- Негізгі бет
- Психология
- Отбасыдағы қарым-қатынасты жаңартуға...
Отбасыдағы қарым-қатынасты жаңартуға 5 кеңес
Ұзақ уақыт кездесуде немесе отбасылық өмірде жұптар арасындағы қатынас жиі өзгеріске ұшырап жатады. Өмірге сәби келген соң да, біраз уақыт өтсе де, барлық көңіл мен зейін балаға беріліп, кейде бір-бірі туралы ұмытып кететін де сәттер болады. Жұптар арасындағы берік қатынастың болуы өмірде үлкен рөл атқарады. Себебі бір-біріне көңіл аударып, қамқор бола білген жұптар кез келген қиындықты бірге өткере алады. Бір-біріне деген көңілдері суымас үшін, бір-бірінен жалықпас үшін қатынасты жаңартуға күш салу керек.
Бірге көбірек уақыт өткізуге тырысыңыз
Келесі айға кететін шығындарды бірге есептеу емес, қандай да бір жағымды іспен бірге шұғылдану керек. Ол ортақ хоббимен немесе әуесқойлықпен айналысу, қызықты жерлерге бару болуы мүмкін. Әрине, мүмкіндік болса, арнайы қандай да бір жерге баруға болады. Бірақ, мүмкіндік болмаса, үйде бірге кино қарағанның өзі жұптарды жақындатады. Ол фильмнің комедия болғаны жақсы, себебі күлкі қатынасты жаңартып қана қоймай, емдейді. Қатынасқа жағымды әсер ететін тағы бір әдіс – табиғат аясына шығу.
Сүйіктіңізге жағымды тосынсый жасаңыз
Сүйіктіңізге жағымды тосынсый жасаңыз. Оның қымбат сыйлық болуы міндетті емес. Бастысы, ол нәрсе оны таңғалдыратын, бірдеңені есіне түсіретін немесе күлдіртетін болуы тиіс. Мысалы, оның балалық шақтағы суреттері шкафтың түбінде жатқан болса, жаңа әдемі альбом сатып алып, суреттерді оның ішіне қиялыңызбен безендіру арқылы салып беріңіз. Алайда сіз алғаш болып сондай қадам жасаған соң, одан да сыйлық күтпеңіз. Барлық зейініңізді оның қуануына арнаңыз.
Сүйіктіңізге дәмді ас дайындаңыз. Ол оның сүйікті тағамы болуы мүмкін. Әрине, әйелдер күнде тамақ әзірлеп қоятыны рас, алайда, безендіруге де мән беріңіз. Әдемі қағаз майлықтар, әдемі ыдыстар және т.б детальдар – атмосфераға өзгеріс әкелетіні анық.
Сүйіктіңізге хат жазыңыз
Ертеден бері сүйіктісіне хат жазу - өз сезімін білдірудің ең әсерлі әдісі болатын. Сүйіктіңнен келген хатты ұстап отырудан өте керемет әсерде боласыз. Оны электронды түрде емес, қағазға жазған жөн. Хатқа өзіңіздің сезіміңізді, оның өміріңіздегі орны туралы ашық жазыңыз.
Бақытты өткенге бір сәтке оралыңыз
Сүйіктіңізбен танысқан жерге немесе сол уақытта жиі барған жеріңізге кездесу ұйымдастырыңыз. Әрине, егер ол орын қазіргі тұрып жатырған жеріңізбен бір аймақта болса, жеңілге түседі. Егер басқа аймақта тұрып жатсаңыздар, бұрын бірге жасаған істі қайта жасауды ұйымдастырыңыз.
Жаңа кейіпте көрініңіз
Қатынасты көбінесе күнделікті әдеттер құртады. Ұзақ бірге тұрған еркек пен әйел бір-бірі туралы барлық нәрсені біліп алады, бір-бірін таңғалдыратын ештеңе қалмайды. Киіміңіздегі стильді, шаш үлгісін немесе макияжды өзгертіңіз. Бірақ бұл аз болады, бастысы, өзіңіздің ішкі дүниеңізбен жұмыс жасау керек. Яғни, мінез-құлығыңызды өзгертіп, жаңа қасиеттерге икемделу керек. Өзіңізге сенімді бола түсіңіз. Бір орында тоқтап қалмаңыз, әрқашан даму үстінде болыңыз. Әрдайым ізденісте болыңыз.
А. Жапатова