Мегаполисте жігіт табудың 8 амалы

Мегаполисте жігіт табудың 8 амалы

Сьюзан Паттон есімді қарапайым америкалық азаматшаның тұрмыс құруға арналған 8 амалы студенттік газетте жарық көріп, нәзік жандылар арасында қолданысқа еніп кетті. Оның қалыңдықтарға берген кеңестері басылымның сайтында 100 миллионнан астам көріліп, ал «Ақылмен тұрмысқа шығыңыз» атты нұсқаулық кітабы бестселлерге айналды. Ол өз кітабында тұрмысқа шығуға не кедергі болатынын және қандай жағдайда қыз жалғыз қалуы мүмкін екендігін нақтылап жазған және оның алдын алу шараларын да қарастырған. Жазушының басты нұсқаулықтарын назарларыңызға ұсынамыз.

Жаман әдеттеріңізді көрсетпеңіз

Сьюзан Паттон ұсынған кеңестер өте қарапайым. Ол дәурені өтпей тұрғанда күйеу іздеуге тезірек аттануға шақырады. Дәлірек айтсақ – болашақ балаларының әкесін топтастардың арасынан іздеуге кеңес береді. Тәжірибелі Патонның ойынша, күйеу болуға лайықты жігіттерді оқып жүрген институтынан іздеу керек екен.

Сьюзанның пікірінше, қыз баланың қанша жаман әдеті болса да және оны ол қалыпты санаса да, жігіттерге көрсетпеуі қажет. Сол себепті танысуға кафе, бар сынды орындарды таңдау – қате. Оның орнына мұражай, көрмелерді жиі аралауды ұсынады. Ішкіш, бұзық жігіттер мұндай орындарда жүруі екіталай, алайда ақылды жігіттермен танысу мүмкіндігі артады.

Гаджетсіз өмір сүріңіз

Телефон, плеер, планшетіңізден қаншалықты жиі айрыласыз? Тек ұйықтағанда ма? Онда жалғыздыққа душар болдым дей беріңіз. Сьюзан Паттон гаджет сүйгіштерге алдын ала ескерту жасайды: арманыңыздағы жігіттен құр қалмай тұрғанда құлағыңыздан құлаққапты шығарыңыз, экраннан басыңызды алыңыз. Түскі ас кезінде телефонға шұқшиып, паркте отырудың орнына серуендеңіз, өтіп бара жатқан сымбатты жігітке жымиыңыз.

Ашық-жарқын киініңіз

Қара түс әрқашан сәнде болады және әлемдегі көптеген әйелдердің таңдаулы түсі екені сөзсіз. Бірақ Сьюзанның пікірінше, бұл түс тұрмысқа шықпаған қыздарға жарамайды. Қара – бұл ерлер түсі және әйелдердің биязылығын айқындамайды. Қыздар өздеріне назар аударту үшін жылы реңкті киімдерді кигені абзал. Ал қара түс керісінше жігіттерді алыстатады.

Махаббатты әріптестеріңіздің арасынан іздемеңіз

Біз көп уақытымызды офисте өткіземіз. Мұндай жағдайда әріптестердің біреуіне ғашық болып қалу әбден мүмкін. Әсіресе, ақылды, ересек, қалталы көрінетін бастыққа ғашық болып жататын бойжеткендер өте көп. Алайда Сьюзанның пікірінше, қызметтестер романы көбіне жалғыздыққа ұрындыруға ықпал етеді. Мұндай қарым-қатынастардың көбі бақытсыздықпен аяқталады. Нәтижесінде қыз жүрегі жараланып, күйеусіз, жұмыссыз қалады. Сондықтан бастықтарға көз салуды доғарыңыз.

Жігіттермен азырақ дос болыңыз

Қанша жерден әңгімелеріңіз жарасып, олармен жиын-отырыстар қызық өтесе де, кілең еркектердің ортасында арманыңдағы жігітті кездестіру екіталай. Сондықтан достармен өткізілетін отырыстардың уақытын қысқартып, басы бос жігіттер келетін жиын-отырыстарға көбірек баруға тырысыңыз.

Жас шамаңызды ұмытпаңыз

Өкінішке орай, биологиялық уақытымыз жыл өткен сайын зымырап өтуде. Сьюзан мұны естен шығармауға шақырады. Еркектер оларға бала туып бере алатын жас қыздарды іздейді. Сондықтан ана болу бақытын кейінге қалдырмай, тезірек қимылдау қажет. Мәнсап пен той-думан күте тұрады.

Міндеттемені арттырыңыз

Ешқандай міндеттемесіз қарым-қатынас, Сьюзанның пікірінше, - жалғыздықтың бір себебі. Оңай қол жетімді болудан аулақ болыңыз. Тез берілетін, есесіне ештеңе сұрамайтын қызды тұрмыс құруға шақырудың не қажеті бар?

Босаңсымаңыз

Үлкен қалада өмір сүріп, кез келген қалауыңа жедел қол жеткізу – бұл керемет. Бірақ бұл жалқаулық дәуірі неге ұшыратуы мүмкін ? Тағамды үйге жедел жеткізу, кездеспей-ақ интернетте әңгімелесу, кинотеатр, театрға бармай-ақ ноутбуктен көре салу. Арманыңдағы жігітті қайдан кездестіресіз? Егер төртқабырғалы әлемде ноутбукпен өмір сүрсеңіз ешқайдан кездестіре алмайсыз. Сьюзан жиі далаға шығып тұруды ұсынады. Әлеуметтік желілер мен виртуалды достардың орнына өмірлік достар тауып, олармен жиі серуендеп, шақырған жерден қалмай, барлық мүмкіндікті пайдалануға тырысыңыз.

Сурет: fotokadr.org, crirussian.ru, veta.kz, yvision.kz, weddywood.ru, aidahar.kz

Дайындаған: Анар Мұстафина

Тақырып бойынша:

Арманыңдағы жігітке жолықтырар 16 қадам

Неге тұрмысқа шыққым келеді?

Қыздар тұрмысқа шығу үшін нені күтеді?

Тұрмысқа шықпайынша жасауға болмайтын 10 іс

A. Mustafina