Көз, құлақ, қол. Сіз қай топқа жатасыз?

Көз, құлақ, қол. Сіз қай топқа жатасыз?
Фото: Emilio Villalba/ignant.com

Адамдар ақпаратты қабылдауына қарай 3 топқа жіктеледі: аудиал, визуал, кинестетик. Өзіміз туралы жақсы білу үшін олардың әрқайсын жеке талдайық.

Аудиалдар 

Аудиалдар ақпаратты құлақпен қабылдайды. Бұл өте сирек кездесетін жандар. Олардың есте сақтау қабілеті мен есту мүмкіндігі өте жақсы дамыған. Біреуді тыңдағанды жақсы көреді.

Сырт көзге аудиалдар қырсық, еш өзгермейтін адам болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл жалған, себебі аудиалдар өте мейірімді келеді. Кез келген уақытта тыңдап, кеңесін айтады.

Аудиалдар әлемі музыка мен ырғақтан, мелодиядан тұрады. Оған барлық тақырып қызықты. Адамдармен сөйлесу үшін себеп іздейді. Аудиалдардан тамаша дәріскер, музыкант және психолог шығады.

Жиі айтатын сөздері:

– менің не айтатынымды тыңдаңызшы;

– сіздің даусыңызды естігеніме қуаныштымын;

– бұл дыбыс менің жыныма тиеді;

– былайша жаман ұсыныс емес;

– ол бұл сөзімен не айтқысы келді екен.

Визуалдар

Визуалдар айналасында жүзеге асып жатқан құбылыстарға терең үңіліп, ақпаратты көзбен қабылдауға бейім. Олар көз алдына картинаны елестетіп, оны сипаттап бере алады. Әңгімені де жақсы айтады. Визуалдарға бір нәрсені түсіндіру үшін сурет, графика, кесте ұсынған абзал. Осылайша ақпаратты жылдам әрі жақсы түсінеді.

Визуалдар үшін көзге көрінгеннің бәрі әдемі болуы маңызды. Үстіне ыңғайсыз болса да, көпшіліктің көңілінен шығатын киім кигенді ұнатады. Әңгімелескенде көзге қарайды.

Жиі айтатын сөздері:

– мен көріп тұрмын;

– анаған қарашы;

– мына жерден жақсы көрінеді;

– көріп тұрғаныңыздай.

Кинестетиктер

Кинестетиктер қоршаған ортаны ерекше сезініп, ақпаратты қимыл-қозғалыс, құшақтау арқылы қабылдайды. Олар еш уақытта сезімін жасыра алмайды. Қойылған сұраққа қысқа да, нұсқа жауап береді. Шешімді сезімдеріне сүйене отырып қабылдайды.

Кинестетиктер ыңғайсыз киімді мүлдем кимейді. Әңгіме барысында қолыңыздан ұстап жағдайыңызды сұрайды. Жанында тұратын адамға өте жақын тұрады. Жан дүниесіне тек "таңдаулы" адамдарды ғана кіргізеді. Кез келген нәрсені қолмен ұстап, иісін иіскеп, қозғалтып барып таниды.

Жоғарыда айтылғандар кинестетиктер қозғалуға бейім адам емес, ақпаратты қабылдау объектісі – дене екенін білдіреді.

Бір нәрсені өздері жасап көрмейінше түсінбейді. Жоспар, арман, мақсат сынды сөздерді мүлдем ойға алмайды. Олар үшін тек сезім маңызды рөл ойнайды.

Жиі айтатын сөздері:

– қарым-қатынасқа түсу;

– сезіп тұрмын;

– бір нәрсені ұстап алу;

– қол ұстасу;

– өзіңді бақылау;

– сабыр сақтаңыз.

Ал сіз өзіңізді қай топқа жатқызасыз?

Г. Берік