Қатал ата-анасыз ба? Тексеріп көріңіз

Қатал ата-анасыз ба? Тексеріп көріңіз
Фото: health.kompas.com

Біз жақсы тәрбиеленген бала — тәртіпті бала деп санап үйренгенбіз. Қатаң тәрбие балалардың жақсы әрекетіне әкеледі деген ой да бар. Сол үшін жүрек қалауымен емес, принципке бола  керек емес жерде қатаңдық көрсететін ата-аналар бар. Олар балаларын көп нәрседе шектейді. Ол баланың ашылуына мүмкіндік бермейді, бала әлсіз және ынжық болып өсуі мүмкін. Балаға қатаң екеніңізді қалай түсінуге болады?

1. Ереже өте көп

Өте қатал ата-анада ереже көп. Дастархан басында, қонақта, далада, мектепте, үйде, үй міндеттерін бөлісіп алуда, киімдерді таңдауда, ойын түріне және т.б нәрселерге ереже қойылады. Ереженің өте көп болуы зиян. Біріншіден, олардың бәрін бала түгіл ересекке де сақтау мүмкін емес. Ал екіншіден, ереженің көп болуы адамды үнемі күйзелісте ұстайды. Одан да шынымен де маңызды деген бірнеше ереже болғаны жақсы.

2. Баланы жиі қорқытасыз

Әдетте, қатал ата-аналар олардың ережелері орындалмаса, баланы қорқытуға көшеді. Ата-ана баланы далаға ойнауға шығармайтынын, оны балалар үйіне беріп жіберетінін немесе "полиция ағай" алып кететінін айтады. Бірақ баланы бұлай қорқыту оның психикасына зиян келтіруі мүмкін. Балаға таңдау құқығын беріп, оның пікірімен санасу керек.

3. Балаға қателесуге мүмкіндік бермейсіз

Бала қателессе, қатал ата-ана оған ұрсады және кейде ұрады. Бала әр қателік жіберген сайын оған ұрсатын болсаңыз немесе жазалайтын болсаңыз, ол сізді жек көретін болады. Сіздің мұндай әрекетіңізден өзіне сенімсіз және ашуланшақ бала өседі. Бала қандай да бір қиындыққа тап болса, сізден көмек сұрауға қорқатын болады.

4. Бала аз ойнайды

Қатал ата-ана баланы жүктеп қояды. Ол көптеген үйірмелерге барады, көп оқиды және т.б. Бірақ балада өз құрдастарымен ойнауға, әңгіме айтуға, қиялдауға және армандауға уақыт болуы керек. Бұл балаға өте пайдалы.

5. Тек бұйырып сөйлейсіз

"Киін", "тез тауысып қой", "жина", "отыр"... Қаншалықты жиі бұйырып сөйлейсіз? Оның орнына жұмсақ түрде баланы бағыттауға тырысыңыз. Бала өтінішіңізді орындаса, рақмет айтуды ұмытпаңыз және кей сұрақтарда оның пікірін сұраңыз. Бұл арқылы бала өзін маңызды сезінетін болады. Ал ол оның өзін-өзі бағалауын арттырады.

Сөзсіз, көптеген жағдайда ата-ана қатаңдығы мен жүйелілігі керек. Өз интуицияңыз бен аналық жүрегіңізді тыңдаңыз. Олар сізге рұқсат беру мен қатаң тәрбие арасындағы тепе-теңдікті табуға көмектеседі.

А. Жапатова