Жігітіңді бұрынғы қызынан қызғансаң...

Жігітіңді бұрынғы қызынан қызғансаң...

Сүйген жігітіміз көбіне өткен өмірінде қалған бұрынғы қызы туралы бір рет толық айтады да, әңгімені қайтып қозғамайды. Ал біз, қыздар, ол қызды әлеуметтік желіден іздеп, әбігерге түсеміз. Суреттеріне қарап отырып, ол қыздың өзімізден сұлу екенін түсінген кезде, ашуға булығамыз. Қалай болғанда да, ол қыз бізге қарағанда жақсы, сәнді өмір сүріп жатқандай көрініп, ішімізді қызғаныштың қызыл иті тырналайды. Бастысы, жігітіміздің бұрынғы қызына деген сезімі әлі де бар сияқты көрінеді де тұрады... Бұл жағдайда қандай әрекетке барған дұрыс?

Ең бірінші қызғаншақтықпен күресу керек. Өйткені қызғаншақтық жылы қарым-қатынастың күл-талқанын шығармай қоймайды. 

1. Ол қызды есіңе де алма. Ол қыздың әлеуметтік желісін ақтаруды доғар, ол қызды ойыңнан мүлде шығарып таста. 

2. Өзіңді ол қызбен салыстырма. Егер "ол қыз менен гөрі әдемі" деп есептеуді қоймасаң, жүйкеңе біраз салмақ түседі. Жүйкеңді сақта. Өзіңнің артық қырларың туралы ойла. Әлбетте сенің де ерекше қабілеттеріңнің бар екені сөзсіз. 

3. Егер ол расымен сенен де жақсы қыз болса, одан асып кетуге тырыс. Ең алдымен өзіңді өзіңнің алдыңда дәлелде. Тұлғаңды дамыт, қызықты істермен айналыс. Жарысқа қатысып, жеңімпаз бол! Міне, сол кезде ол қыз туралы ойлауға уақыт та қалмайды. 

4. Сен – ол емессің. Егер "жігітім сол қызға қайтып кетіп қалады-ау" деп қорықсаң, күмән мен күдікті ысырып қойып, сыртқы келбетіңе өзгеріс енгіз. Тек сол қыздың образын қайталап қоюдан аулақ бол. Жігіттер "көзімен сүйеді", сондықтан үнемі жинақы, әдемі болып жүруге барыңды сал. 

5. Ол қыздан неге сонша қызғанатыныңды түсін. Жүрегіңе үңіліп көр. Мәселе – жігітіңде де, ол қызда да емес, сенде болар? 

6. Ол қызбен әңгімелесуге тырыспа. Егер "мен жігітімді сенен қызғанамын" деп ол қыздың алдына барсаң, бұл сен үшін қорлықпен тең болар еді.

7. Сүйікті адамыңның өткен өміріне құрметпен қара. Қандай болса да, ол қыз – жігітіңнің өткен өмірі. Оған құрметпен қарауды үйрен. Мүмкіндік болса, ол туралы мүлде айтпауға тырыс. Егер әңгіме арасында сол қыз туралы айтылып жатса, бейтарап қал. Бұл жердегі басты қорғаның – үнсіздік. 

Өз-өзіне сенімсіз адамдар ғана қызғаншақ келеді. Қызғаныш сезімі пайда болғанда, сен өз-өзіңе ұқсамай кетесің. Жанжал шығарып, дауыс көтеріп, нәзік қалпыңды жоғалтасың, сөйте тұрып, жігітіңнің көз алдында төмендей бересің. Жігітіңнің бұрынғы қызы өткен күннің еншісінде қалды. Сондықтан өткенді қазбалауды қойып, бүгінмен өмір сүр. Шын мәнінде егер жігітің бұрынғы қызын әлі де жақсы көрсе, жаңа қарым-қатынас бастамас та еді. Қазір ол сенің қасыңда, сенімен бірге. Бақытты сәтті күдікпен емес, жақсы оймен өткізуге тырыс. 

Сурет: fresher.rudesktopwallpapers.org.ua

М. Оңғарова