Адам өмірде екі рет ғашық бола ма?

Адам өмірде екі рет ғашық бола ма?

Махаббат – бақыт емес қонатұғын,
Түлкі емес ойдан-қырдан шолатұғын.
Махаббат – кездеспейтін керемет бір,
Өмірде бір-ақ рет болатұғын.

Мұқағали Мақатаев

Мектепте оқып жүргенімізде "Адам бір-ақ рет сүйеді, бір-ақ рет ғашық болады, өмір де бір-ақ рет беріледі және махаббат та бір-ақ рет кезігеді" деген аксиома іспетті ойларды жеке қойын дәптерімізге немесе бір-бірімізге беріп, ішін сұрақ-жауапқа толтыратын анкеталарға ерекшелеп, бадырайтып тұрып жазып қоятын едік.

Оқушы кезіміздегі ойларымыз бен қылықтарымыз да қызық қой. Тіпті "бір ғана қызды немесе жігітті өле-өлгенше сүйіп өтеміз" дегенді көпшілігіміз айтып және соған сенетінбіз. Алайда түбі бұл ойлар шындыққа жанаса қоймайды. Осы тұста махаббаттың бір-ақ рет болатыны рас болса, онда біздің мектеп қабырғасындағы махаббатымыз жалған болғаны ма? Әрине олай емес. Ол бала көңілдің, бала сезімнің пәк, ешбір кінәратсыз адал және алғашқы шын сезімі. Дегенмен алғаш рет ішкі дүниеңе егілген махаббат дәнінің өз иесі өміріңдегі махаббатыңның төрінен ойып орын алады. Оны сен әрқашан жылы естелік ретінде есіңе бір алуың мүмкін.  Жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің тілімен айтқанда: "Тек бір адам өмірінің де балалығы, жігіттігі, қарттығы болатыны сияқты, бір махаббаттың да бірнеше өмір жасы, есею кезеңі бар. Сөйтіп, адамда бір ғана махаббат болатынына, оның да зәулім бәйтерек құсап бірте-бірте есейетініне, ал оның жеке-жеке бұтақтары жеке-жеке махаббат емес, бір махаббаттың ержету кезеңдері ғана екеніне көзім шүбәсіз жетті", - дейді.

Ұлы ақынымыз Абай: "Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де, ішпен біл", - деп тегін айтпаған болар. Сондай-ақ "Махаббатсыз дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар", - деген де осы данамыз еді. Ендеше кез келген сезім алғашқы бір сәттен-ақ оянады. Алайда оны кейбір жандар асығыстық деп санайды. Негізі жүректе ұя салар сезімнің баянды не баянсыз болуытүрлі факторларға байланысты. Алайда осы махаббаттың баянды болуына әйелдер халқы шыдамдылық танытатын секілді. Бұл оның қоғамдағы орнын төмендетпейді, керісінше биіктететін жағдай. Ал баянды махаббат ер мен әйелді бірдей бақытқа бөлеуі керек.

Махаббат пен ғашықтықтың айырмашылығы

Бұл ұлы сезімді өз жырына арқау еткен ақын-жазушылар өте көп. Ал махаббатқа мың-сан нәрсе себеп болып жатса, мың-сан нәрсе кедергі болып та жатады. Оның шешімін қыз бен жігіттің жан-дүниесі ғана шеше алады. Шындығында сезімнің биігі бар, төмені бар, бірақ өтірігі болмайды. Сол секілді махаббаттың да биігі мен төмені болады. Тек өтірігі жоқ. Яғни бұдан шығатын қорытынды өтірік өмір сүруге болмайды және біреуді өтірік сүюге де болмайды. Себебі сүю, жақсы көре білу – өте нәзік сезімнің өнері. Барлық адам шын сүйгенімен ұлы сезімнің шыңына көтеріле бермейді. Себебі әркім өз биігінде шын сүйеді. Бүгінде қызғаншақтықтың өзін шын сүйгендіктен деп түсінетін немесе солай бағалайтын жандар да бар. Алайда оның әділ шешімін, дұрыс билігін тек әйел ғана айта алады. Егер де сол қызғаныш әйелді бақытқа бөлей алса, онда ол махаббатқа берген бағасы дұрыс. Ал керісінше болар болса, ол қылықтың немесе мінездің шегін шектеген дұрыс болар.

