Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Бойжеткен / Шаңырақ / Балабақша – тым кеш

Балабақша – тым кеш

Балабақша – тым кеш

Бала тәрбиесі әр ұлтта әртүрлі бағытта өрбиді. Бірақ оның мотиві, мақсат-міндеті бір – нағыз адам тәрбиелеу. Нағыз адам дегеніміз – бойында адами қасиет, бүкіл тіршілік иесінен ерекшелеп тұратын ақыл-сана, мәдениет тоғысқан жүректің иесі. Осы жүрек ана құрсағында жатқанда-ақ осы үшеудің кіріспесін өзіне сіңіреді деседі. Ал жарық дүниеге келген соң, аппақ параққа әр тәрбие беруші өзінше таңба қалдырып отырады.

Басты тәрбие беруші – оны өмірге әкелген ата-анасы. Осы ретте жапон зерттеушісі Масару Ибука бала тәрбиелеудегі негізгі қағидаттар мен басты ережелерді жинақтаған. 1971 жылы жазылып, 1977 жылы ағылшын тіліне аударылған «Балабақша – тым  кеш» атты еңбегі бала тәрбиесі, бала психология тұрғысында берер пайдасы мол. Әлемде бала тәрбиесі жөнінен еврейлер мен жапон үлгісі үздік деп танылатыны тағы да бар. Бірақ, өз мәдениетімізден аттап кетуге болмайды. Әр үлгінің жақсысын алып, ортақ үйлесімділікпен балаға көп дүниені дарытуға болады.

«Баланың ерте жастан данышпан болуы ата-анасына байланысты» дейді автор. Шынымен, ата-ана баланың 3 жасына дейін бойындағы барлық қылықты, қасиет пен қимылды басты назарда ұстауы керек. Егер балақай қаламмен қабырғаға сурет салса, сурет өнеріне жақын екендігін, кітап ұстаса, кітапқұмар болатындығын, музыкалық аспаппен ойнаса, әуенге елітетінін тез аңғара білу керек. Ал егер ол ойыншықтан басқа ештеңе көрмейді десеңіз, қателесесіз. Ойыншықтың да түрі бар. Дәрігер құралдары, доп, жүк тасығыш көліктер, ас-үй құралдары – барлығы белгілі бір қызығушылықтың бастауы деп есептеледі.

Орта

Сондай-ақ автор Моцарттың композитор болып тумағанын, оның сондай танымал болуына айналысының әсер еткенін атап өтеді. Кішкентайынан ата-анасы оған жан-жақты қолдау көрсетіп, дайындалуына мүмкіндік берген. Баланың дана болуына білім мен қоршаған ортаның тікелей әсері болатынын осы Моцарт тәжірибесімен дәлелдейді.

Қоршаған орта деген тек ата-анасы емес, ол – отбасы, көрші, үйге келген қонақ, үй жануары, дүкендегі сатушы апай, газет таратушы бала, т.б. Осылардың арасындағы үлкенді-кішілі әңгіме, бір-біріне деген көзқарас, үстел басындағы мәдениет те баланың «адам» болуына бірден-бір әсер ететін фактор дейді Масару.

Біздің танымда да бұл дүние бар. Есті әңгіме айтатын адамдар жиналған кезде баланың құлағы түрік болғаны дұрыс. Ал құрғақ сөз бен арзан күлкі алып келген даурықпа адамнан жирену керектігін еске салып отыру керек.

Кітап 5 тараудан тұрады. Әр тарау кішкентай тақырыпшаларға бөлінген. Автор себеп мен негізді атап, мысалдар келтіріп, түсіндіріп отырады. Еңбек болашақ ата-анаға, бала психологтарына, логопедтерге арналған.

1. Потенциалды көру

Баланың потенциалдық мүмкіндігі шексіз. Барлық бала озат оқушы бола алады, тек оқу әдістемесін дұрыстау керек деп есептейді. Бұлай деуге дәрігер Шиничи Сузукидің тәжірибесі әсер етті дейді. Бірде дәрігер Сузуки «қиын студенттермен» жұмыс жасапты. «Олар неге мұндай болды?» деген сауалды біраз ізденіп, «қиын оқушыларды» зерттеген. Содан төменгі сыныптың бұзықтарымен жұмыс жасапты, кейін балабақша тәрбиеленушілерімен тілдескен. Бір қызығы, мінезінде «қиындық», сөйлеуінде мәдениетсіздік, жүріп-тұруында олқылық бар «адамдар» балабақшадан табылмаған. Демек, «қиын баланың» бойындағы шырақты кішкентайында ешкім байқамаған, сондықтан шырақ сөніп, орнын тұман басқан. Баланың потенциалын дер кезінде көре білген ата-ана, тәрбиеші, мұғалім оны жетер жеріне жеткізіп, үлкен тұлға атануына негіз әрі себеп болатынын тағы да айтады.

2. Ерте тәрбиелеу тәжірибесі

* Автор бұл бөлімде балаға ерте жастан тәрбие берудің маңызына тоқталады. Егер баланың әкесі ғалым болса, бала да ғалым болуы міндетті емес. Кей ата-ана баланың өз жолын жалғастырғанын қалайды, бұл теріс пікір деп есептейді автор. Әрине, егер әке жолын қуамын деу баланың қалауындағы дүние болса, ешкім кедергі болмасы анық.

