Махаббат: бәрі сенің қолыңда ма?

Махаббат: бәрі сенің қолыңда ма?

Оның үрпиген кекілі мен бетіндегі ойығы сенің есіңді алып, ұйқысыздығыңа себеп болғалы, міне, бірнеше апта, ай, жыл өтті... Бірақ сол кекілді-ойықты арманыңды өзіңе жақындату үшін не жасадың, шыныңды айтшы? Өйткені, өзің білетіндей, армандар өздігінен орындалмайды. Әрекет ету керек. Әлде қажет емес пе?

Факт бойынша...

Бар қалауың, арманыңдағы жігіт саған қарай жақындап, қолыңнан ұстап, беліңнен қысып сырлы «Мен сені сүйемінді» айтса дейсің. Ал оның екі көзі төбеде, терезеде, сыртта, кез келген жерде, бірақ сенде емес. Қолыңнан ұстамайды, жақындамайды, құшақтамайды, сырын да айтпайды – ол тіпті сені елемейтін де сияқты. Бұл мәселеге байланысты талай көз жасың төгіліп, оған мүлде ұнамайтындығыңды ойлап, басың қатқан да болуы мүмкін. Бірақ неге әрдайым жағымсыз ойларға берілуіміз керек, бәлкім ол да сені ойлайтын шығар? Бәлкім ол да сенімен кездесуді армандап, бірге серуендеп, оған еркелегеніңді қалайтын шығар? Ал бірге бақытты болу үшін екеуіңнің біреуіңнен бір қадам ғана жетіспей тұрған шығар?

Дұрыс бағыт

Негізінде «Қыз өзі бірінші қадам жасағаны дұрыс па немесе бұл жігітке артылатын міндет пе?» деген сұрақ қиындығы жағынан көптеген математикалық сұрақтарды басып озады. Көптеген интернет-форумдардың көшбасшысы – осы сұрақ. Бірінші болып қадам жасауым керек пе, жоқ па, хабарласуым керек пе, жоқ па, сезімімді айтсам ба екен, айтпасам ба екен, ал егер бірінші қадам жасасам, хабарлассам, сезімімді айтсам, жігіт жаман ойлап қалмас па екен, қалай дұрыс әрекет етуім керек деп миллиондаған қыз бас қатырады. Нақты неден қорқатыны айтылмайды, бірақ үрей болатыны рас... Алайда, ойланып қарасақ, сен ештеңеден ұтылмайсың. Егер бәрі сәтті аяқталса махаббатыңмен қауышасың, ал егер сәтсіз болса – теңдесіз өмірлік сабақ аласың. Және қайсысы пайдалырақ болатынын уақыт көрсетеді.

Алайда бар күш-жігеріңді жинап, ең қиын қадамды жасамас бұрын, ол жігітпен не үшін жақындаспақ ниеттесің, жалпы қажет пе деген сұрақтарды саралап алған жөн. Әлбетте, қыздық абыройыңды шетке ысырып, мәселені өз қолыңа алуыңа бірнеше дәлелді себеп бар: А) Ол сенің тағдырың екенін нақты білесің. Сендер – екі, төрт, тіпті 16 жарты бір бүтінсіңдер. Тағдырдың өзі сені соған қарай итермелеп тұрғандай. Демек ерте ме, кеш пе бірге болатындарың белгілі болса, онда кімнің бірінші қадам жасағаны маңызды емес қой? Ә) Арманыңдағы жігіт сені көре салысымен қызарып, бозарып, қайда кірерін білмей, тілін жұтып, сөйлей алмай қалады. Мұндай ұялшақ адам көп ұзамай өз сезімін білдіреді дегенге сену қиын. Ал егер оған қарағанда сенің батылдығың басым болса, бұл қасиетті неге орынды пайдаланып қалмасқа? Б) Ол сені көргенде ұялшақтығы басым болмайды және сен де оған жабысып, тағдырымсың деп аласұрмайсың. Бірақ оның саған деген көзқарасы ерекше екенін бірнеше рет байқадың. Мұндай әрекеттер кез келген адамның қызығушылығын тудыруы заңды және шындықты білуге итермелейді. Сол шындықты білу үшін маңызды қадамды жасау қажет шығар?