Ілияс Есенберлин өзінің "Ғашықтар" атты еңбегінде махаббатқа мынадай анықтама беріп өтеді: "Махаббат құр көңіл құмарлығы, не болмаса, тән құмарлығы емес, ол сезім, қиял, жүрек әміршісі, адам баласының жан түкпірінен мөлдір бұлақтай қайнап шыққан асыл арманы. Ол үшін адам қандай азапқа да, қандай қиындыққа болса да шыдау керек. Сонда ғана махаббат – теңізшінің ғажайып тұңғиыққа сүңгіп, алып шыққан меруетіндей бағалы, құнды". Ал бір сөзінде: "Қазақ: "Балығы жоқ көл қадірсіз, шөбі жоқ жер қадірсіз, ұлты жоқ қыз қадірсіз, жігері жоқ жігіт қадірсіз" - дейді. Тұрақсыз болу да адамның жігерсіздігінен, табансыздығынан. Сондықтан адам ең алдымен табандылықты арман етуі керек. Сонда сенің махаббатыңды да еш дүлей күш жеңе алмайды. Арамдық та, зұлымдық та қыз ұлтын сақтаса, жігіт бір мінезділігін сақтауы махаббаттың тазалығына керек қасиет. Сөйтсең ғана махаббат та адал сақталады. Тек сол бір мінезділікке екінің бірінің күші жетер ме?", - дейді. Ал мына бір сөзі бүгінгі махаббатқа берген бағасы секілді: "Махаббат бұрынғыдай арманға емес, біздің ғасырымызда тек өмір қызығына айналған жоқ па? Ал өмір қызығын қашан да болса ауыстыруға болмай ма? Бірі қолыңа түспесе, екіншісін іздейсің. Мұны кім күнәға санайды. Бұны ешкім де күнә демейді", - деп күйінеді.

Қазақ зиялыларының махаббат жайлы айтқан ой-толғаулары

Махаббатты өз биігіне көтере білген, бағалы бағасын бере білген Әзілхан Нұршайықов: "Адал махаббатқа мерзім жоқ – ол жылдың төрт мезгілінің қалаған маусымының сәтті сағатында жүректе гүл жарып шыға келеді", - дейді атақты шығармасы "Махаббат, қызық  мол жылдарда". "Орынсыз құмарлық – опасыз жаумен тең. Ендеше адамның өз нәпсісін тыя білу – үлкен ерлік" деген сөзі бүгінгі құмарлықты махаббат деп есептейтін жастар үшін өте орынды айтылған ба дермісің?! Жазушының айтқандарын қорыта келгенде мына сөзі бүгінгі қыз балаларға қажет ақыл болмақ: "Қызға жігіт жүз процент жақсы боп ешқашан да кездеспейді. Жігітті жүз процент жақсы ететін жақсы жар, жақсы әйел ғана. Сондықтан қыз балалардың дап-дайын жақсы күйеуге шыға қоямын деуі қиын". Яғни бұл тұста жазушы айтқандай әйелге керек негізгі үш қасиет бар. Олар: еңбекшілдік, ақылдылық және сұлулық.

Әзілхан Нұршайықовтың қазақ қыздарына айтқан екі өсиеті

Қорыта айтқанда, әр адамның басында махаббаттың бір рет пе, екі рет пе, қанша рет болатынын кесіп айту өте қиын. Бұл жайында міндетті түрде пікір айту қажет болса, бірден жауап бермес бұрын өз махаббатыңның бүкіл тарихын айтып біткен соң ғана бірдеме деген дұрыс. Ал нақты бір ұғатынымыз, махаббат – мәңгілік категория. Махаббат – мәңгілік проблема. Махаббат – мәңгілік сиқыр ұғым. Махаббатты мәңгілік құдыретті қалпында сақтап қалу қаншалықты қажыр-қайратқа түссе, ал осынау махаббатты мәңгілік мазақ ету де соншалықты оңай, санаулы минуттардың шаруасы. Ендеше махаббатыңыз жүрек мекенінде мәңгі орнасын десеңіз, мәнді, мағыналы, мейірімге толы жүрегіңізді сақтай біліңіз.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар