Нені армандайсыз?

Нені армандайсыз?
Фото: Oskar Photocolorstudio

Арман − адамды алға жетелейтін күш. Алайда кейбір жан, әсіресе жасөспірімдер нені армандайтынын толық түсінбейді.

Шынында да нені армандайсыз?

Бала күніңізде кім болуды армандағаныңыз есіңізде ме? Бір күні дәрігер, екінші күні мұғалім, үшінші күні суретші, боламын деп, т.с.с. Ол кезде арманыңыздың бәрінің жүзеге асатынына сенімді болатынсыз.

Қағазды үш бағанға бөліңіз. Бірінші бағанға барлық арманыңызды жазыңыз. Қиялыңызға толықтай ерік беріңіз. Осы бағанды асықпай толтырып шығыңыз.

Екінші бағанға неліктен армандайтыныңызды жазыңыз. Мысалы, әнші болғыңыз келеді делік. Себебі қабілетіңіз, талантыңыз бар әлде әлемге әйгілі жұлдыз атану үшін әнші болғыңыз келе ме? Алайда бұл арманыңыз бойыңызда музыкалық қабілетіңіз, даусыңыз болмаса жүзеге аса ма? Әрине қазір техниканың құдіретімен жұлдыз атанып жүргендер де жеткілікті. Бірақ «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, күндердің күнінде бұл арман сізді жалықтыруы мүмкін.

Басшы, ұйымдастырушы болғыңыз келеді. Ол үшін көпшіл, ұйымдастыра білу сынды қасиетіңіз бар ма? Ұжымда туындайтын кикілжіңдерді әділ, дұрыс шеше аласыз ба? Іссапарларға, кейде демалыссыз жұмыс істеуге әзірсіз бе?

Шетелде өмір сүргіңіз келеді. Неліктен? Мүмкін көршіңіздің қызы Америкада тұрғандықтан болар? Ол жерге барғанда немен айналысасыз?

Осылайша барлық арманыңызға талдау жасаңыз. Артығын сызып тастаңыз.

Енді үшінші бағанға арманыңызды қалай жүзеге асыратыныңызды жазыңыз. Мысалы, дауысыңыз, қабілетіңіз бар делік. Нағыз әнші болу үшін, алдымен, арнаулы білім, содан соң жақсы продюсер қажет.

Ал басшы болу үшін көптеген талап қойылады, сондықтан арнайы курстардан өтуге тиіссіз.

Сонымен арманыңыз, оған жететін жолдар да анықталды. Сондықтан бір қалың дәптер арнап, арманыңызға жету үшін не істегеніңізді жазып отырыңыз. Соңында өз-өзіңізді мақтап отыруды ұмытпаңыз. Өзіңізді-өзіңіз қамшылағаныңыз жөн. Талаптыға нұр жауатынын естен шығармаңыз. Күндердің күнінде арманыңызға қалай жетіп қалғаныңызды да аңдамай қаласыз. Сол сәтте өзіңізді бақытты, өміріңізді мәнді деп түсінесіз. 

Біз сіздің сол сезімге жетуіңізге тілектеспіз! Жүрексінбеңіз, алға басыңыз! Іске сәт!

Ф. Абилова