Ою-өрнек – рухани өмірдің айнасы

Ою-өрнек – рухани өмірдің айнасы

Сан қырлы ұлттық өнеріміздің бір саласы – ою-өрнектер дер едік. Үңіле білгенге бұл өнердің тылсым сырлары жетерлік. Ою-өрнек – ұлтымыздың мәдени дамуының шежіресі, халықтың өткен тарихы – рухани, мәдени-материалдық өмірінің айнасы. Жаныңа ләззат сыйлайтын эстетикалық мәні зор бұл өнердің адам баласына берері мол.

Десек те, сол ұлы өнеріміз тасада қалып бара жатқандай көрінеді. Кезінде халық өмірінің негізгі бөлшегіне айналған ою-өрнек түрлерін көпшілігіміз тани бермейміз. Осы орайда сіздерді қазіргі таңда көп атала бермейтін ою түрлерімен таныстырып өтсек дейміз.

Тұмарша көне дәуірден тіл көзден кесір-кесапаттан сақтайтын киелі ұғым болып қалыптасқан бұйым. Тұмарша ою-өрнегі үшбұрыш үлгілес болып келеді. Кілем бұйымдарының жиегінде киіз, кілем, текеметтің орта тұсын көмкеруде кездеседі.

 

Қос дөңгелек. Қазақ ою-өрнегінде геометриялық үлгінің жекеленген түрлері өте көне заманнан бері сақталған. Ол негізінен аспан әлемінде Күн мен Ай сынды ғаламшарлардың тылсымынан туған болуы керек.

 

Балта – халқымыз тұтынған көне құралдардың бірі. Әрі қорғаны, әрі күнкөріс құралы. Сол себептен бұл ою көбіне төсеніш, сырмақ, алаша сынды бұйымдарға салынады. Қызыл қоңыр, көк, қара түстерге боялады.

 

Қарға табан. Қарға түскен небір айшықты іздердің негізінде пайда болған. Түскиіздер мен алашаларда жиі кездесетін бұл өрнек геометриялық және зооморфтық үлгідегі ою бедерлерін біріктіру негізінде қолданылады. Негізінен көк, сары, қызылы, қоңы түстерге боялады.

 

Ит құйрық. Ит құйрық табиғат түрлерін шығармашылықпен бейнелеу үлгісінен туған. Мұндай оюлар төрт түлік малға, мал күту рәсіміне байналысты бұйымдарда, шығармаларда қолданылып жатады.

 

Гүл ою-өрнегі барлық гүл түрін тұспалдайды. Бұл өрнектің түрі қолөнер бұйымдарында үш жапырақтан басталып, он екі жапырақты ою-өрнекке дейін кездеседі Кесте тіккенде және киім-кешектердің жағасына, қалтасына, жиектеріне салады. 

 

Ирек, су. "Бұлақ көрсең – көзін аш" деп өсиет қалдырған ата-бабамыз суды өмір нәрі, тіршілік көзі деп түсінген. Бұл өрнек те сол қадір-қасиеттің айғағы. Ирек, су өрнегі көбіне көгілдір, көк сия түстерге боялады.

 

Ботакөз. Ботаның көзі іспеттес келетін бұл өрнек көбіне оюлы бұйымдардың жиектері көмкеруде қолданылады. Әсем өрнек композицияның орталық бөлігінде де кездесе береді, ою бірнеше рет қайталанғанда жиектеме түзейді.

 

Бес таңба. Оюдың бұл түрі дүниенің төрт бұрышын шартты түрде бейнелеу ұғымын білдіреді. Сондықтан да, дүние жүзі халықтарының шығармалары және ТМД халықтарының еңбектеріне қойылып жатады.

 


Омыртқа – жалпы дене бітіміндегі ең негізгі мүше. Қиымл, іс-әрекеттің барлығы дерлік осы арқылы жасалады. Осы анатомиялық қасиеттер өрнекте сақталып қалған. Яғни, ою композицияның орталығында да, жиегінде де кездесе береді.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: russian.ts.cn және журнал беттерінен алынды