Ұялшақтықтан құтылғым келеді #2

Ұялшақтықтан құтылғым келеді #2
Фото: Самат Калбаев

Адамдар интроверт және экстраверт болып екі топқа бөлінеді. Шулы ортаны жақсы көретін, көп адаммен тіл табысқыш адамдар экстраверттер қатарын құраса, керісінше, жалғыздықты, тыныштықты сүйетін, өзін қоғамнан жырақта ұстайтын жандар интроверттер тобына кіреді.

БАСЫ

Әлеуметтік желілерді пайдаңызға жарата біліңіз. Ол жерде бейтаныс адам сіздің қандай екеніңізді білмейді. Сондықтан бойыңызды тым еркін ұстап, ойыңызға келген әңгімені қозғап, өзіңізді жаңа қырыңыздан байқап көріңіз. Бейтаныспен виртуалды өмірде әңгімелесу қиындық туғызбады, демек, бұл шынайы өмірде де қолыңыздан келеді. Бейтаныс алдында өзіңізді қалай ұстауды үйренгеннен кейін, біртіндеп алыс таныстар алдында да еркіндікті игере бастайсыз.

Келесі күні ұйқыдан тұрғанда барлығы бірден сиқырдай өзгеріп кетеді деп ойламаңыз. Тау да түйіршік құмдардан құралатынын есте ұстаңыз. Көздеген мақсатқа ақырын жүріп, анық басқанда ғана жетесіз.

Қосымша сабаққа, курсқа қатысыңыз. Мүлдем бейтаныс ортада өзіңізді өзгерек ұстап байқаңыз. Ол жерден де өзіңіз секілді ешкіммен араласқысы келмейтін, көпшілік көзіне түскісі келмейтін тұйық жан іздеңіз. Екеуіңіз тіл табысып, бір мақсатқа бірге жетуге жол ашылар.

Адамдар әңгімелесіп отырғанда ретін тауып сөзге араласып отырыңыз. Тақырыпқа қатысты өз басыңыздан өткен оқиғаны айтып, әңгіме өрбітіңіз. Бірден айтуға батпасаңыз, екінші, үшінші адам сөйлеп болған соң, «менің де басымнан осыған ұқсас оқиға өткен» деген секілді сөзбен бастап, елді аузыңызға қаратып алыңыз да, қайда отырғаныңызды бір сәтке ұмытып, сол кезеңге барып келгендей елестетіп, адамдарды да елтіп әкетіңіз.

Әрдайым күлімсіреп, жымиып жүріңіз. Өзгелер жаныңызға үйір болған сайын ашыла түсесіз.

@. @assel_assanova