Тәжірибелік жұмыс

Бірінші қадамды жасауға дайын болғаныңмен, оны қалай жасау керектігі де маңызды. Мұндай маңызды сәтте қателік жіберіп алмауды қадағалау қажет, мысалы...

Бір «бірақ»… 

Қаншалықты өзіңе сенімді болсаң да, жеңіс сенің жағыңда екеніне сөзсіз сенсең де, кейде бұл әрекеттер де өзіңе қарсы шығып қалып жатады. Сенің ықыласың қатаң режимді колонияның жарғысына ұқсай бастағанда... Ғашық адамыңның жеке кеңістігіне бас сұғып, толықтай жаулап ала бастағанда... Ол сенің ұсыныстарыңнан қызықты болғаны үшін емес, талап еткенің үшін бас тарта алмаған жағдайда... Оның қарым-қатынас құру ықыласын басасың. Оның көз алдында жалықтырғыш, жабысқақ қызға айналу қаупі артады. Яғни, үш апта бойы оның «қолы бос емес» болса да табандылықпен киноға шақыра бересің, бас тартса қайта-қайта театрға шақырасың, бұдан кейінгі сыпайы бас тартуынан кейін тағы концертке бірге баруды өтінесің... Ықылас білдіру – болжалды нәтижеге бағытталған. Ал егер ешқандай нәтиже жоқ болса, онда ол жабысқақтыққа айналады. Ал сен батыл, белсенді, өзіне сенімді қыздан қызықсыз, қолжетімді және жігіт пен оның бостандығына аса қауіпті қызға айналасың. Өз ықыласыңды білдіру кезінде қызығушылықты сақтап қалу қолыңнан келсе, онда қадам жасаған адамыңа сырлы бикеш болып қаласың. Мысалы, «бірге қартайып, өлейік» дегеннің орнына «рамбутанның дәмі бар балмұздақ жегің келе ме?» сынды ұсыныс әлдеқайда ұтымды. Мағынасы ұқсас болғанымен екіншісінен бас тарта қоймас. Тым құрығанда рамбутанның не екенін және оны немен жейтінін білгісі келгеннен. Оған қоса сенің қандай адам екеніңді де білу үшін...

Күту позициясы

Бірақ, біздің белсенді әрекет ет дегенімізге қарамастан, кейде тартынуға тура келетін жағдайлар болады. Неге және не үшін? Мысалы, жаңадан өрбіп келе жатқан қарым-қатынастарыңды абайсызда таптап алмас үшін. Жаңа, белгісіз романтикалық-еліктіргіш қызығушылықты ұзағырақ сақтау үшін. Жігітке саған біраз үйренісуіне уақыт беру үшін. Батырың өз еркімен шешім қабылдай ала ма, соны тексеру үшін. Оның қоғамдағы ерлердің рөлі жайлы идеологиялық көзқарастарына кірбің келтіріп алмас үшін: мысалы, нағыз жігіт бәрін өзі шешеді, жігіт айтты ма – бітті. Яғни оны тирамису жеп, кофе ішуге, әрине, шақыра аласың, бірақ бұдан да зор ниетіңді білдірмес бұрын жағдайды саралау қажет. Бірақ бұл бірінші қадам жасаудан қашқақтап, бастаманы жігіттің мойнына ілу деген сөз емес. Жай ғана оны бақылау үшін және сенің сезіміңе және батылдығыңа лайық адам ба, соны білу үшін. Оған қоса тағдырыңа өзгеріс әкелетін ғажайып төңкерістің тез болғанынан, оны күту әлдеқайда қызық. Сондықтан жағдайды тездетудің кейде қажеті болмайды.

P.S. Жалпы екі адамның қарым-қатынасы – бұл бір-біріне жасалатын қадамдардан құралатын, алма-кезек ықылас білдіру. Және егер сендердің махаббаттарың бір көргеннен ғашық болу немесе бір көзқарастан түсіне қоятын деңгейде болмаса, неге алғашқы қадам жасап көрмеске? Тым құрығанда ол екінші алғашқы қадамды жасай ма екен деген қызығушылық үшін...

Дайындаған: Анар Мұстафина

Сурет: krasota-tomsk.ru, wikihow.com

A. Mustafina