Сүйікті сүлгіңізді құтқарыңыз!

Сүйікті сүлгіңізді құтқарыңыз!

Әрбіріміздің үйімізден түктен жасалған сүлгілер, халаттар, басқа да киімдер табылып жатады. Алайда, олардың бірнеше рет кір жуғыш машинаға кіріп шыққаннан кейін, бастапқы жұмсақтығынан айырылып, жарамсыз болып қалатындығын байқаймыз. Бүгінгі кеңестер осындай жағдайға тап болған ханымдарымызға арналады.

Сонымен, түкті сүлгілерді қалай жұмсартуға болады?

1. Түктен жасалған бұйымдар (халаттар мен сүлгілер) кір жуатын ұнтақтарды жақсы көре бермейді. Егер олардың көңілін қалдырғыңыз келмесе, сұйық келетін жуғыш құралдарды пайдаланыңыз.

2. Ондай мүмкіндігіңіз болмаса, қосымша шаюдың тәртібін орнатыңыз. Бұл түкті сүлгілерді бойындағы жуғыш құралдардан толықтай арылтады.

3. Сондай-ақ, түкті бұйымдарды суды қатты үнемдеу режимінде және қатты айналымда жууға болмайды (жіптері кір жуатын машинаның қабырғаларына іліп қалады). 

4. Сүлгілер мамық, үлпілдек болсын десеңіз, жарты сағат тұзды суға салып қойыңыз, ал өте ескі әрі қатайып қалғандарын тұзды сумен жуып, тұзды сумен шайыңыз.

5. Түкті сүлгілер таза ауаны да сүйеді. Сол себепті, оларды далада кептіруге тырысу керек.

6. Дүкендерден мамық пен түктерді машинада уататын арнайы дөңгелектерді тауып алған жөн. Бұл химияның көмегінсіз қауырсындар мен түктерді қопсытудың жалғыз табиғи жолы.

7. Шаюға арналған қарапайым құралдарды барынша сирек қолданыңыз. Олар сүлгілерді қатты етеді.

8. Түрлі-түсті сүлгілерді бір мезгілде жуған абзал, осылайша олар бірдей өңсізденетін болады.

9. Ең дұрысы – ақшаңызды үнемдеместен сапалы, бағасы қымбат сүлгілерді алу. Фирмалық бұйымдар жуып-шаюды жақсы көтереді және ұзақ уақыт бастапқы қалпында сақталады.

10. Түктен жасалған бұйымдарды үтіктеуге болмайды. Қымбат заттарда осыны ескертетін биркалар болуы керек. Тіптен болмағанда, булы щеткаларды пайдаланып көріңіз.

11. Сулы, пайдаланылған сүлгілерді кір жуатын ыдысқа тастай салмаңыз, олар жағымсыз иіс шығарып, көгеріп кетеді. Оларды бірден жуып, кептіріп қою керек.

12. Түкті заттарды ешқашан қайнатушы болмаңыз!

 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: textileoptom.ru