Ас үйіңіз өзіңізге ұнай ма?

Ас үйіңіз өзіңізге ұнай ма?
Фото: planetadsp.ru

Әйел затының үйдегі өмірінің жартысынан көбі ас бөлмесінде өтетіні сөзсіз. Сондықтан оның дұрыс жабдықталуы өте маңызды. Себебі әйел адамдар сол бөлменің өзінде-ақ күніне бірнеше шақырым жүріп тастайды екен.

Ас әзірлеуге қажетті заттар қолжетімді жерде болуы үшін ыңғайлы жиһазбен жабдықтағаныңыз жөн. Кейбіреулер әсемдік үшін ашық, айналы шкафтарды ұнатады. Бұл әрине құптарлық жайт, алайда бөлме кішкентай болса, әсемдіктен бұрын, сыйымдылықты бірінші орынға қойғаныңыз жөн секілді.

Жұмысбасты жан болсаңыз, үнемі шаңын сүртіп жүруге уақытыңыз бола ма, жоқ па, оны да ойлаңыз.

Кейінгі кезде сәнге айналған фен-шуйді ас бөлмесіне қолданып көріңіз. Ол үшін тамақ пісіретін пеш пен ыдыс жуғыштың арасы тым жақын болмауы тиіс. Сол себепті пешті терезе жаққа жақын орналастырған дұрыс. Тазалықты қолдайтын фен-шуй бойынша, пеш үнемі тап-таза тұруы қажет болғандықтан, ыдыс-аяқты жуған кезде пешті де күнделікті тазартуды әдетке айналдырған абзал.

Ас бөлмесіне айна ілінбейді. Есесіне қабырғаға молшылықты білдіретін үсті түрлі тағаммен жайнап тұрған дастархан бейнеленген натюрморт ілуге болады.

Әдемілікке жаны жақын жандар әртүрлі кәдесый қойғанды қалайды. Бұларға хрусталь, фарфордан жасалған шағын бұйымдар жатады. Тек шаң-тозаңға көміліп қалмауын қадағалаңыз. Адам ағзасы үшін судың таза болғаны маңызды. Сондықтан арнайы су тазартатын қондырғы орнатып алыңыз. Ал бөлме шағын болғандықтан, қондырғы қоятын мүмкіндік болмаса, су тазартатын ыдысқа алдын ала құйып отыруды ұмытпағаныңыз жөн.

Ас бөлмесі күн жақта орналасса, терезеге жалюзи қондырған дұрыс, себебі жазды күндері тал түсте күн шақырайып, бөлменің ішін ысытып жібереді. Көлеңкелі жақтағы терезеге жұқа перде ілсеңіз, бөлменің іші қараңғыланбай, жарық болып тұрады.

Үстел мен орындықты отбасындағы жандардың барлығы бір уақытта отырып, тамақтануға болатындай ыңғайлы жерге қою керек.

Қоқыс қалдықтарын бірнеше күн бойы жинамай, уақытылы төгіп отыруды ұмытпағайсыз.

Ұқсас жазбалар:

Үй жиһаздары қандай ағаштан жасалғаны дұрыс?

FlyLady болғыңыз келе ме?

Ф. Абилова