Алыс жүріп, жақын болу

Алыс жүріп, жақын болу

Бүгінгі таңда сүйіктісінен алыс тұратын жандар аз емес. Бірі шетел асып, білім алса, екіншісі ортаға талай телегей теңізді тастап, жұмыс жайымен жүр. Бүгінгі тақырыбымыз осындай аралары қашық болса да, жүректері бірге соғатын жандар жайлы болмақ. 

Сан мыңдаған шақырым қашықтықты жеңіп, қосылған ғашықтар аз емес. Керісіншесі де бар. Осындайда бір-біріне деген сезімді қалай сақтап қалуға болады? Көзден кетсе көңілден кетеді деген қаншалықты шындық? Сүйіспеншіліктері ұзаққа созыла ала ма? Әңгіменің шыны керек, жаныңдағы жақсы адамың алыста болған жағдайда, екеуара қарым-қатынасты бірқалыпты сақтап, шиеленісті болдырмау – үлкен махаббаттың еншісінде. Ал тұтанған махаббатты өшіріп алмай, оны түтетіп, алауға айналдыру қос ғашықтың  ғана қолында.

«Жақсы көру – не деген керемет ең...»

Көп көрісе бермейтін ғашықтар уақыттың қадірін біледі десек, қате айтпаспыз. Сирек көріп, сағына қауышатын бұл қауым бар уақытын байыппен, асықпай және мәнді етіп өткізуді құптайды. Мұндай қарым-қатынастың басты артықшылығы әр адам өзінің жеке, тұлғалық болмысын сақтап қалады. Әдетте қыз не жігіт сүйіктісінің ыңғайына қарап, өзінің «менінен» алшақтай бастайды. Өзі шешім қабылдап, әрі қарай дамылсыз дамуға еш кедергі болмайды. Психологтардың айтуынша, бірге тұратын жанұя мүшесінің бірінде толық бейімделу процесі болады екен. Дау-дамайдың басы да көбіне осы мәселеге кеп тіреледі.

 «Мен сені қатты сағындым...»

Сағыныш... Нендей қарым-қатынастың басты кемшін тұсы да – осы. Бірін-бірі көруге ынтық адамдардың сағынышын баса алмауы –  көңілдеріне қаяу түсіретіні рас. Айтарлықтай уақыт бөле алмай, аз тілдескеннен кейін қыздың да, жігіттің де болашаққа сенімі азаяды. Күдіктеніп, көңілінде күмән ұялайды. Сондықтан да осындай тағдырдың уақытша сынағына төтеп беру үшін қандай әрекеттер жасау керек?

1. Мейлінше көп тілдесу

Сүйіктіңізбен көбірек сөйлесіңіз. Телефон, скайп, Whats up желілері сізге көмектеседі. Болған оқиғаларды айтып, жаңалықтармен бөлісіңіз. Оны қасымда деп елестетіп, өзіңізге жақын тартыңыз. «Телефон шыр етеді, сонда менің жүрегім дір етеді» демекші, артық соғылған қоңырау алыста жүрген сүйіктіңіз үшін өте маңызды.

2. Біз біргеміз

«Біз» деген ұғымды оның санасына сіңіріңіз. Қаншалықты адам өзінше менмен болмасын, адам өз эгосын жеңуі тиіс. «Біз сен келгесін қай жерлерге серуендейміз?» деген ұсақ-түйек әңгімеден бастап, болашаққа жоспар құрыңыз. Екі жарты – бір бүтін демекші, оған «біз бірге боламыз» деуден шаршамаңыз.

3. Ой бөлісіп, пікір алмасу

Көбінде, «ой бөлісудің соңы – дауға әкеліп соқтырады» деген қате түсінік бар. Керісінше, егер адам белгілі бір мәселеге байланысты өз ойын, көзқарасын анық жеткізе білсе, іштегі шері тарқап, босап қалады. Сондықтан пікір алмасудан қашқақтамаңыз! Бірақ айтқандай, дауыс көтеріп, соңы ұрыс-керіске ұласпауын қадағалап отырыңыз. 

4. Арманмен зәулім сарай құрыңыз

Болашаққа жоспар құрыңыз. Жырақта жүрген жандарға көбірек армандау керек. Себебі сезімнен кейін сіздерді байланыстыратын да осы – арман, қиял. Сәл төзімділік танытып, парасатты болсаңыз, берік қақпаның өзі де сіз үшін айқара ашылады.

5. Сенім – сезімді алға жетелейді

Көп нәрсеге ашуланып, булыға берудің қажеті жоқ. Сыртта жүрген адамды кінәлап, айып таға бермеңіз. «Қай жерге?», «кіммен?», «не үшін?» деген сұрақтарды  абайлап қойыңыз. Қайталап, сұрай бермеңіз! Махаббаттың іргетасы сенімнен қаланатынын ескерген жөн.

Сізді сүйген бір жан барын есіңізден шығармаңыз. Көбіне нәзік жандылардың күйзеліске түсуіне себепші – өзін жақсы көретін адамның болмауы. Сондықтан ешкімге керексізбін деп, айналаңызға кері әсерін тигізбеңіз. Мейлі, араларыңызда қанша тау, тас, теңіз, көл жатсын, берік махаббаттың құдыреті оны да жеңбек. Тек тағдырдың тауы жатпасын деп тілеңіз!

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Vk.com

Ұқсас жазбалар:

15 Сәуір. Қашықта жүрген қос ғашық

Алыстағы ғашықтық

Н. Айдархан