Сұхбаттасудан қалай өтеміз?

Сұхбаттасудан қалай өтеміз?

Түйіндемеңізді таратып, өзіңізге лайықты қызметті іздестіріп, таптыңыз делік. Келесі кезекте жұмыс беруші жаңа маманды жұмысқа алмас бұрын оны сұхбаттасуға шақырады. Сұхбаттасу кезеңінен іркілмей өтсеңіз, жұмысқа орналасып кетуіңіз ғажап емес. Алайда, бұл кезеңге де салғырт қарамай, сәтті өтуге тырысқан жөн.

Сұхбаттасуға алдын ала дайындалыңыз

Ғаламтор беттерінен жаңа маман іздестіріп жүрген мекеме туралы бар ақпаратты қараңыз. Сұхбаттасуға бармас бұрын түйіндемеңізге бір қарап, өзіңіз монолог дайындаңыз.

Таныстыру

Өзіңізді таныстырған кезде аты-жөніңіз бен біліміңізден бөлек, тәжірибеңіз туралы айта кетіңіз. Қызмет бабында қандай жетістіктерге жеттіңіз, бойыңыздағы қандай қасиеттеріңізді өзіңіз жоғары бағалайсыз, сол туралы айтқан жөн. Таныстырған кезде өтірік сөз айтпаңыз, себебі, өз сөздеріңізде өзіңіз шатасып кетуіңіз мүмкін.

Өзіңізге сенімді болыңыз

Қызметке деген құлшынысыңыз бен қызығушылығыңызды көрсетіңіз. Сұхбаттасу кезінде сұхбат алушыдан мекеме туралы ақпарат алыңыз. Жаңа маманға қойылатын талаптарды талқылаңыз. Өз ойыңызды қосыңыз. Ең бастысы, сенімді болыңыз!

Кешікпеңіз

Белгіленген уақыттан ертерек барыңыз. Ешуақытта кешікпеңіз. Егер де мекеме мекен-жайын білмесеңіз, алдын ала ол жаққа қалай жетуге болатынын біліп алыңыз.

Сұрақтарға дұрыс әрі нақты жауап беріңіз

Сұхбат алушы сізге жеке басыңыз бен біліктілігіңізден бөлек небір сұрақтар қоюы мүмкін. «Өмірде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?», «Арманыңыздағы жұмыс қандай?», «Отбасын қашан құруды жоспарлайсыз?» , «Өмірдің мәні не?», «Қой-қошқар неліктен ұшпайды?» т.с.с. осы тектес сұрақтарға барынша шыдамдылық танытып, әдемі жауап беруге тырысыңыз.

Адам көркі – шүберек

Сұхбаттасуға шашыңызды жинап, тырнағыңызды алып, қатты боянбай, әдемі киініп барыңыз.

Әдептілік сақтаңыз

Сұхбат кезінде мұқият тыңдап, сөзді бөлмеңіз. Сұхбат алушы сізден кіші болса да, «Сіз» деп сөйлеп, сыпайылық танытыңыз. Есінеп, қолыңызды сермеп, саусақтарыңызды майыстырып, қол-аяғыңызды айқастырмаңыз. Айналаңызға я сағатыңызға қарап, қайта-қайта ұялы телефоныңызды тексеріп жатпаңыз. Сұхбат алдында ұялы телефонды сөндіріп тастаған абзал.

Нақыл сөздерді көп қолданыңыз

Сұхбаттасу кезінде жауаптарыңыз құрғақ болмау үшін, мүмкіндігінше, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, афоризмдер, қыстырма сөздерді көптеп қолданыңыз. Дана сөздердің авторларын да айтуды ұмытып кетпеңіз.

Қоштасу

Сұхбат өз мәресіне келіп жеткенде, сұхбат алушы сізден «Сұрақтарыңыз бар ма?» деп сұрауы мүмкін. Егер сауалдарыңыз болса, қойған жөн. Жоқ болған жағдайда, «Сұрағым жоқ, барлығы түсінікті. Алдағы күндері сіз(дер)ден хабар күтемін. Танысқаныма өте қуаныштымын. Сау болыңыздар! Көріскенше!» деп жылы жауап беріп, қоштасыңыз.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: ladykarina.com, masters.donntu.edu.ua

Ғ. Ұзақ