Қатты қиналып жүрмін

Сәлем, достар! Іштегі сырды тірі жанға айта алматын кездер болады. Бірақ бұл жерде бір-бірімізді танымайтындықтан, сыр бөлісу оңай екен.

Менің жасым 19-да. ҰБТ-дан төмен балл алып қалғандықтан, оқуымды сырттай оқып жатырмын. Өзіміз үш ағайындымыз. Мен – үш қыздың ішіндегі үлкенімін. Әкем үйге ішіп келіп, анамды ұрып-соғады. Бізге де ауыр сөздер айтады. Осы күнге дейін талай рет ренжітті. Осыншалық қатігез болса да, оның өзімді ерекше жақсы көретінін білемін. Сау кезінде сөзімді сөйлеп, жақтап отырады.

Анам екеуіміз мүлдем тіл табыса алмаймыз. Ана мен қызы болып сыр шертіспегенбіз. Ауылда тұрамыз. Анам ауылда қалғанымды қалайды. Ауылда барлығы бір-бірін аңдып отыратындықтан, қалаға кетуге асығамын. Оның үстіне сыныптастарым қалада білім алып, жан-жақты дамуда. Мен болсам, ауылда жүрмін. Қалаға барып жұмыс істеп, жыртығымды бүтіндеп жүр едім, анам ауылға шақырып алды. Тағы шыдамай басқа қалаға барып, администратор, маникюр, педикюр курстарын оқыдым. 3 жыл бойы соңымнан жүгірген жігітпен жүре бастадым. Менің жанымды түсінеді. Анам телефон арқылы балағаттап, ауыр сөздер айтқан соң ауылға қайтып келуіме тура келді. Ол кісінің денсаулығы нашарлағандықтан, ота жасаттық. Қазір жағдайы жақсы. «Ауылда аудан жақтан жұмыс тауып беремін» дейді. Өз басым қарсымын. Қалаға деген қызығушылығымды айналамдағылар, тіпті отбасым да қыдыру, ешкім жоқ жерде ойына келгенін жасау деп түсінетін сияқты. Кейде анам «Сен жігітке бола кетіп бара жатырсың» деп ар-намысымды таптайды.

Мәселе менің қалаға барып еркін өмір сүруімде емес, ауылда қалып өзімді дамыта алмай қалатындығымда. Қалада оқитын сыныптастарым өздерін ұқыпты ұстайды. Мені менсінбейді. Құрбы-құрдастарыммен қатар өмір сүргім келеді. Іштей көп нәрсеге қол жеткізгім келеді. Алайда анамның сөзінен аса алмаймын. Күн сайын жылап жүрмін. Не істерімді білмеймін. Ақыл-кеңес айтыңыздаршы! Өтініш... Алдын ала рақмет!

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com.