Бірінші боп сөз айтатын қыздарға қандай көзқарастасыз?

Бірінші боп сөз айтатын қыздарға қандай көзқарастасыз?

Әйелдер мен ерлер тең дейміз. Бірақ күнделікті өмірде бірдей құқық бере алмайтынымыз парадокс емей не? Мәселен, қыз баланың бірінші болып сезім білдіруі бізде жат саналады. Әрине, қазақ мәдениетінде мұндай жағдай жоқтың қасы. Осыған орай, сауалнама жасап көрген едік. Сіз де ой қоса отырыңыз.

Ұл: Онда тұрған ештеңе жоқ шығар. Жігіттердің бәрі бірдей батыл емес. Егер жігіт шынымен ұнап тұрса, неге қызға аздап «намек» тастамасқа?!

Ұл: Алғаш сезімін білдірген қыздарға қарсымын. Егер білдіру керек болса көзінің қиығымен ақ сездіруі тиіс шығар. Тым болмағанда бұрынғы апаларымыз секілді орамал сыйламаса да, соның бүгінгі орнын толтырарлық тәбәрік сыйласа жеткілікті.

Ұл: Қыздың сөз айтқаны біртүрлі ғой. Қыз баласы қылықты келеді. Өзінің сезімін қылығымен білдіруі мүмкін. Ал енді сөз айту деген меніңше дұрыс емес. Ол біздің менталитетке сай емес. Қазақтың қыздары қашанда ибалы келеді деген түсінік менің бойымда сақталғандықтан, мүмкін «комплекс» болғандықтан шығар, әйтеуір қыз баласының сөз айтқанын құп көрмеймін. Бір сөзбен айтқанда дұрыс қыз "легкодоступный" болмауы керек.

Ұл: Білмеймін. Ол да дұрыс шығар. Жігіттер азбыз ғой. Сосын олар өздері бірінші сөз айтады ғой.

Қыз: Ұнататынын айту әбестік деп ойламаймын. Тек, жігітке жабысып алмау керек.

Қыз: Қыз нәзік, ұялшақ, кішіпейіл болғандықтан, бірінші жігіт сөз айтқаны дұрыс қой. Себебі олар ержүрек келеді.

Қыз: Махаббат құрбандықты талап етедi, ол құрбандық қыз бала үшiн-намысы шығар, уақытында айтылмаған шындықтың қадiрi жоқ, егер шын сезiм болса, қыз бiрiншi бiлдiрдi не, жiгiт бiрiншi бiлдiрдi не?!

Қыз: Дұрыс емес, қызға, оның ішінде қазақ қызына жат қылық қой. Ер адам мен әйел адамның арасында жұмыс бабымен байланыс, шығармашылық байланыс болады, әрине. "Қарап тұрған жігітке қыз асылар" деп бабалар осы заманды айтып кеткен  екен онда...

Жігіт: Сөз айтудың да жөні бар. Осы күнге дейін қыздың бірінші болып сөз айтуы өте ұят, менталитетімізге сай емес, ерсі деп ойлаушы едім. Кейін қыз сезімін білдіргенде тұрған не бар деп бірнеше рет достарымды үгіттедім де, іште сақталып, іште ауырғаннан не пайда? Одан да айтып тынсын, ол жүрейік деп жатқан жоқ қой. Жәй сезімін білдіреді, бірақ сезімін бірінші білдірген дос қыздарымның ешқайсысы сол жігітпен бақытты болып кеткен жоқ. Қайта жаңа өмірге қадам басты. Қысқасы, сөз айту туралы ештеме дей алмаймын да, бірақ шынайы сезімін білдіргенде тұрған ештеме жоқ!

Қыз: Кейде өз сезімдерін білдіре алмайтын жігіттер болады, бірақ саған үнсіз қарап жүретін жігіттер болады – соларға бір талпыныс болсын деп білдіруге болады, бірақ алдымен ол жігіт жайлы жақсы білу қажет деп ойлаймын. Себебі қазақтың көп жігіттері қыздың сезімін бірінші білдіруін басқалай түсініп жатады. Көп жігіттер күлкіге айналдырып, мазақтап кететіндер болады. Дегенмен, кейін білдірмегенім-ай деп ішіңнен быт-шыт болғанша бір айтып білдірген дұрыс. Бірақ, сезім білдіру деген осы екен деп оның артынан қалмай қоюға болмайды. Егер жігіт жақсы болса, бір «намектан» түсінеді, ал одан түсінбесе қайта айтып, білдіріп, оған жақындап қажеті жоқ.

Қыз: Бізде «қыздар бірінші қадам жасамау керек» деген стереотип бар. Бұл пікірмен толығымен келісе алмаймын. Мәселе кімнің сезімін бірінші білдіруінде емес, олардың ары қарай жарасып кетуінде.

Қыз: Әрине, дұрыс емес! Дұрыс болған да емес! Қыз қылығымен, тәкәппарлығымен адамды сүйсіндірер... Бір сөзбен көптің көңіліне тиюге болмайды. Қыз – болашақ ана! Жаныңда болар жарың екендігін ұмытпағайсыздар!

Қыз: Қолдаймын. Менің ойымша, қазіргі заманда бәрі болады, 50-100 жылдан кейін біз патриархаттан матриархатқа көшеміз деген ойдамын, өйткені қазіргі кейбір ұлдар қыздардан жаман ерке, кербез, ұялшақ. Қыз бен ұл тең болуы керек.

Көріп отырғанымыздай, сауалнамаға қатысқандардың ішінде қолдағандары да, қолдамағандары да бар болып шықты. Сондықтан тоқеретін айтып, қорытынды жасау үшін Мұратбек Ержақып пен Ғазиза Ұзақтың пікірін білген едік.

  Мұратбек Ержақып: Менің ойымша, әр ұлттың өз салт-дәстүрі болады. Атамыз қазақта қыздары өздері сезімдерін бірінші болып білдірмеген, бірақ та жастардың бас қосатын жиын-тойларында жігіттер мен қыздар бір-біріне сыйлық жасап, ғашықтық көңілін білдіре білген, ән-жырмен. Қыз бала өзінің сыпайылығын сақтаса, қор болмасы анық, біздің жігіттер осал емес қой негізі қызға қарап аузын ашып отыра беретін. Қыз қылығымен жігітті баураса болды.
Ғазиза Ұзақ: Қазақта "Сиыр көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді" деген бар. Сол себептен де өз сезімін білдіруге асықпайтын кей ер азаматтардан бұрын әйел затының озып кетіп, сөз айтуына өз басым дұрыс қараймын. Ұлттық санамызда, қазақи болмысымызда әу бастан-ақ қалыптасқандай, қай заман болмасын, қандай жағдай болмасын әйел заты ер азаматтан бір саты төмен болуы керек.  

Алайда, меніңше, қыз баланың жігітке алғашқы болып өз сезімін білдіруі айыпты іс емес. Керісінше, екі жақтың батылырақ болуына, бір-бірін дұрыс түсініп, келешекте жақсы сыйласуына жол береді деп ойлаймын.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

сурет: vk.com

А. Құлтай