Ата-әжені бақытқа бөлеу үшін

Адам қартайған сайын бала секілді еркелеп, түрлі қылықтар шығара бастайды. Психологтардың айтуынша, одан бөлек қартайған сайын жалғыздық дертіне шалдығу мүмкіндігі арта түседі. Қартын жылатпаған қазақ үшін ата-әженің орны бөлек. Ата-әжені бақытқа бөлеу үшін де жұмыстану керек.

1. Тыңдаңыз
Егер жаныңыздағы қарт адам бір нәрсені мың рет қайталаса да ренжімеңіз. Қарттық деген қызық. Жасы келген адамдар бір апта бұрын не болғанын ұмытып қалуы мүмкін, бірақ, студенттік шақтарын ұмытпайды.

2. Жаңа нәрсеге үйретіңіз
Мысалы, селфи жасау. Видео арқылы байланыс орнатуды да көрсетіңіз. Сіз жыраққа кеткен шақта, ата-әжеңізбен осылайша хабарласып тұрасыз. Әрине, заман көшінен қалмау, жаңа бір нәрсені үйрену – олар үшін үлкен қуаныш.

3. Сөйлесіңіз
Өзіңіздің күнделікті өміріңіз туралы айтыңыз. Кімдерді кездестірдіңіз, кімдермен сөйлестіңіз осының бәрін ата-әжеңізге айтып, олармен досыңыздай сырласыңыз. Қартайған сайын олардың бойын жалғыз қаламын-ау деген қорқыныш билеп алады.

4. Тұрмыс жағдайына қол ұшын созу
Ата-әжеңіз қарттықтың келгенін мойындамау үшін, ауыр заттарды көтеріп немесе үйді өздері жинастырып жүреді. Сол кезде сіз білдіртпей шаңды сүртіп, кілемді қағып немесе ыдысты жуып қойыңыз. Үлкен іс емес, бірақ, тигізетін пайдасы сіз ойлағаннан да күштірек.

5. Денсаулығын күтіңіз
Жанымызға жақын жандар ауырғаны туралы айта бермейді. Сіздердің мазаларыңызды алмасам деген оймен өмір сүреді. Сіз ата-әжеңіздің жағдайын жиі сұрап тұрыңыз. Дәрісін әкеліп, уақытылы медициналық тексерістен өткізуді ұмытпаңыз.

Жақын жандар қасымызда жүргенде біз олардың жағдайына мән бермейміз. Олар жанымызда мәңгі болатындай өмір сүреміз. Бірақ, уақыт – алдамшы. Бүгін бар, ертең жоқ. Сондықтан, ата-әжеңіз, ата-анаңыз бен бауырларыңызға деген сүйіспеншілігіңізді іс жүзінде көрсетіңіз.