Өмірді мәнді етіп өткізу үшін... #2

Өмірді мәнді етіп өткізу үшін... #2
Фото: Бекзат Қадырбеков

Басы

Бесінші заң — қабылдау заңы

Егер біреуге бір нәрсе берсеңіз, ол сізге 10 есе болып қайтып келеді. Рақымға бөленсеңіз, оны бөлісу керек. Егер бар нәрсеңізді пайдаланбасаңыз, яғни талант, ақыл, ой, дене мүшелерін, бір сөзбен айтқанда, мүмкіндікті пайдаланбасаңыз, өз табиғатыңызға қарсы жүргеніңіз саналады. Сол секілді бақытты, қуанышты бөлісу керек. Егер сіз бақытыңызды білдіртпей, қабақ түйіп жүрсеңіз, шын мәнінде бақытсыз болып кеткеніңізді де байқамай қаласыз.

Ал қуанышыңызды бөліссеңіз, ол ешқайда қашып кетпейді. Керісінше өсіп, дамиды. Біреумен бөліскен қуаныш өз қолдаушыларын тауып, одан сайын мәнін көбейтеді, рас емес пе? Егер сіз ауыр емтиханнан өтіп, қуанып, жақындарыңызға хабарлассаңыз, олар да қуана түспей ме?

Алтыншы заң – алғыс заңы

Әр нәрсенің қайтарымы болады. Бұл – әйгілі «бумеранг заңының» баламасы. Біреуге берілген көмек сізге күндердің-күнінде қайтып келеді. Қоғамда бұл түсінік ақшамен байланысты. Ал барлығы ақшамен қайтуы міндетті емес. Ол біреумен қарым-қатынастың қалыпқа келуі, ескі бағалы нәрсенің қайтуы, аурудан жазылу, сырқаттан құтылу, сәттілік, табыс, мақсатқа тезірек жету ретінде қайтуы мүмкін.

Ең бастысы адам әр нәрсенің бере алатын сыйын көре білуі керек. Біреудің кішігірім көмегіне шын жүректен риза бола біліңіз.

Және басты айтатын мәселе, біреуге қол ұшын берер кезде «жауабын қайтарар» деген ниетпен беретін болсаңыз, мүлде көмектеспей-ақ қойған дұрыс. Себебі адам оны бәрібір сезеді, қысылады, қиналады. Тек адал ниетпен жасалған көмек үшін адам шын қуанып, өзін жеңіл сезініп, керісінше, сізге де сол жауапты қайыруға ұмтылады.

Бұл – жалпы айтылған қағида. Әрине, ара-тұра қанағатсыз адамдар да кездеседі. Оларға көмектеспеу керек деп айтуға болмайды. Қолыңыздан келсе, көмек беріңіз, одан қайтпаған жауап басқа бір іспен, басқа адамнан немесе мүлде басқа формада қайтары сөзсіз.

Жетінші әрі соңғы заң – кешіру заңы

Егер сіз адамдарды кешіре алмасаңыз, сізге берілетін бар байлықты да қабылдай алмайсыз. Егер жаныңыз кек, жек көрушілік, ызаға толы болса, махаббат, сүйіспеншілікке орын болмайды. Сіз негативті сезімнен толықтай арылуыңыз керек. Олар сізді жеп, денсаулығыңызды тоздырады. Бұл ғылыми дәлелденген.

Қандай жағдай болмасын, адамдарды кешіре білу керек. Олар үшін емес, ең алдымен өзіңіз үшін. Махаббат, сүйіспеншілік, шаттық, қуаныш өмірлік серіктеріңіз болсын десеңіз, кешірімді болыңыз.

Әрине жылдар бойы дамып келген ызаны бірден жою мүмкін емес. Бірақ ыза, кек – тек моральдық нәрселер, физикалық дүние емес екенін түсінуіңіз керек. Ал ұстап көре алмайтын затты өзгерту, жоқ қылу мүмкін, тіпті оңай. Барлығы ниетке байланысты. Егер кешірудің мәнін түсінсеңіз, бірден өзгеріп, жаңа өмірді бастай аласыз. Барлығы өз қолыңызда.

Бұл аталған жеті заң – өміріңізді өзгертіп, өмірден ләззат алуға көмектесетін заңдар. Оларды жазып алып, жадыңызда сақтап, жақындарыңызға үйретіп жүріңіз.

Нәтижесін де көп ұзамай байқайсыз.

Ұқсас жазбалар:

Неліктен бұл жайттар есімізде жоқ?

Сынға төтеп берудің жолдары

Ф. Абилова