* Оған қоса, баланы жетік танымайтын адамға қалдыруды жөн санамайды. Қазір бала күтуші жалдап, баласын бақтыратын ата-аналар бар, олар мұны ескергені дұрыс.

Балаға не пайдалы?

* Сәби кезінде жиі қолда ұстау керек дейді. Бірақ біздің ғұрыпта «Қолға үйреніп кетеді» деп қолға ала бермейді. Автордың неге бұлай дегенін кітаптан біле аласыздар.

* Егер анасы музыкалық түйсікті қабылдай (музыкальный слух) алса, бала да музыкатануда сауатты болады деп есептейді. Бұған бірнеше тәжірибе жасап, түрлі мысал келтіреді.

* Әке баламен жиі сөйлесуі керек. Әсіресе, ұл бала. Әке мен ананың арасындағы қарым-қатынас бала мен келіннің ара-қатынасына да әсер етеді дейді, яғни бала әкеден не көрсе, сол әрекетін әйеліне де жасайды. Ал қыз – анасымен. Сәйкесінше, қыз болашақ жарына анасы әкесімен араласқандай қарайды.

* Бала тәрбиесіне жауапты адам – ана. Бала өскен соң, қатарынан қалып қойса, не қатарластары меңгерген дүниені ол білмейтін болса, бірден үлкендерді жазғырады. Себебі, қатарласының анасы оны домбыра не шахмат үйірмесіне өзі жетектеп алып барғанын біледі. Бала алдындағы жауапкершілік осыдан басталады.

* Жапон мәдениетінің біздің дәстүрмен бір ұқсастығы – толық жанұя ұстанымы. Яғни, әке, ана, ата, әже және бауырлар. Ата-ана жұмыста, бала балабақшадан не мектептен келген кезде үнемі оны күтіп отыратын атасы мен әжесі болғаны дұрыс дейді. Бір шаңырақ астында берілген тәрбие – ата-әже өнегесі мен ертегісі және әке-шешенің берері – толық тәрбие деп есептеледі.

4. Тәрбие беру принциптері

* Баланың қиялын арттыруда әкеге қарағанда ананың еңбегі зор. Түрлі ертегі, сурет, сиқыр, би, ән секілді көңілді жаттығуларды анадан артық ешкім көрсете алмайды.

* Ішкі түйсікті дамыту үшін балаға «Мына суретте кім жасырылған?» деген сынды сұрақтар қою керек. Бұл баланың интуициясын арттыру үшін септігін тигізеді.

* 3 жасқа дейін кішкентай баланы ұл-қыз деп бөлудің маңызы жоқ деп есептейді. Біздің менталитетке бұл принцип келмейтін де секілді.

* Музыкатерапия. Автор жапонның халық әндерін, классикалық әуендердің балаға берер пайдасы мол дейді. Біздің төл музыкамызда, «Алтын қорымызда» сақталған ескі әндерді бала құрсаққа біткеннен тыңдау керек. Анасының бесік жырын, сазды әндерін тыңдап өскен бала есті болып өседі.

* А4 форматындағы парақ. Балаға қағаз бен қарындаш бергенде парақтың көлеміне мән беріңіз. Бума қағаздарыңыздың ішінен А4 форматындағы парақты ұстата салмаңыз. Себебі, баланың қиялы сол 210×297 миллиметрден аспай қалады. Баланы, оның қиялын шекарамен қоршамаңыз.

* Бала оңқай болса, сол қолын да жұмыс істетуге тырысыңыз. Әдетте, оңқайлар мидың оң жақ бөлігімен ойланады, яғни стандартты ойлау қабілеті қалыптасады. Ал егер сол жақ қолымен жұмыс істеуді үйретсеңіз, миының сол жақ бөлігі қызмет ете бастайды, яғни сыни ойлау қабілеті де артады.

5. Неден қашпау керек?

* Баланы ерте жастан тәрбиелеуден. 3-ке дейінгі баланы ерте жастан тәрбиелеймін деп, арнайы дайындық мектебіне, шеберлік сыныптарына апарудың немесе өзіңіздің белгілі бір курсқа барып, тәжірибеден өтуіңіздің қажеті жоқ. Тек баламен өзіңіз ғана айналысыңыз. Бұдан қашудың, бұл міндетті ақылы орындамаңыз.

* Баланы меншіктеу дұрыс емес. «Менің балам», «жұрттың баласы» деген әңгіме салиқалы отбасында айтылмауы тиіс. Бала ешкімнің меншігі емес. Ол – елге адал қызмет ететін болашақ тұлға. Әрине, үлкен адам ретінде қараған дұрыс, еркелету өз алдына, балалығынан айырмауды да ескеру қажет.

* Ананың сенімсіздігі – баланың сенімсіздігі. Таңдауға келгенде «әлде мынау, әлде анау», «мынаны істесем, не болады, былай жасасам, не болады», «қайткен дұрыс» деген секілді сенімсіздік балаға ана арқылы беріледі екен. Бала сенімді анадан алады.

Бұл кітаптан біздің таныммен, психологиямен санаспайтын тұстар да жоқ емес. Жоғарыда атап өткендей, әрқайсысының сәйкес келетінін алу керек.

2
Рейтинг: +4

Фото: massaget.kz
Қосылған күні: 21 ақпан 2018, 17:45

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.