Неліктен кей ер адамдарға өзінен үлкен әйелдер ұнайды?

Неліктен кей ер адамдарға өзінен үлкен әйелдер ұнайды?

Махаббат жасқа қарамайды. Оны шоу-бизнес жұлдыздары да дәлелдеп жүр.  Көпшіліктің ойынша, жұпта ер адам әйелден үлкен болуы керек. Алайда қазір жұпта әйелдің еркектен үлкен болуы да жиі кездеседі. Неліктен кейбір ер адамдарға өзінен үлкен әйелдер ұнайды? Massaget.kz тілшісі отбасылық психолог Аяулым Өмірғалиқызының пікірін алды.

Барлық жағдайда емес, бірақ көбіне ер адамды өзінен үлкен әйелдің мынадай қасиеттері баурап алады:

- Жасы үлкен әйелдер өмірден не қалайтынын біледі;

- Өмірлік тәжірибесі бар;

- Өмірге көзқарасы басқаша;

- Өзін-өзі бағалауы жоғары;

- Талғамы жақсы;

- Жақсы әңгімелеседі;

- Жас қыздарға қарағанда қамқор келеді;

- Тамақты жақсы пісіреді;

- Сабырлы әрі салмақтырақ;

- Үлкен әйел "жабыспайды".

Психолог Аяулым Өмірғалиқызының айтуынша, көпшілік қыздар "әйел болуды" білмейді.

"Психологиялық тұрғыда қарайтын болсақ, нәзік жандыларда "қыз", "әйел" және "апа" процесі болады. Ал көп әйелдер "қыз" процесінен бірден "апа" процесіне өтіп кетеді. Олар "әйел болуды" білмейді, оны үйренбеген", - дейді психолог.

Маман қыздардың "әйел бола алмауына" көптеген факторлар әсер ететінін айтты.

"Қандай да бір қызға "әйел болу" қиын болуы мүмкін. Мысалы, анасы қиналған немесе таяқ жеген, әкесі анасын тастап кеткен немесе көзіне шөп салған, осының бәрін қыз көрген болса, ондай қыз әйел болғысы келмейді. Ол бірден апа жағдайына өтіп кетеді. Мұндай типтегі әйелдің қасындағы еркек те дамымайды. Мысалы, ол ақша таппайды және т.б", - деді ол.

Психолог Аяулым Өмірғалиқызы әр әйелге өз-өзімен жұмыс істеуге және өзін жақсы көруге кеңес берді.

"Ер адамды әйелдің энергиясы тартады. Әрине, барлығы емес, бірақ жасы үлкен болса да, кей әйелдер "әйел болуды" біледі және өздерінің әйелдігін жақсы көреді. Сондықтан да оларға еркектер тартылады", - деп қорытындылады психолог.

Осыған дейін ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы отбасылық өмірге қалай әсер етуі мүмкін екенін жазған болатынбыз.

А. Жапатова