Таңдау жасай біліңіз

Таңдау жасай біліңіз

Біреулер бір сәтте-ақ өмірлік мәселелердің шешімін тауып жатса, басқаларға нақты шешім қабылдау үшін бірнеше күн, кейде тіпті апта қажет болады. Жалпы маңызды таңдауды қалай жасау керек?

Дүкенде қажетті азық-түліктерін 5 минутта жинап шығып, қымбат көйлекті бүлк етпей сатып алатын адамдар бар. Олар демалысын бір күн бұрын ұйымдастырып, ертеңіне Жер шарының басқа нүктесіне кетуге әзір. Демалыс былай тұрсын, үйленуге ұсыныс сияқты тағдыр шешерлік мәселелерді де олар көп ойланбайды. Басқалары керісінше, тіпті балмұздақ аларда таңдау жасауға өлердей қиналады. 

Бұл екі стильді экстраверт пен интровертік мінезбен сәйкестірсе болады. Экстравертер "істеуге" дайын тұрса, интровертер "ойланудан" жалықпайды. Экстравертер көрген есікті ашуға асықса, интровертер оның артында не боларын ойлап қана, бұл шешімге бара алады.

Әрине екі стильдің де өзіндік жақсы жақтары мен теріс жақтары баршылық. Алайда осы екі мінезді де игере алсаңыз, шешім қабылдап, таңдау жасағанда қиындықпен кезікпей, босқа отқа да күймейсіз. Бүгін экстравертерден үлгі алып, шешімді тез қабылдап үйренейік.

Өзіңізге сұрақ қойыңыз. "Бұл мендік пе?" деген сұрақты қою арқылы өзіңіздің бұл затты қалап я қаламайтыныңызға көз жеткізе аласыз. "Бұл джинсы мендік пе?", "Бұл жігіт мендік пе?", "Бұл жұмыс мендік пе?" сұрақтары сізді мәселемен бетпе-бет қойып, нақты жауапты талап етеді. 

Тәжірибе жинаңыз. Келесіде сізге сұрақ қойғанда, "Білмеймін, өзің шеш..." деп жауап беруші болмаңыз. Кішкентай болса да, шешім қабылдауға бел буыңыз. Осылай тәжірибе жинай келе, келесіде таңдау жасауға қиналмайтын боласыз.

Нәтижелер жайлы ойланыңыз. Таңдау жасай алмай тұрған сәтте тез арада әр жолдың нәтижесі жайлы ойланыңыз. Мысалы, бір кездесуге барсаңыз, дем алып, сергіп, достарыңызбен көңіл көтере аласыз. Ал бармасаңыз, ерте ұйқыға жатып, ертеңгі жұмысыңызды дұрыс атқара аласыз. Өзіңізге қай нәтиже ұнайды? Сол шешімді қабылдаңыз.

Таңдауыңызға күмәнданбаңыз. Қолда болған сәттер мен мүмкіндіктерді еске ала бермеңіз. Шешіміңізді өзгертпеңіз, оған адал болыңыз. Мысалға, асыға сатып алған көйлек бір күннен кейін онша да сәнді емес болып көрінсе де, оны киіп, өзіңізді тәрбиелеңіз. Спорт не жаттығулармен ауналасуға бел бусаңыз, ертең ерініп жатушы болмаңыз. 

Жалғасы бар.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: dolevoe-str.ru


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар