Әріптестеріңізбен тіл табысып жүрсіз бе?

Әріптестеріңізбен тіл табысып жүрсіз бе?

Кез келген жұмыста әріптестердің өзара тіл табысып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыс істеуі оңай шаруа емес.

Жалпы ұжымның қалыптасуы әртүрлі болады.

1. Әртүрлі жастағы: ересек (50–70), орта (40–50) және жас (18–30) жиналған ұжым. Мұндай ұжымда (әсіресе үлкен ұжымда) ересектер топ-топқа бөлініп, өздеріне команда құруға тырысады. Мұның жақсы жағы – әр команданың бір-бірімен жарысатындығында, яғни жұмыс өз деңгейінде жүреді. Теріс жағы – командалар бір-бірінің әлеуетін, қызметін әділ бағаламайды: тек өздері ғана «күшті». Сондықтан әкімшілік мұндай бейформал командаларды қадағалап, көзден таса қылмай, дер кезінде араласып отырғаны жөн.

2. Жастар мен ересектерден құралған ұжым. Жастар командасының артықшылығы: жаңаша ойлайды, заманауи технологияны меңгерген, белсенді. Кемшілігі: кейбір қиындықтарға шыдамай, түңіліп кетеді, кейде тәртіп сақтамайды, бірақ «кәрілердің» ақыл айтқанын ұнатпайды. Ересектер командасының артықшылығы: кәсіби тәжірибесі мол, өмірдің ыстық-суығын көрген, ұстамды. Кемшілігі: жастардың алдына шығып, «белсенсігенін» жақтырмайды. Заманауи технологияға шорқақтау. Әкімшілік оларды үнемі ымыраластырып отыруға мәжбүр.

3. Тек жастардан құралған ұжым. Артықшылықтары: жаңашыл, технологияны меңгерген, уақытпен санаспайды, энергиясы мол, денсаулығы мықты, көңілі қаласа түнде де жұмыс істей береді. Кемшілігі: қызуқанды, кейбір күрделі мәселеге көз жұма қарайды. Жастары қарайлас болғандықтан, бір-біріне бетің бар, жүзің бар демей, тура айтады. Максималист: не бар болу керек, не жоқ болу керек. Кейде перфекционист: бәрі жоғары деңгейде тұру қажет. Жағдайға қарап, икемделу, бейімделуге өмірлік тәжірибесі жетпей қалады. Әкімшілікке оларды көбіне қатаң тәртіппен басқаруға тура келеді.

4. Тек әйелдерден не тек ерлерден құралған ұжым. Кәсіби жағынан шебер болса да, араларында басқа жыныстың өкілі болмағаннан кейін кейбір этикалық, эстетикалық қағидаларға көз жұма қарап, жұмыс орнының ресми кеңсе екенін ұмытып кете жаздайды. Мысалы, әйелдер арасында өсек-аяң өрбісе, ал еркектер футболды талқылап, жұмыс жайына қалуы мүмкін. Ұжымды басқарған адамның іскерлік қағида мен тәртіптің сақталуын, қызметкерлердің әр жерде топ-топ болып, шай ішіп отырып алмауын қатаң бақылап отырғаны абзал.

Ал сіздің ұжымыңыз қандай? Іскерлік қағидаларды сақтайсыз ба?

Сурет: ©Николай Киреев

Оқи отырыңыз:

Қалаған қызметіңізге орналасқыңыз келсе

Жастар неге үй мен көлік сатып алудан бас тартады?

Жұмыста табысты болудың жолдары #2

Жұмыста табысты болудың жолдары

Ф. Абилова