Махаббат пен ғашықтықтың айырмашылығы

Махаббат пен ғашықтықтың айырмашылығы
Фото: Анастасия Смирнова

Әркімнің түсінігі әртүрлі. Ғашық болу, ұнату, сүю – әрқайсының өзіндік мағынасы бар. Мамандар шынайы махаббатты ғашық болудан бөлек ұғым ретінде қарастырады.

Махаббат оты ақырын тұтанады, ал ғашықтық сезімі тез келеді. Адамды шын сүйетініңізді білу үшін оның жан-жақты қырынан жақсылап тануыңыз керек. Адам бір көргеннен ашылып, ішіндегісінің барлығын ақтара алмауы мүмкін. Ол үшін біраз уақыт қажет. Ғашықтық қалай тез тұтанса, солай тез өше ме әлде соңы баянды махаббатқа ұласа ма – ол уақыттың еншісінде.

Бір көргеннен ғашық болу деген сөз бар, ал бір көргеннен сүйіп қалу деген тіркес жоқ. Ұнату, құштарлық, көргің келу – жеңіл-желпі өтіп кететін сезім. Олар шексіз, жарқын сезімге әкелуі мүмкін, ол үшін ұзақ жолды жүріп өту керек.

Махаббат оты тез өшпейді, ал ғашықтық бірден ұшып кетеді. Мұны арада біраз қашықтық жатса да сезімі үшін күресіп жүргендер растай алады. Түбінде махаббат сезімі жатқан қарым-қатынас аяқ асты үзілсе, оны ұмыту оңайға соқпайды. Психологтар жұп қанша уақыт бірге болса, ұмытуға да сонша уақыт қажет екенін айтады. Мысалы біреумен бір жыл бойына кездесіп жүріп, аяқ асты екеуі екі жолды таңдауы керек болған жағдайда, сезімдері шынайы болған болса, жүректегі жараның емделуі үшін де бір жыл қажет екенін айтады.

Ғашықтық қалай тез келсе, солай тез кетеді. Алайда мұнда да «бірақтар» бар. Егер арада аз уақыт ішінде өте жақын қарым-қатынас орнаған болса, адам серіктесіне психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да тәуелді болып қалады. Мұндайда ұмыту аса оңай болмайды.

Тек бір адамды сүюге болады, қатарынан бірнеше адамға ғашық болуға болады. Адам кейде алдында бірнеше таңдау тұрғанда бір шешімге келе алмайды. Ананың көзі ұнайды, мынаның сөзі ұнайды. Екеуін де жібергісі келмейді, қайсысын көбірек ұнататынын шеше алмайды. Бұл ғашықтық деп қарастырылады. Ал бір адамды ғана болашағым деп көрсе, бұл – махаббат.

Махаббат – жасампаз, ғашықтық – қиратушы сезім. Махаббат адамға күш, қуат сыйлайды. Ол тұлғаға шығармашылық шабыт беріп, мақсатқа жетуге деген талпынысын күшейтеді. Өзін өзі жетілдіріп, оқуда да, жұмыста да көздегеніне жетуге тылсым күш беріп отырады. Ал ғашықтық тек ойға берілу мен мұңға бату сезімін туғызады. Кез келген нәрсеге ашушаңдық әдетін туғызып, адамның еш нәрсеге зауқы болмайды. Өзі жасап алған қиял әлемінде ғана қалықтап жүреді.

Махаббат кемшіліктермен де санасады, ал ғашықтық елемейді. Махаббат өзге адамның ішкі әлеміндегі байлығын ашуға көмектеседі. Барлық адамның жақсы жағымен қатар, жағымсыз қасиеттері де болады. Біраз шынайы махаббаты бар адам оның кемшіліктерінен де жақсылық іздейді әлде бірге жеңуге күш салады. Ғашықтық кезінде алдыңдағы адамның кемшілігін көзге ілмейсің. Тек жақсы жақтарын көресің. Ал ғашықтық басылған кезде кемшілігін байқаса, бірден бас тартуы да ғажап емес.

Махаббатқа өсек-аяң әсер етпейді, ал ғашықтарды бұл екіге айырады. Махаббат – өрт секілді. Жел соқса баяу от өшіп қалады, ал күшті от одан сайын лапылдай түседі. Өтірік-өсек әңгімелер шыққан кезде шын сезімі барлар бір-біріне қаншалықты қадірлі екенін терең түсіне түседі, махаббаттары берік болады. Ал жай ғана ғашық жандар өз сезімінен өзгенің пікірін жоғары қойып, екі жолды таңдайды.

@. @assel_assanova