Тұрмысқа шыққанға дейін не істеп үлгеру керек?

Тұрмысқа шыққанға дейін не істеп үлгеру керек?

Қазақ қызын ес біліп, етек жия бастағаннан-ақ, жат жұрт үшін тәрбиелейді. Заманауи бойжеткендердің өзі "Қыз – қонақ", "Қыз мұраты – кету" сөздерді жақсы біледі. Сондықтан да, нәзік жандыларымыз өзін жаңа өмірге іштей дайындауы керек. Күндердің күнінде сіздің арманыңыздағы ханзада – батыл, ақылды, қайсар жігіт жүзік ұстап шыға келгенде қайтарға жол болмайды. Ендеше, қыздың тұрмыс құрмай тұрып үлгеруі керек маңызды дүниелерін еске түсірейік.

Университетке түсу

Жоғары білім – қашанда құрметке лайық. Қандай жерге келін болсаңыз да, "Ал сен қай жерді бітірдің?" деген сұрақ шығатын болады. Жалпы, қазіргі ата-ана "қызым өзге әулетке көсеу емес, диплом ұстап барсын" деп армандайтын болды ғой. Сізге, бітіргенше тұрмыстан бас тарт демейміз. Біліміңізді жетілдіріп үлгеріңіз.

Құрбылармен араласу

Сіз ақ көйлек киіп, жарыңыздың табалдырығын аттағаннан кейін, басқа ақ орамал тағылғаннан кейін, әсіресе, отбасында іңгәләған сәби пайда болғаннан кейін бәрі де қалады. Осыған дейін өмірлік құрбы табуға тырысыңыз. Жаңа орталарды көріңіз, жаңа дүниелерді біліңіз. Ел аралаңыз, мүмкіндік болса, шетел асыңыз, немерелеріңізге айтатын естеліктер қалдырыңыз.

Ата-анаға көмектесу

Ата-ана баласын оқытқаннан кейін бір жақсылық күтеді, баламыз "адам" болар деп үміттенеді. Егер сіз ақылы оқуда оқып, төрт жыл бойы ата-анаңыздың ақшасын судай шашып, тұрмысқа шығып кете салсаңыз, олардың көңілі қалмайды емес, қалады. Жо-жоқ, біз мансап қуыңыз, ата-анаңызға көлік алып беріп, үй салыңыз демейміз. Сіздің мақсатыңыз – өз ошағыңызды тұтатып, адал жар болу. Дегенмен, ата-анаңызға аз-кем көмек көрсетіп кетсеңіз, 20-30 жылдан кейін өкінбейсіз деп ойлаймыз.

Үй шаруасына беймделу

Жаңа ортаға барғанда сіздің алған жоғары баллдарыңыз немесе қызыл дипломыңызға емес, үй шаруасына деген ебіңіз жоғары бағаға ие болады, сынға алынады. Тіл білген, шетелде оқыған жақсы ғой, бірақ, тамақ жасауды, қамыр жаюды, киім үтіктеуді білмесіңіз жақсы әйел, келін бола аламын деп ойлайсыз ба?

Отбасы өмір туралы зерттеу

"Үйлену – оңай, үй болу – қиын" дегенді қанша рет естігеніңізді санап бере алмайтын шығарсыз, өзіңіз біреуге айтқан да шығарсыз. Алайда, бұл жай ғана айтылатын сөз емес, зерделеуді, содан нәтиже шығаруды талап ететін тіркес. Қазір сіз жігітіңізді ес-түссіз жақсы көресіз, алайда, отбасылық өмірде кездескен алғашқы қиындықтарға махаббатпен қана төтеп беруге болады деп ойламаңыз. Сізге ақылды, дана, сабырлы болу керек. "Еркек – бас, әйел – мойын" немесе "Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі" деген даналы сөздердің түп төркінін түсініп көріңіщ. Иә, мұның бәрі өмірлік тәжірибемен келетіні рас. Дегенмен, үлкендердің ақылын тыңдап, сабақ болатын оқиғаларға ой жүгіртіңіз. Әйел мен ер қатынасындағы қағидалар, әйелдің міндеті туралы оқып-білгеніңіз абзал.

Әрине, мұның бәрі жай ғана дайындық, қалғаны тағдырыңызға байланысты. Бастысы – жар таңдауда қателеспеу және сол жарға лайықты бола білу. Сіздің мансап үшін емес, әйел, ана болуға жаратылғаныңызды естен шығармаңыз!

Дайындаған: Бұлбұл Дәрібаева

Сурет:vk.com