Құнтты қожайынға кеңестер

Құнтты қожайынға кеңестер

Кейбір тұрмыстық заттарды өзінің бастапқы міндетінен өзге, басқа мақсаттарда пайдалануға болатыны рас. Алайда, дәл қандай мақсаттарда екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Қиялымыз бен тапқырлығымызды қоссақ, кейде тіпті қажет емес көрінген заттардың өзін бір пайдамызға асыруға болады екен.

1. Сусабынның басқа қыры. Сыдырма ілгек жүрмей қалса, мақтаға бір тамшы сусабынды тамызып, ілгекті сулаңыз.

Былғары етікті жаңарту үшін шүберекті сусабынмен сулап, сүртіңіз.

2. Тыныштандыратын ванна үшін ½ стақан сұлы жармасын блендерде ұсақтап, дәке қалташасына ораңыз да 3 тамшы хош иісті май тамызыңыз. Қалташаны берік қымтап, ванна толғанша су ағынының астына іліп қойыңыз.

3. Апельсин қабығын алауошақ немесе пешті жағу үшін пайдалануға болады. Бұлар қағазға қарағанда отты жақсы жағады.

Үйді цитрусты хош иіске бөлеу үшін кастрөлге бес апельсин қабығын салып, екі стақан су құйып, баяу отта 2-3 сағат қайнатыңыз. Ара-арасында су құйып отырыңыз. Бұл үйдің ауасын тазартады.

Дене терісін жұмсарту үшін ваннаны суға толтырып, бірнеше апельсин қабығын салыңыз. Теріңіз ванна қабылдаған 20 минутта баланың терісіндей жұмсарып шыға келеді.

4. Шампан тығыны не үшін қажет болуы мүмкін? Егер орындық еденді сыра беретін болса, тығынды домалақтап кесіп, орындықтың аяғына желіммен жабыстырып қойыңыз.

Тығынға инелерді тығып қойыңыз. Өте ыңғайлы және тот баспайды.

5. Егеуқұм қағазының пайдасы. Егер құтының қақпағы сіресіп қалса, оны егеуқұм қағазымен орап, ашып көріңіз.

Өтпей қалған қайшымен егеуқұм қағазын ақырындап кесіңіз. Бұл қайшының қиятын ернеуін қайрайды.

Жемпірге кесек саз жабысып қалса, егеуқұм қағазымен бір бағытта үгіңіз.

6. Жұқалтырдың пайдасы. Есікті сырлап жатқанда топсаны жұқалтырмен қаптап қойсаңыз, топсаға сыр тимейді.

Қатып қалған нанды жұқалтырға орап, 180 градуста ысып тұрған духовкаға 10 минутқа салыңыз. Нан бір мезетте жұмсарып шыға келеді.

Ет пен балықты өз шырынында пісіру үшін оларды жұқалтырға орап, духовкада пісіріңіз.

7. Бордың пайдасы. Металл заттарды жылтырату үшін ұнтақталған борды сулы шүберекке жағып, металды тазалаңыз. Кейін таза шүберекпен қайта сүртіп шығыңыз.

Шкаф немесе шоландағы дымқылдықты кетіру үшін 5-7 кішкентай борды шүберекке орап, дымқыл тұсына іліп қойыңыз. Бор дымқылды сіңіріп алады. Бір айдан соң байламды жаңартыңыз.

Құмырсқаларды қашыру үшін босағаны бормен сызып қойыңыз. Құмырсқалар бордың құрамындағы кальций карбонатын ұнатпайды, сондықтан кетіп қалуы мүмкін.

Сурет: helpful-advice.r, scienceblog.ru, luchshaya.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina