Болашақ жарды қалай таңдау керек?

Болашақ жарды қалай таңдау керек?
Фото: Канат Садыков

Жар таңдау – өмірдегі ең, ең маңызды мәселенің бірі. Әйел заты ретінде басты миссиясы ұрпақ әкелу болғандықтан, қыз балалардың негізгі сұрағы да осы болғаны жөн.

Түріне қарасаңыз...
Әжелеріміз «Түріне қарап қайтесің, сорпа құйып ішесің бе?» деп отыратын. Әрине, бірге суретке түскенде, жанында жүргенде, болашақта балаларың сол кісіге ұқсайтын болса, сыртқы келбеті тартымды болғаны жақсы. Алайда одан да маңызды мәселелер бар. Адамдардың сөзі, басқаларға мақтанып көрсете алуың – уақытша нәрсе. Түр-әлпет те уақыттың өтуімен өзгереді, адам қартаяды. Сол себепті адамның жүрегіне бойламай жатып, келбетінен мін табуға асықпаңыз. Шын сүйіп қалсаңыз, қалқиған құлағы да, тәмпіш танауы да, қушиған жағы да сізге сүйкімді болып көрінеді.

Қалтасына қарасаңыз...
Жақсы өмір сүру үшін, өз қолың өз аузыңа жететіндей, ешкімге қол жаймай, балаларыңды қатарынан кем қылмай өсіру үшін қазіргі нарық заманында ақшаның десі басым. Ал жігіт ақшаның соңында адамдықтан алшақтап қалса, отбасындағы ауа райы бұзылғанда байлықтың еш мәні болмайды. Ал қанша ақша болса да оның берекесін кіргізу әйел затына, өзіңізге байланысты.

Қызметіне қарасаңыз...
Қазіргі қызметі жасына да байланысты. Студент кезінде даяшы болу барлығына жарасады. Ал жігіт ересек жасқа жеткен сайын салмақты қызметте болуы маңызды. Бастысы, қабілеті, еңбекқорлығы, жауапкершілігі, мақсатқа бағытталуы жоғары болса, одан ең жақсы, білікті маман жасап шығаруға өзіңіз үлес қосасыз. Мұнда оған жұмыс іздеп, таныс тауып беру емес, сүйікті ісімен айналысудан ақша табуға демеу боласыз, қолдау сөздеріңіз құмнан тау тұрғызарлық күш-жігер береді.

Біліміне қарасаңыз...
Білімділік пен ақылдылықты шатастырамаңыз. Осы екеуінен ақылы маңыздырақ. Себебі оқыған-тоқығаны көп адамдар кей жағдайда мұрнын көкке шүйіріп, өзін зор, өзгелерді қор санауы да ықтимал. Мұндай адамның досы аз, араласатын ортасы тым тар болады. Сіздің де жақындарыңыз бен туыстарыңыздың арасына сыйыса алмайды. Оны да ескеріңіз.

Отбасына қарасаңыз...
Болашақта өзіңіз, балаларыңыз сол әулетте өсетіндіктен, төрт қабырғасы түгел, туыстары түсіністікпен өмір сүретін болуы маңызды. Бірақ жағымсыз адам әр ортада болады. Туыстарына, жақындарына қарап, болашақ жарым деп таныған адамнан бас тарту ағаттық болар. Олардың көңілінен шығып, тату тұру тікелей өзіңізге байланысты. Тым адам төзгісіз жан босла да, үндемей, қайта оған мейіріміңізді төгіп қана жеңе аласыз. Сүйген адамыңыз үшін мұндай «құрбандыққа бару», барлығына шыдау түкке тұрмайды.

Өмірге көзқарасы...
Міне, екі адамды біріктіретін – осы ұғым. Егер ол ауылды аңсап тұрса, сіз қалаға тартсаңыз; ол өз елінде, сіз шетелде тұрғыңыз келсе; ол шулы ортаны жақсы көріп, сіз өлі тыныштықты, оңашалықты қаласаңыз, онда бір шаңырақ астында бірге тұру қиындай түседі. Не өз ыңғайыңызға бағыттайсыз, не оның дегеніне көнесіз. Ал сіз төзе алмайтын жағдайларды жігіт пен қыз боп жүрмей тұрып-ақ аңғаруыңыз керек. Оған дейін көз жеткізе алмасаңыз, кеш. Бәріне мойынсұнуға тура келеді, таңдау жасаған – өзіңіз.

Тәрбиесіне, тегіне қарасаңыз...
Тектілік – қазақтың ең асыл қасиеті. Жігіттер анасына ұқсайтын қыз, қыздар әкесіне ұқсайтын жігіт іздеуі осы тәрбиеге байланысты. Бір-бірінің үйіндегі менталитет, тәртіп ұқсас болса, таңдауда қателескен жоқсыз. Ертеңгі күні балаларыңыз тура сол адам сияқты болуын қалайтын жанды таңдаңыз. Әйтпесе өзіңіз қайта тәрбиелеуге тура келеді. Бұл – оңай емес.

Болашақ жар таңдауда оның бойында сіз қабылдай алмайтын қасиеттер болмауына мән беріңіз. Оны өзгертем деп босқа терлемеңіз. Ер адам өзі қаламайынша, ештеңе де өзгермейді.  Сіз кемшілігін де сол күйінде қабылдап, минустарымен бірге жақсы көретін болсаңыз, мұның дұрыс емес екенін өзі түсінсе, сонда ғана өзгереді.

@. @assel_assanova