Тойдан кейін...

Тойдан кейін...
Фото: Misskazakhstan.kz

Шаңырақ көтеруге қыз да, жігіт те асығады. Жігіт "ата-анама ақ келін, өзіме аяулы жар алсам" деп армандаса, қыз "сүйген жігітімнің сүйіктісі болсам" деп қиялдайды. Тойдан кейін өмір қалай өзгереді?

1. Той – аса қуанышты шақ болғанымен, қалтаға салмақ салатын шара. Сондықтан қыз бен жігіт барынша шағын той жасауға ұмтылуы керек. Өйткені тойға алған несиесін жылдап төлеп жүрген ерлі-зайыптылар жетіп артылады. 

2. Ерлі-зайыптылардың бір-бірімен ашық сөйлеспеуі жиі кездеседі. Егер әйелі мен күйеуі бір-бірінен сыр жасырып қалса, отбасылық өмірлері бақытқа толы болады деп айту қиын. Сондықтан сүйгеніңіздің алдында ақтарыла алуыңыз керек. 

3. Тойдан кейін өмір жадырап кетпейді. Отбасының көркі – бала. Бал айынан кейін де сұрықсыз, бірқалыпты өмір басталады, оны өзгертетін – сәби ғана. 

4. Үй тірлігі. Тойдан кейін кез келген әйелдің алдынан үй тірлігі шығады. Одан ешқайда қашып құтылу мүмкін емес. Сондықтан қара жұмысқа қазірден бастап бейімделіңіз. 

5. Егер ерлі-зайыпты бір бағытта ойлайтын болса, ұрыс-керіс те азаяды. Ұзаққа созылған пікірталастан кейін әйелі мен күйеуі бір мәмілеге келе алса, екеуінің ойы бір жерден шықса, бірге тұрып кету оңайға соғады. 

6. Ерлі-зайыпты күні бойы бірге болса, бір-бірінен жалығып, болмашы нәрсеге керісіп қалуы мүмкін. Сондықтан күннің біраз бөлігінде екеуі екі жақта болғаны дұрыс. Әр адамның өзіндік қызығушылығы, сүйікті ісі болуы керек. Кейде тіпті оңаша қалудың өзі жанды тыныштандырады. 

7. Асығыс шешім қабылдамаңыз. Екі бірдей ересек адамның бір-бірімен тіл табысып, тату-тәтті тұрып кетуі өте қиын. Оған туысқандар қысымын қосыңыз. Бірақ қандай жағдай болса да, асығыс шешім қабылдамай, әліптің артын бағыңыз. Бәлкім сіз таңдаудан қателеспеген боларсыз. 

М. Оңғарова