Анам табыстаған жүзікті жоғалттым

Анам табыстаған жүзікті жоғалттым

Бала күнімнен алтын бұйымдарды тағуды ұнататын әдетім бар еді. Анашым 16 жасыма әжемнің көзі деп сақтарсың деп алтын жүзік сыйлады. Сыйлықтың бағасына аса мән бермейтін мен үшін қуанышты хабармен тең болды. Өйткені көненің асыл бұйымдарын жинауды жақсы көремін, бір шетінен 5 қыздың ішінен маған ұсынғаны үлкен мәртебе еді.

Күні кеше сүйіктіммен Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының алдында кездесеміз деп уәделестік. Үйіме жақын болған соң вокзал арқылы қысқа жолмен баруды жөн көрдім. Бара жатқанымда сыған қызы жолымды бөгеді. «Сенің бір көзіңде крест белгісі тұр. Үйіңнен жылан табылған екен» деді. Расымен де, атам ауырып жатқан кезде біреу үйіміздің ауласына өлі жылан тастап кеткен еді. «Және аяғың қатты ауырып жүр. Бұл ауру әкеңнен берілген» деді. Ол да рас еді. Осылайша сөйлесіп тұрғанымда сыған қызының арт жағынан сүйіктім де шыға келді.

Күзде жауын-шашын көп болса да, ғашықтарға еш әсерсіз екен. Әсіресе, Б мырза екеуімізге. Кездесе салысымен театрға қарай бет алдық. Қойылым ерекше әсерге бөледі. Шыққан соң ортақ достарымыз біздерді күтіп алды. Б мырза маған үйленуге ұсыныс жасады. Қолыма сақинаны таға берген кезде қатты жылап жібердім. Өйткені әжемнің жүзігін жоғалтып алғанымды байқадым. Барлығы мені қуаныштан жылады екен деп ойлады. Қазір бақыттымын, бақытсызбын. Сонша уақыттан бері отбасымыздың мұрасы болып келе жатқан дүниеге ие бола алмағаныма қатты қапалымын. Құдды от пен судың арасында жүргендеймін. Ертең анашым сұрап қалса не деп айтамын? Сыған қызы менің өмір туралы ол деректерді қайдан білген? 

Автор: Құпия қыз

Сурет: nonstop photo

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

Қ. Бүйенбай