Өлімге ертегі айтып барған жазушы

Өлімге ертегі айтып барған жазушы

Massaget.kz әрқашан да жақсылыққа, ізгілікке шақыратын тәмсілдер мен мысалдарды ұсынып отырады. Бүгін Януш Корчак туралы айтамыз. Януш поляктың көрнекті ұстазы, жазушы, дәрігер әрі қоғам қайраткері. Ол өзгені құтқарып қалу үшін өзінің өмірін аман сақтап қалудан үш рет бас тартқан адам.

Алғашқы жолы Януш Польшаны жау басып алған кезде өзгелермен бірге көшіп кетпей, жетімдер үйінің балаларымен бірге қалып қояды.    

Екінші жолы ол варшавалық геттодан қашып кетпей, өз отанында қалады.

Ал үшінші кез оның батылдығын көрсететін оқиға еді. Жетімдер үйінің балаларын лагерьге жеткізу үшін оларды вагондарға тиеп жатады. Сонда жау арасынан бір офицер Янушты бөлек шығарып: "Мен сізді танимын. «Король Матиуш» деген шығарманы сіз жаздыңыз ғой? Мен бұл кітапты бала кезімде оқып, қатты ұнатқам. Сіз боссыз. Мен сізді жіберемін", - дейді. Сонда ол: "Балалар ше?", – деп сұрайды. "Балалар лагерьге кетеді. Ал сіз вагоннан түсіп қалуыңызға болады", –дегенде «Қателесесіз. Олай ете алмаймын. Барлық адам оңбаған емес», – деп жауап берген екен.

Ал осы оқиғадан кейін аяулы ұстаз Треблинка концлагерінде бірнеше күн өткен соң өзімен бірге келген балалармен бірге газ толған камераға кіреді. Өлімге балалармен кірген кезде ол екі қолымен екі бөпені ұстап алып, оларды алдандырып ертегі айтып беріп жатып қаза тапқан.

Қиын-қыстау заманда Корчактың адамдық қасиеті әрқайсымызда да табылсын деген оймен оның жас ата-аналарға берген 10 өсиетін ұсынамыз:

Януш Корчактың жас ата-аналарға қалдырған өсиеті

1. Балаңның өзің сияқты немесе өзіңнің қалағаныңдағы адам болғанын күтпе. Оның сен сияқты емес, өзі болып қалуына көмектес.

2. Баладан оған жасаған жақсылығыңның қайтарымын күтпе. Сен оған өмір сыйладың, ол саған қарызын қалай қайтара алмақ? Ол өзгеге өмір сыйлайды, ал өзгесі тағы біреуге сыйлайды – бұл қайтарымсыз алғыс заңы.

3. Қартайғанда қатты нан жеп отырғың келмесе, өзіңнің ренішің мен өкпеңді балаға таңба. Не ексең, соны орасың.

4. Оның қиындықтары кезінде оның деңгейіне түсіп, көмектес. Өмір әркімнің өз әлінше тіршілік етуіне берілген. Сенің көріп жатқан қиындығыңды ол да көруі мүмкін. Тіпті оның қиындығы сенікінен артық. Себебі, оның тәжірибесі жоқ.

5. Қорлама! 

6. Ұмытпа, адамның ең маңызды кездесуі – оның баласымен кездесуі. Оларға көп назарыңды салудан ерінбе. Баланың қандай болып өсетінін білмегендіктен, біз кіммен кездесетінімізді біле алмаймыз.

7. Балаңа жақсылық жасай алмасаң өзіңді қинама, бірақ есіңде болсын: мүмкіндігің болып тұрса да балаға әйтеуір бірдеңе жетпейді.

8. Бала – сенің өміріңді тартып алатын тиран. Дәл осы мүмкіндік саған өмірде берілген ең үлкен сый – сен сол сыйдан от шығара алуың керек. Бұл әке мен ананың махаббаты. Оның жанын ата-ана сақтауға алады.

9. Бөтен адамның баласын да жақсы көріп үйрен. Өз балаңа нені қаламасаң, өзгенің баласына да соны жасамауға тырыс.

10. Балаң қандай болса да: дарынсыз, қабілетсіз, бақытсыз, тіпті есейген кезінде де – жақсы көретін бол. Баламен сөйлескенде қуанатын бол, себебі бала сенің мерекең. Әзірге сенде бұл мереке бар.

А. Құлтай