Табысқа жетелейтін ұстанымдар

Табысқа жетелейтін ұстанымдар
Фото: роль ужасов Стивен Кинг www.peoples.ru

Стивен Кинг – тіл шебері, табысты жазушы. Ол өзінің тәжірибесі мен қателіктеріне сүйеніп, жастарға біраз пайдалы кеңес береді.

Уақытты босқа жұмсама

Көптеген адам өзінің алтын уақытын босқа жұмсайды. Бұрын теледидар көрумен өмір өткізетін болсақ, қазір оның орнын электронды құралдар басты. Мұның бәрін өшіріп, пайдалы іспен айналысуды бастаңыз. 

Қайсар бол

Бір рет қателескен соң артқа қайтушы болма. Бастапқыда жазған туындыларымды баспалар кітап етіп шығарудан бас тартатын. Біраз уақыттан кейін баспагерлер кітаптарымды қабылдай бастады. Ел тани бастағанда осыған дейін қабылданбаған еңбектерімді қайта жіберіп көрдім. Бұл жолы олар басылды.

Жұрттың сынын жүрекке жақын қабылдама

Өзгені мінеп, сынайтын адам әрқашан табылады. Қандай іс бастасаң да, қате жолда келе жатқаныңа сендіретін адамдар болады. Оларға мән берме. Өзіңнің дұрыс деп таныған бағытыңда жүре бер.

Дамуды тоқтатпа

Егер жазушы болсаң, сөздік қорыңды көбейт, грамматиканы бас-аяғына дейін жатта. Спортпен шұғылдансаң, белгілі бір бағдарлама бойынша үнемі жаттығып тұр. Қандай салада жұмыс істесең де, дамуды тоқтатпа.

Өзіңе ұнайтын іспен айналыс

Егер адам өз жұмысын ұнатпаса, бақытсыз болады. Ал сүйікті іс адамды тек табысқа жетелейді.

Күн тәртібін ұстан

Күнделікті атқару керек жұмыс көлемін толық орындап, үлгеруге тырыс. Демалыс күндерінен басқа күні тапжылмай еңбек етуге ұмтыл.

Кім үшін жұмыс істеп жүргеніңді ұмытпа

Егер жазушы болсаң, кім үшін жазып жүргеніңді есіңе түсір. Оған бұл еңбек ұнай ма? Жаңа элементтерді дұрыс бағалай ала ма? Өз оқырмандарыңды қызықтыра аласың ба? Осы сұрақтарды үнемі жадыңда ұста.

Ақша үшін жұмыс істеме

Иә, мен прозамның арқасында біраз ақша таптым. Бірақ ешқашан ақша үшін жазбайтынмын. Жоғарыда айтқан «өзіңе ұнайтын іспен айналыс» деген кеңесті ұмытпа. Өз ісің қаласаң сені бақытты да, ақылды да, бай да етеді. Ал ақша қуу адамның кері дамуына әсер етуі мүмкін.

Ф. Абилова