Көрпе-жастықты қалай жуу керек?

Көрпе-жастықты қалай жуу керек?
Фото: baibai.ru

Жас отау үйлі болған кезде жиһаз, ыдыс, төсек-орын секілді қажетті жабдықтарды сатып алады. Төсек-орынның сапасына қарай жақсысын алғанмен, ол тек кірлеп, тозуға бейім. Төсек-орынға дұрыс күтім жасауға бағыттайтын кеңестерді ұсынамыз.

Жастық

Жастықты жиі жуып, біраз уақытқа іліп, кептіру керек. Себебі ол өзіне барлық шаң-тозаңды жинайды. Қауырсыннан, мамықтан жасалған жастықты қолмен не кір жуғыш машинамен жуу керек. Шаңсорғышпен микроб, кене мен шаңнан тазарта алмайсыз. Жастығыңыз үлкен болса, ішіндегі мамықты бірнеше пакетке бөліп салып, бөлек жуу керек.

Жастықты жуатын кезде ұнтақ немесе кір сабын қосу керек. Кондиционерді қолданбаған жөн, себебі оның өзіне тән иісі бар. Оның орнына өзіңізге ұнамды эфир майын қосып, жууыңызға болады.

Жастықты күн астында кептірген абзал.

Көрпе

Синтетикадан жасалған көрпені қағазында көрсетілген температурамен кір жуғыш машинамен жууға болады. Ал жүннен жасалған көрпені қолмен жуған абзал. Себебі ол жоғары температураны, қатты сығуды көтермейді. Жүн көрпеде зиянды жәндіктер пайда болмасын десеңіз, 3 айда бір рет таза ауаға шығарып тұрыңыз. Мамық пен мақтадан жасалған көрпелерді шаңсорғышпен тазартуға болмайды. Оларды далаға шығарып, қағып, тазарту керек. Ал дақтарды кетіргіңіз келсе, мүсәтір спиртін пайдалануыңызға болады.

Матрас

Матрас тез тозып кетпеуі үшін жарты жылда бір рет болсын аударып тұру керек. Тазарту үшін шаңсорғышты қолдануыңызға болады. Матрастан дақты кетіргіңіз келсе, 1:2 қатынасында тұз бен су ерітіндісін пайдаланып, тазартуға болады. Ерітіндімен дақты сулап, 30 минуттан кейін құрғақ шүберекпен тазарту керек. Жылы күндері матрасты далаға шығарып, щеткамен тазалаған абзал.

Ұқсас жазбалар:

Дәлізді таза ұстау жолы

Ас үйіңіз өзіңізге ұнай ма?

Ф. Абилова