Романтика жетіспей жүр!

Романтика жетіспей жүр!

Барлық қыз романтика туралы армандайды. Бүгін жігітім ерекше тосын сый жасайтын болар деп күткенімізбен, күндегі кездесу айна-қатесіз қайталанып, кешкі уақытты қарапайым асханада өткізуден әрі аспай жатамыз. 

Шын мәнінде, жігіт пен қыздың ойлау жүйесі екі бөлек болғандықтан, жігітің сенің ойыңда не тұрғанын білмейді. Жігітке не ойлап тұрғаныңды тікелей айту керек! Ер адамға "ішімдегіні тап!" ойыны мүлде жүрмейді.  

Сондықтан романтиканы өзің бастап жасаудан тартынба. 

Сенің ойыңша:

Дені дұрыс қыз ешқашан тосын сыйды бірінші болып жасамайды. Романтиканы жасау – жігіттің міндеті! Ал мен кездесуге не киіп баратыныма ғана бас қатыруым керек!

Шын мәнінде:

Сенің ойыңдағы нәрсе кино мен кітаптағы оқиға ғана. Режиссер мен жазушылар арманшыл қыздарға арнап ертегі сюжет құрайды. Ал ұлдар үшін төбелеске толы оқиға ойлап табады. Сондықтан өмірге шынайы көзбен қарайтын кез жетті!

Сенің ойыңша:

Егер мен тосын сыйды бірінші болып жасасам, жігітім мүлдем басыма шығып алады. Немесе бұлай жасау өте ұят нәрсе!

Шын мәнінде:

Жігітің саған романтика жасап жүрмін деп те ойлайтын шығар? Егер сен тосын сыйды, романтиканы өзің бастап жасасаң, бұл жерде "айна" ұстанымы жүруі ғажап емес. Ол саған қарап, "тәрбиеленуі" де әбден мүмкін жайт. 

Сондықтан күнде қайталанатын кездесуден жалығып, өзгеріс енгізгің келсе мына кеңестерге көз жүгірт:

Жаңаша кездесу:

Жігітің кездесуге келген кезде, "жүріп қайтайық" деп айт та, жолшыбай би мектебі, жаттығу залы немесе күрес оқыту орталығына алып бар. Ол жақта көбіне 1-2 сағат оқу арзан тұрады. Дұрыс меңгере алмасаң да, керемет әсер алып, ұзақ уақытқа дейін айтып жүретін боласыздар. Тек баратын жердің нақты мекенжайын, уақытын, бос орын бар-жоғын, ақысын алдын ала біліп ал. 

Жаңаша кездесу – 2:

Сенбі, жексенбі күндері әр қалада түрлі-түрлі шара ұйымдастырылады. Көбіне мұндай шараларға кіру тегін. Есесіне жаңа дүние көріп, уақытты тиімді өткізесіздер. Тек мұндай шаралар туралы алдын ала ізденіп жүр. Өзің тұратын қаланың ресми сайтын үздіксіз бақыласаң, сайтқа алда болатын кез келген шара туралы жазылып тұрады. Демалыс уақытында музей, галереяға бару да жақсы шешім. 

Есіңде болсын, әлдебір тосын сый ұйымдастырар алдында жігітіңнің уақытын, көңіл-күйін назарда ұста. Өйткені шұғыл шаруасы болса, арада реніш тууы ықтимал. 

Жаңаша кездесу – 3:

Романтикалық кешкі асқа шақыру әлбетте дұрыс шешім дей алмаймыз. Сол себептен, жігітіңді "тәрбиелеп", романтика жасауға итермеле. Дегенмен, өзің күтпеген жерден тәтті торт жасап, жігітіңді таңырқата аласың. Кездесуге өз қолыңмен жасалған тағамды бірге ала шықсаң, нағыз романтика осы болмақ. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: vk.com 

М. Оңғарова