Тағатсыз телефонға телміремін...

Тағатсыз телефонға телміремін...
Фото: Verliermeinnicht.com

Телефон шыр етеді:
Сонда менің жүрегім дір етеді,
Көйлегімнің желбіреп гүл етегі
Жүгіремін, не пайда сен емессің,
Тек қимылдау көңілді жүдетеді.
Кешке дейін неше рет дірілдетіп
Мәніз, әрсіз алаңмен күн өтеді, -  деп жырлаған Фариза ақынның жүрегінен жігіттерге деген наз сезіледі. Рас, қыздың қалауын орындап, еркелігіне төзіп жүрген бозбала әп-сәтте өзгеріп, ат тонын ала қашатындары жиі кездеседі.

Кеше гүл сыйлап, ай әперетін жігітке бүгін хабарласудың өзі қиынға соққанға ұқсайды. Бұл қыздар қауымына таныс жайт. Бұрымдылардың көңіліне күдік ұялатпай, сеніміне кірген соң түрлі «себептермен» хабарсыз кетеді. Мүлде алыстап іргесін аулақ салмайды, алайда бұрынғысынша барын салып, көңіл бөлуден қалады. Күніне сансыз телефон шалып тұратын жанашыр жанның енді аптасына бір-ақ рет «бармын» дегендей жылт етіп, барлығына бей-жай қарауының себебі не? Міне, осы сауал сізді де мазалап, көңіл толқыны нендей сұрақтарды сана жағалауына шығарса, демек бұл мақала сізге арналған.

Әңгіменің басын жігіттің қоңырауын күні-түні күтіп, онымен тілдесуді қалайтын ғашық жандардан бастасақ. «Хабарласпауыңның себебі не?» деген сауалды  ұзақ уақыт бірге жүрген жұбыңызға қоя аласыз? Ал аз уақыт таныс болып, бір апталық өзің ойлаған «махаббат хикаясын» бірге өткізген жігітке әрине, бұл сұрақты қою дұрыс емес. Телефонға секунд сайын қарағыштап, оның жарығына елеңдеп, қарауыл болған сәттер көп кездеседі. Көп қыздардың басынан өткен жағдай. Тіпті сабырсыздық танытып, өздері хабарласқандар да баршылық.

Рас, сезім алып-ұшқан құйын іспетті. Ұнату, бауыр басу, іздеу, сағыну. Алайда ол тек сіздің жан дүниеңіздегі буырқаныс. Бұл мазасыз құбылыстан оның себепкері тіпті хабарсыз болуы мүмкін. Соңғы кездесуден кейін оның «көзінен де, көңілінен де кетуіңіз» ықтимал. Тек алдамшы сезімге иланып, нөмірімді сақтап алмады, мүмкін сырқаттанып қалған болар немесе телефонын жоғалып алған шығар деген болжамдар айтарсыз. Үміт жібін үзгіңіз келмей, талай қиялға батқан да боларсыз. Бірақ сізді ойлап, қадіріңізге жете білген жігіт іргесін аулақ салмайды. Көзіңізден таса болмайды. Көңілде мәңгі қалуға тырысады. Бұл сұраққа тек жалғыз жауап бар. Жүрек қалауы. Демек, сізбен тілдесуге оның еш зауқы да, қалауы да болмаған.

Ал сіз деп соққан жүректің иесі хабарсыз кетсе, не себеп?

Рас, бұл да қыздар қауымының тарапынан жиі қойылатын сұрақтар. Жоғарыдағы жағдай түсінікті. Барлығы қыздың қиялы делік. Сексен серт, алпыс арман жетектеген қос ғашықтар арасындағы жырақтау ше? Оның да жүрек қалауы басқа ма?  Ең бірінші, жігіттің өзімен ашық сөйлескен абзал. Сезімі суып, бұрынғыша сізді көруге асықпауы мүмкін. Бірақ ол үшін дау-дамай туғызып, керісудің қажеті жоқ. Сізді іздемеуіне не себеп екенін сұраңыз. Оның әзірге уақыты болмай, қолы тимей қауырт жұмыстармен айналысуы басты себептердің бірі болуы да ықтимал. 

Психологтардың пайымдауынша, ер азаматтар телефонмен сөйлесуге, хабарламалар жазуға шорқақ келеді. Әйел заты бұл жағдайда өзін өте белсенді көрсетсе, ер азаматтардың салғырттығы байқалады. Және олар үшін телефонмен ұзақ сөйлесудің еш мәні жоқ. Олар оны «ұсақталу» деп түсінеді. Ал нәзік жандылар оны керісінше қабылдайды. Мәселен, телефонмен сөйлесу, хабарлама жіберу, жылы сөздер жолдауды романтика деп біледі. Егер сүйіктіңіз сізге аз қоңырау шалатын болса, оның табиғаты салмақты, нағыз ер мінезді жан. Оның сезімі шынайы, махаббатының адалдығына күмәніңіз болмасын. Тіпті, шетелдік журналдардың бірі өткізген сараптама бойынша, «менің өмірімнің мәні тек сен ғанасың» дейтін адал ғашықтар сүйіктілерімен күніне бір-ақ рет тілдеседі. Ал бірінен-бірі қашық жүрсе аптасына бір рет хабарласса жетіп жатыр екен. Сондықтан «телефоным үндемеді» деп, ғашығыңызға реніш айтпаңыз. Араларыңыздағы сезімді ақ жүрек, адал махаббаттың ұйғарғаны деп біліңіз.

Н. Айдархан