Ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы отбасылық өмірге қалай әсер етуі мүмкін? Психолог жауабы

Ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы отбасылық өмірге қалай әсер етуі мүмкін? Психолог жауабы
Фото: ru.freepik.com

Қоғамда өзіне серік етіп жас қыз таңдайтын ерлерге немқұрайды қарайды да, ал әйелдің жасы еркектен үлкен болса, мұндай жұптарды сынайды. Жалпы, көпшілікте отбасыда ер адам үлкен болу керек деген пікір қалыптасқан. Бұл кей адамдар үшін бұзуға болмайтын заң секілді. Алайда жасы үлкен барлық еркек бірдей физикалық дамыған және ақылды деп те айта алмаймыз. Десе де, қоғамға қарсы шығу оңай емес. Бұл стереотипке қарсы шыққан жұптар, яғни күйеуі әйелінен кіші ерлі-зайыптылар үнемі достарына, жақындарына, көршілеріне және әріптестеріне өздерінің бақытты екенін дәлелдеумен болады. Психологиялық тұрғыда ер адамның әйелден кіші болуы отбасылық өмірге қалай әсер етеді? Бұл жайлы психолог Аяулым Өмірғалиқызы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мұндай қарым-қатынасты көбіне әйелдер талқылайды. Ал ерлер оған бейтарап көзқараспен қарайды. Ер адам әйелді жақсы көрсе, ол жай ғана жақсы көреді. Ал әйелдер ары қарай не болатынын ойлаумен болады.

Психологтың айтуынша, отбасылық өмірде ерлі-зайыптылардың жасы аса маңызды рөл атқармайды.

"Жолдасының жасы кіші болуы отбасылық өмірге мүлдем кедергі болмайды. Кей қыздар ол менен үлкен болса, мен оны сыйлаймын, ол мені еркелетіп жүреді, біз ұрыспайтын боламыз, бір-бірімізді сыйлап жүреміз, ауыр сөз айтпаймыз деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Бұл жерде жастың еш қатысы жоқ. Сол секілді күйеуінің жасы кіші болуы да маңызды емес. Бұл жерде маңыздысы - сезімдер. Жас ол жай ғана сан. Мысалы, еркектің жасы кіші болғанымен, оның ішкі жан дүниесі өскен болуы мүмкін. Немесе жасы үлкен адамдар бар, бірақ ішкі жан дүниесі өспеген, әлі бала сияқты. Сондықтан әңгіме жаста емес", - дейді психолог.

Маман сондай-ақ әр адамның өзін қалай сезінуі, ұстауы және оның энергиясы маңызды екенін ескерте өтті.

"Мысалы, жасы кіші әйелдер бар, бірақ қасына жақындағанда үлкен әйелдердің энергиясы сезіледі.  Сол секілді 50-53 жастағы әйелдерді білемін. Бірақ қасына барсаң, жас қыздың энергиясы сезіледі. Мұндай әйелдің жанына барған еркек одан әйелдің емес, жас қызды көреді. Оларға жас қызға ұқсап қарайды. Сондықтан да жас рөл ойнамайды. Оның ішкі жағдайы, өзін қалай сезінетіні, энергиясы маңызды рөл атқарады. Мысалы, менің ойымша, Ерке Есмахан, Кәмшат Жолдыбаевалардың энергиясы жас", - деп түсіндірді Аяулым Өмірғалиқызы.

Аяулым Өмірғалиқызы ер адамның жасы әйелден кіші болса, қарым-қатынаста қандай қиындықтар болуы мүмкін екенін айтты.

"Қиындық қай уақытта туады? Біріншіден, әйел адам өзін үлкен сезінеді. Яғни, ол жас туралы ойлай береді, әркімнің сөзін өзіне жақын қабылдайды және жолдасына да сол жайлы айтып, көңілі түсіп жүреді. Ал егер ол өзін жас сезінетін болса, қиындық туындамау керек.

Екіншіден, ер адамның жауапкершілігі жоқ. Жасқа қарамастан қай қарым-қатынаста болсын, әйелі үшін жауапкершілік ала алатын, оған қолдау көрсететін, оны құрметтейтін ер адам болғаны жақсы. Егер еркек жасы әйелден кіші болса да, ересек кезге өскен, жауапкершілік ала алатын, жарын қамқорлығына ала алатын болса, қарым-қатынаста проблема туындамауы керек. Мысалы, Ерке Есмаханның энергиясы жас, серігіне еркелеп жүреді, өзін еркін ұстайды. Ал оның күйеуі оған қамқорлық ететін, ол үшін жауапкершілік алатын еркек болып тұрса, онда олар бір-біріне сәйкес келеді деген сөз", - деп қорытындылады маман.

Жұпта ер адамның жасы әйелден кіші болса, оның әйел адамға пайдалы тұстарын айта өтейік:

Күтімді көрінетін боласыз

Кез келген ғашықтық адамның жарқырап жүруіне ықпал етеді. Оған қоса, серігіңіз өзіңізден жас болса, ол сіздің сымбатты әрі күтімді болып жүруіңізге ынта береді.

Позитивті бола түсесіз

Ер адам жас болса, ол әлі өмірден шаршап, адамдардан көңілі қалып үлгерген жоқ. Ол әлемге позитивті көзқараспен қарайды. Жаныңызда жүрген адамның көңіл күйі "жұқпалы" екенін ескерсек, сіз де позитивті болып жүруіңіз мүмкін.

Сенімді бола түсесіз

Жаныңызда сіздің ішкі жан дүниеңізді түсінетін адам болады. Егер жас айырмашылығы біраз болса, ол сіздің тек сырт келбетіңізге емес, сіздің тұлғалық ерекшелігіңізге де ғашық болды. Яғни, ол жасына қарамастан психологиялық тұрғыда есейген. Ол сізді қызық адам ретінде бағалайды.

Сізге көпшілік қызығады

Қоғам қалыптасып қалған стереотиптерге қанша бағынса да, іштей сізге қызығатын болады. Сіздің батылдығыңызға, ерекшелігіңізге таңғалады.

Ол сіздің жетістігіңізді қызғанбайды

Құрдас немесе үлкен ер адам сіздің мансаптық және қаржылық табысыңызды өзінікімен қызғана салыстыруы мүмкін. Егер сіз одан озып кетсеңіз, бұл ол үшін қиын болуы мүмкін. Ал серігіңіз жас болса, ол сізді түсінуі мүмкін: сізде оған қарағанда  мансап құруға және қажетті дағдыларды меңгеруге көбірек уақыт болды.

А. Жапатова