі күнге дейін балалар жаттанды тақырыптарды қозғап, соны қайталап айтып бергені үшін ғана баға алып жүргені жасырын емес. Олардың ғаламторға кіру мүмкіндігінің бары білім саласында айтарлықтай рөл ойнамайды. Олар мектепті тек теориялық біліммен аяқтайды. Салықты қалай төлеу керек, ипотеканы есептеу, олардың болашақ жалақысы неден тұрады деген сұрақтардың барлығы сол күйі жауапсыз қалады. Осыдан бастап өзінің құқықығын толықтай білмейтін адам қалыптасады.

Диана, 20 жаста:
Мектепте экономика туралы, қаржы туралы жарытып ешнәрсе айтылмады. Үйдегілер болса үнемдеп жұмса дегеннен әрі аспайтын. Қазір ұққаным, қаржы тұрғысынан ата-анамның ең үлкен қателігі – балаларының болашағы үшін қаражат жинамағаны. Олардың бүгінгі мәселені шешу үшін тек несиені қолданғаны да қаржыны басқару қабілетінің жеткіліксіздігінен болған. Мен өзімді қаржы сауаттылығына ие адамдардың қатарына жатқызамын. Әзірге шығындалатын жағдай туған жоқ. Сол себепті, артық ақшаны жинауға тырысып жүрмін. Есесіне, болашақта несие алуға себеп болмайды деп ойлаймын. 

"Үлкендердің әңгімесі" саналатын ақша тақырыбы бала үшін әрқашан жабық есік секілді. Оның үстіне, ата-ана үшін баланы үнемдеуге үйретудің жолы "ақша жоқ" деген сылтау ғана.  Одан бөлек, ата-ана да, ұстаздар да қаржы сауаттылығы деген ұғымы ақша деген не, несие деген не, қалай ақша табамыз, оны қалай жұмсаймыз деген сұрақтармен шектеледі. Бұлар —  тек қаңқасы.

2015 жылы жүргізлген Standard & Poor’s (S&P) рейтинг агенттігінің зерттеуіне сенсек, Қазақстандағы ересектердің 40%-ы ғана қаржылай сауатты. Ал, бастапқы орынға Дания, Норвегия мен Швеция (71%) іліккен. Кейінгі орындарға Канада, Израиль (68%) мен  Ұлыбритания (67%) жайғасқан.  

S&P зерттеу жұмысын Gallup World Poll сауалнама қызмет түрін пайдаланған. Оған кездейсоқ таңдалған 15 жастан жоғары 150 мың қатысушы қатысқан. Оларға пайыздық төлем, пайыздық есептер, инфляция мен қатерді болжау тапсырмалары берілген.  Егер қатысушы төрт бөліктің үшеуіне жауап берсе, онда оны қаржы сауаттығы жоғары адамдар қатарына жатқазған. Нәтижесінде, ересектердің инфляция мен пайыздық төлемді жақсы түсінетіні анықталған, ал болашақта туу мүмкін қаржылай қиындықтарды болжау олардың қолынан келмеген. 

Әлем бойынша ересектердің үштен бірі ғана қаржы сауаттылығына ие. 4,5 миллиардтан астам 15 жастан асқан адамдар негізгі қаржы түсініктерінен хабарсыз.

Қаржы сауаттылығын мектептерде үйретудің әлемдік тәжірибесі:

Жоғарыда аталған зерттеу жұмысында жоғары көрсеткішке ие – не дамыған не экономикалық тұрғыдан қарқынды даму үстіндегі елдер. Қаржы сауаттылығын арттыру үшін жасалатын жұмыстар жөнінде көш бастайтын ел – Ұлыбритания. Бұл елде білім беру жүйесіне енген қаржы сауаттылығы пәніне жауапты екі мекеме бар: Қаржы реттілігін бақылау  (Financial Services Authority, FSA) және Personal Finance Education Group (PFEG).

2015 жылға дейін Ұлыбританияда қаржы сауаттылығын арттыру үшін түрлі жұмыстар істелген: сабақтар, семинар мен онлайн курстар. Төрт жыл бұрын бірегей бағдарлама өз жұмысын бастады. Орта мектептерде "Жеке қаражатым" деген пән жүреді: 7 жастан 11 жасқа дейінгі оқушыларға банктегі жеке шоттар жөнінде айтылады. 11-14 жас аралығындағы оқушылар несие не дебет (жинақ) карталары, қарыздар, депозит, тұрмыс жағдайының экономикалық негіздерін оқиды. Жоғары оқу орындары үшін "Қаржы ғылымының докторы" атты бағдарлама жұмысы істейді. Оларға несиемен жұмыс істеу, банкке тәуелділіктен арылу жолдары айтылады.

Ата-ана баласына қалай қаржы басқаруды үйрете алады?
• Баламен бірге отбасының қаржы жағдайын талқылау арқылы олар өздерінің шығыны мен табысын көрсете білу қажет. Бала ақшаның оңайлықпен келмейтін ұғуы тиіс. Ол үшін ата-ана "ақша жоқ" деген сөзді қолданбағаны жөн. Өйткені, ол баланы үнемдеуден гөрі ашкөздікке үйретеді. Баланы шын үнемдеуге үйреткіңіз келсе, ақша үшін тер төгу керек екенін түсіндіріңіз.

• Оқушы балаңызбен бірге банкке барып депозит ашу және балаға ай сайын салуға мүмкіндік беру. Кез келген бала кішкентай кезінен бастап ақша жинауға әуес. Соны пайдала біліңіз. Күнделікті қолына ұстататын жол ақшасына сәйкес белгілі бір мөлшерді айтыңыз да, жиналған ақшаны ай сайын депозитке салып отырыңыз. Әрине, өзіңізде білдірмей ақша салып тұрыңыз. Есесіне бала болашақта ақшасыз қалмайтынын ұғып өседі.

• Ақшаның аздығын балаға білдіре берудің қажет жоқ. Ол қарапайым "міндетті түрде грантқа түс", "ақшаны үнемде", "үйде жейтін дым жоқ" деген сөздерден байқалады. Бала есейгенде артық шығынға толы қадамы үшін өзін жазғырып, іштей жейтін болады. Әдетте бұндай сөздерден кейін бала жеңіл табыс табудың жолдарын қарастырады. Оның орнына балаңызбен ересек адамдарша сөйлесіңіз. 

Қаржы сауаттылығы — өмірде қажетті салалардың бірі. Елдің экономикалық жағдайы кішкентай мемлекеттік экономикалық жағдайына тікелей тәуелді. Балаңызға қаржы туралы қаншалықты жиі айтасыз?

Т. Есқали