Тұрмысқа шығуға дайынсыз ба?

Тұрмысқа шығуға дайынсыз ба?
Фото: Ольга Орлова

Ақ босағаның табалдырығын аттап, таңдаған адамға тұрмысқа шығу - бақытты сәттердің бірі. Сол шақтарды сізге сыйлаған құдірет, әрине, махаббат. Кездескен адам да, кездестірген сіз де қуаныштысыз.

Бірі-біріңізге деген адал, пәк сезімнің  арқасында шаңырақ құрып, оның өмірлік жары атандыңыз. Алайда, уақыт өте, жүректі кернеген махаббатың да, санаңды сан-саққа жетелеген сезімнің де ізі қалмайды. Сол сәтте, «Осымен бас қосарда көзім қайда болған, ессіз болғанмын ба мүлдем» деген реніштер пен жан айғайы маза бермеуі мүмкін. Күйеуіңізге түрлі арыз айтып, жала жауып, бар қылығына жүйкеңіз тозған сәттерде ғана, отбасын құрғаннан соң махаббаттың алауы сөніп, тек сыйластық пен адалдықтың оты міңгі болатынын сезінуге болады.

Біздің санамызда махаббатпен тұрмысқа шығу керек деген қағида қалыптасқан. Алайда махаббаттың  не екенін өзіміз де білмейміз. Ұлы сезімді кейде құмарлықпен, құштарлықпен немесе ұнату секілді сезімдермен шатастырып аламыз.  Махаббаттың не екеніне нақ жауап табатын адам көп емес. Тұрмыс құрған адамдардың дені, отбасында махаббатты сақтау үшін көп тер төгу  керек дейді. Өз қалауыңды шектеп,  жарыңның кемшілігне мән бермеу керек дегенді де алға тартады. Тіпті кейде, сізге айтылған айыптаулар мен дөрекі сөздерге жауап қатпай, елемеу керек екен. Осы мақаланы оқыған сәтте, сіз «тек менің тарапымнан шектеулер мен иілулерден тұратын бұл не махаббат?» деп таңырқап та үлгерген шығарсыз.  Халық арасында мынадай әңгіме бар.  Біраз жылдар бойы отасқан, бақытты ғұмыр кешкен отбасылық жұп бірде таңғы ас ішіп отырады. Әйелі күйеуіне: «Біздің бірге өмір сүріп, тамақтанғанымызға міне, елу жылдың жүзі болыпты. Мен осы күнге дейін саған әркез таңғы асқа тоқаш беремін. Үстіңгі тәтті кілегей жағылған қабатын саған қалдырып, астыңғысын өзім жедім. Енді бүгін сол тәтті кілегейлі тоқашты өзім жесем бола ма» деп сұрайды. Сонда күйеуі: «Әрине, қымбаттым. Мен тәтті қабатын тек сенің көңілің үшін жейтінмін. Маған кілегейсіз қабаты ұнайтын. Бірақ сенің көңіліңе қарап, мен ұнатқанды мүмкін сен де ұнататын шығар деп ойлағам» деп жауап қайырыпты. Әңгіме қызықты да күлкілі. Бірақ  бұл  бір-бірі үшін өз қалауларын шектеп, сүйіктілері үшін құнды затын сарп етуден тайынбайтын нағыз махаббаттың мысалы шығар?! Қарым-қатынас әлемінде «не ексең, соны орасың» деген заң бар. Сен біреуге жақсы ниет білдірсең, сол ниет екі еселеніп  өзіңе қайтарылады.

Жар таңдауда ең алдымен психологиялық тұрғыдан өзіңді дайындаған жөн. Шаңырақ көтергелі тұрған адаммен ең алдымен өмір бойы бірге бола аламын ба деген сауалға іштей жауап іздеу қажет. Өмірдің талай қиын да қызық сәттерін бірге бөлісуге әзірмін бе?  «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, егер өмірдің бұралаң соқпағы тиіп, ол адам арбаға таңылып қалған жағдайда, оның қиындығын бірге жеңуге дайынсыз ба? Міне, осы сұрақтарға жауап беру арқылы сіз шағын тесттен өтесіз. Тесттің шарты, тек шынайы жауап беру. Дәстүр мен салттан кенде қалмаған қазақылығымызға салсақ, әр әйелді ең алдымен «Мен оның ата-анасымен тіл табысып, сол үйдің мүшесі бола аламын ба, «Ана», «Әке» деп өз анам мен әкемдей жақын қабылдау мүмкін бе?» деген сауалдар. Міне, осыларға іштей ізденіп, жігіттің ақшасына, байлығына, көркіне сеніп, сұраққа бұлыңғыр «иә» деген жауап қайтара салмай, ақылмен саралау қажет. Бүгінгі асығыс шешім, тек қажеттіліктен туған қадам болмасын. Себебі ертеңгі күні, сізді не күтіп түрғанын білмейсіз. Ақша да, жүрегіңіз алып ұшқан бір сәттік махаббат та, жігіттің сұлулығы да отбасыңызға өмірлік азық болмайды. Бұл ретте тек, мейірімділік,  таза пейіл мен жақсы ниет қажет. Сондықтан да келін боп, басқа шаңырақтың табалдырығын аттар алдында өзіңізді тәрбиелеп, бойыңыздағы шыдамдық пен сабырлықты арттырыңыз. 

Н. Айдархан