Қалаған қызметіңізге орналасқыңыз келсе

Қалаған қызметіңізге орналасқыңыз келсе

Әрбір адам сұқбаттасу барысында қабылдаушылар қандай сұрақ қояды, оларға қалай дұрыс жауап беремін деп ойланады. Сұқбаттасуға қандай адамдармен жолығатыныңызды, қандай заттар ала баруыңыз керектігін білу арқылы 100% дайындықпен бара аласыз. Жақын күндердің бірінде сұқбаттасуға баратын болсаңыз, төмендегі 6 кеңеске құлақ асыңыз:

1. Мен кіммен сөйлесемін?

Сұқбатты болашақ басшыңыз, отдел кадрдың жетекшісі, болашақ әріптестеріңіздің бірі өткізуі мүмкін. Олардың аты-жөні мен тағайындалған қызмету туралы біліп алсаңыз, өзіңізді барынша сенімді ұстайсыз. Егер сұқбаттасу шағын компанияда өтетін болса, оның қалай жүзеге асатынын алдын ала сұрауға мүмкіндік туады.

2. Сұқбаттасу қандай форматта өтеді?

Сұқбаттасу бетпе-бет тілдесу, бірнеше адамға тапсырма беру арқылы ішінен мықтысын анықтау, тестілеу және жеке баяндама түрінде өтуі мүмкін.
Сұқбатты кім жүргізетіндігін анықтаған соң оның қандай форматта өтетіндігін білудің маңызы зор. Бұл жағымсыз тосын сыйлардан сақтанып, алдын ала біліміңізді шыңдауға, баяндама болса, сөйлейтін сөзіңіздің мәтінін құруға мүмкіндік береді.

3. Сұқбаттасу қанша уақытқа созылады?

Бір күнде бірнеше сұқбатқа баратын болсаңыз, уақытты жоспарлаудың пайдасы бар. Тәжірибемде сұқбатта 4 сағат отырып, артынша қорытындысын дәлізде тік тұрып күткен кездерім болған. Осылай болатынын алдын ала болжағанымда биік өкшелі туфли киіп келмейтін едім.
Кейде қарапайым сұқбатты басшыдан өзге бірнеше адам жүргізуі мүмкін.

4. Өзімізбен бірге қандай заттар ала баруымыз керек?

Өзіңізбен бірге қандай зат ала бару керектігін қай фирмаға баратыныңызды білген кезде анықтай аласыз. Мысалы, түйіндемеде көрсетілген жетістіктеріңізді дәлелдейтін мақтау қағаздары, жұмыстарыңыздың үлгісі.

5. Жол мәселесі

Жол кептелісінде тұрып қалмайтындай уақытта баруға тырысыңыз. Көлігіңіз болса, автотұрақ мәселесін де ескеріңіз.

6. Қалай киінген дұрыс?

Компанияны жақыннан бақылауға мүмкіндік туса, қызметкерлердің қалай киініп баратынын бақылаңыз. Олардың қарапайым киімі сіздің киіміңізбен үйлеспеуі мүмкін. Кейде керісінше болуы да ғажап емес.

Жоғарыда жазылған кеңестерге құлақ асатын болсаңыз, қалаған қызметіңізге міндетті түрде орналасасыз. Іске сәт!

Сурет:rudaki.ru 

Қ. Бүйенбай