Қыз кезінде бәрі жақсы...

Қыз кезінде бәрі жақсы...
Фото: Балтабек Қожанов, amur.kz

«Қыз кезінде бәрі жақсы»... Мына мақалдың жалғасын бәріңіз біліп отырсыздар, иә? Ал сіздер нәзік жандылардың қыз күніндегі кейпі мен мінезінен әйел болғанда айырылып, өзгеруіне қандай жағдайлар әсер ететінін білесіздер бе? Білмесеңіздер, бірге ойланайық! Сонымен, жаман әйел қайдан шығады?

Жолдасының әсері – 25 %

Әрине, ер адамды ез ететін де, ер ететін де – әйел. Сол секілді қылықты қыздан қыңыр мінезді долы әйелді жасап шығаруда ер адамның да маңызы көп. Отбасы болған соң әйел адамның мінезі мен кейпінің өзгеруіне бірден-бір себепші жан – оның күні бойы қасынан табылатын жары. Әйел адамның қыз кезіндегі болмысынан тұрмыс құрғаннан соң ауытқуына жүйкесінің жұқаруы әсер етеді. Ал жүйкенің жұқаруына, әрине, мазасыз күйеу әсер етеді. Кейбір ер адамдар үндемейтін әйелден ұрысқақ, ашушаң әйелді оңай жасап ала алады. Олар әйелдің тілін өздері шығарып алады да, екеуі айтысып отырады. Әрине, мұндайда әйелге көркем мінез, ерге сабырлылық керек-ақ. Бірақ кей тұстарда ашуға сабыр қорған бола алмай, нәтижесінде екі жас ажырасып тынады. Әсері ата-ана мен жас балаға тиеді. Шамамен алғанда, жүз пайыз «жаман әйелдің» «жаман» атануына жолдасының әсері – 25 пайыз.

Тұрмыс әсері - 25 %

Адамды тұрмыс өзгертетініне бұрын-соңды таң қалған емеспіз. Әйел адамның да болмысына тұрмыс ауыз толтырып айтарлықтай әсерін тигізеді. Отбасының қамы, бала-шағаның наны, үй-жай болудың уайымы кез келген әйелді өзгертіп жібере алады. Жатыпішер жолдасы мен топырлаған бала-шағаның киімін бүтіндеп, қарнын тойғызамын деп жүріп қара жұмыс жасайтын нәзік жандылардың болмысын тұрмыс қалай өзгертпесін? Тапқанының бәрін құр шашып, сайрандаудан өзгені білмейтін әкенің бала-шағасына деген мейірім жоқ болса, ана қалай күйінбейді? Біз айтатын «жаман әйел» осындай аналардың ішінен шығады емес пе?

Туған-туыстардың әсері – 20 %

Әп-әдемі келіннен «жаман әйел», «кесір келін» жасап шығаруда туған-туыстардың маңызы зор. Ешкім жаман болғысы келмейді, бірақ туыстардың көңіл толмаушылығы мен көреалмаушылығы, қызғанышы мен қызбалылығы, өзімшілдігі мен жөнсіз өкпе-реніші әйел-ананы тез өзгертіп жібере алады. Кейбір туысқа қалай өзгерсең де жақпайсың. Тырнақ астынан кір іздеп отыратын туғандарға жағынып бола алмайсың. Бірінің көңілін тауып жатсаң, бірі ренжиді. Біріне жағына қояйын десең, екіншісі жақтырмай шығады. Тілі жылдам ағайын-ақ кейде әп-әдемі әйелдің кейіпін бұза алады.

Денсаулық – 15 %

«Дені саудың – жаны сау» дейді қазақ. Ал дені мен тәні сау емес әйелдің көңілі қыз кезіндегідей болушы ма еді? Жанына батқан аурумен алысып жүріп-ақ өзінің мінез-құлқының өзгеріп, жүйкесі жұқара бастағанын сезбей қалады. Денсаулықтың қадірін жанына батқанда түсініп, аурухана жағалап жүрген жанның күйін басынан өткен ғана шын түсінер. Адамның ауруы оның мінезі мен болмысына әсер етпей қоюшы ма еді?

Өзге де сыртқы факторлар – 15 %

Өзге де сыртқы факторларға жұмыстағы келеңсіздіктер, қоғамдағы болып жатқан өзгерістер, шектен тыс байып кету немесе керісінше, кедейліктің тауқыметін тарту және тағы да басқа бас ауыртатын мәселелер жатады. Адамды байлықтың буы да өзгерте алады. Ақшасы көбейіп, аяқ-қолы асыл тастарға толған әйел адамның да шын өзгере алатыны бәрімізге аян.

Ұқсас жазбалар:

Ер азаматты не өзгертеді?

Естіге өсек не керек?

А. Әбілхан