- Негізгі бет
- Шаңырақ
- 1 жасқа дейінгі...
1 жасқа дейінгі балаға керек ойыншықтар
Психологтардың айтуынша, ойын ойнау тек ермек үшін емес, балалардың толыққанды дамуы үшін қажет екен. Сәби айналасындағы заттармен, соның ішінде ойыншықтармен байыпты түрде таныса бастайды. Кей жағдайда «менің балам ойыншықпен онша ойнай бермейді» дейтін жас ата-аналарды естіп жатамыз. Алайда баланың әр уақытында ойнай алатын ойыншығы болатынын ескеріңіз.
Жаңа туған балаға арналған ойыншықтар
Жаңа туған кезден бір айға дейін балаға ойыншық керек болмайды. Ол кезде сәбидің барлық зейіні үлкен адамдарда болады. Бір айдан үш айға дейінгі аралықта баланың көру және есту механизмі қалыптаса бастайды. Сәби бір айлық кезінде үлкен адамның түріне тіке қарап қана қоймай, оның артынан аңдуға тырысады. Екі айда сәбиді түрлі заттар, суреттер және түсқазғаздағы өрнектер қызықтыра бастайды. Ұйықтау мен тамақ ішуден басқа бос уақыттың барлығын ол бірдеңеге қарап немесе тыңдап өткізеді. Сондықтан осы кезде балаға қарау үшін ыңғайлы материал беру керек. Ол қабырғаға немесе төбеге жабыстырылған өте ашық түсті суреттер немесе жіпке ілінген геометриялық фигуралар болуы мүмкін. Бұл уақытта балалар сары түске көп қарайды. Алайда түрлі түсті бірнеше суреттер болмауын қадағалаңыз. Себебі олар біреуіне ғана зейін аударуға кедергі болады.
Көз қозғалту координациясы – сәбидің көру мүшесінің дамуындағы келесі кезең. Оған бұл кезде арнайы көз қозғалтатын гинастика көмектеседі. Ол үшін ашық түсті сылдырмақты баланың көзінен 40 см қашықтықта ұстаңыз. Ол оған қараған кезде, ойыншықты алдымен оңға, содан соң солға (жоғары, төмен) апарыңыз. Баланың көзқарасын байқап отырыңыз. Егер ол ойыншықты жоғалтып алса, қайтадан бастаңыз. Мұндай жаттығуды ұзақ (2 минуттан аспау керек) жасатуға болмайды. Сылдырмақты арасында баланың қолына ұстатқан да пайдалы. Сылдармақ өте жеңіл және кішкентай болуы керек. Ол кезде бала сылдырмақпен ойнай алмайды. Бірақ уақыт өте ақырын ойыншықты бетіне тақай бастайды. Ол жақыннан көргісі келгенді білдіреді. Солай балада «көз-қол» координациясы дами бастайды.
А. Жапатова