Әлеуметтік желілердегі 7 "күнә"

Әлеуметтік желілердегі 7 "күнә"

Адамның әлеуметтік желідегі парақшасы оның иесі жайлы көп нәрсе айта алады. Виртуал әлем көп дүниеге ерік бергенімен, іс-әрекеттеріңізді бақылауда ұстап отырған да дұрыс. "Сырт көз - сыншы" демекші, сіздің әрбір сөзіңізді өзінше түсінетін "достарыңыз" жетерлік.

1. Елдің көзінше қайғыру
Кейбір адамдардың парақшасы қайғылы статустарға, жан тебірентерлік әуендерге, мұңды суреттерге толы болады. Бұл ісімен азап шегуші өз халінен хабар бергісі келеді және интернеттегі адамдардың оған аяушылықпен қарағанын қалайды. Әдетте бұндай жандар бұндай жазбаларын белгілі бір лирикалық кейіпкерге жолдайды. Көп жағдайда ол кейіпкер мұның бәрін сырттай бақылап жүреді.

2. Парақшаны өшіру
... ал кейін қайта қалпына келтіру... кейін қайта өшіру, кейін қайтадан қалпына келтіру... Желідегі достар мұны байқап қалып, мазаққа айналдырмайынша бұл әрекет осылай шексіз жалғаса береді... Бұл жаңа өмір бастағысы келген, немесе күйзелістің әсерінен өзіне назардың ауғанын қалап жүрген адамның ісі. Қалай болғанда да, сырт көзге бұл ерсі көрінеді, әсіресе ер адамдар үшін.

3. Троллинг
Жарымжан адамдарды кемсітіп, әлсіздерге қоқан-лоқы көрсету. Адамдардың мұндай адамгершілікке қайшы қылықтарға баруының себебі олардың ішкі комплекстерінде жатыр. Әлсіз адамға зәбір көрсету арқылы олар өзінің біреуден артық екендігін көрсеткісі келеді. Ал интернетте бұл үшін ешкім келіп құлақ шекеңнен періп кетпейді. Қайсар адамдар рингте күш сынасып жатса, тролльдар интернетте еш жазықсыз адамдардың жүйкесін тоздырып, береке таптырмайтын дүниені дәлелдеумен күнін өткізуде.

4. Біреудің атынан сөйлесу
Әдетте, мұны өзіне сенімсіз адамдар жасайды. Алайда кейбір адамдар жеке басының қауіпсіздігін ойлап, шын суреттерін интернетке ілмеуі де мүмкін. Енді біреулері керісінше, өз суреттерімен парақшасын толтырып тастайды. Адам психологиясының күрделі екендігін осыдан-ақ байқауға болады.

5. Жағымсыз суреттерде достарды белгілеу
... әрине, олардың келісімінсіз және алдын ала ескертпей. Белгі қойылса, бітті, онлайн отырғандардың бәрі сенің кеше қалай көңіл көтергенің туралы біліп отырады.

6. Бұрынғы махаббатыңның парақшасын зерттеу
Олардың таспасын бақылап, сені әлі есіне алатындығына, қайғырып жүргеніне дәлел іздеу. Ара-арасында абайсызда «Ұнады» батырмасын басып қалу. Бұның асқынған түрі де бар – қосымша парақша ашып, біреудің атын жамылып бұрынғы махаббатыңмен тілдесу, оның жеке өмірі туралы егжей-тегжейлі білгің келу. Шындығында, бұл өте аянышты көрініс.

7. Дауыс берші деп сұрау
Достарыңнан немесе таныс емес адамдардан, олардың достарынан саған дауыс беруін сұрау. Мұндай өтініш алған 98% адамдардың реакциясын білу үшін экстрасенс болудың қажеті жоқ, бірақ соған қарамастан күн өткен сайын бұл құбылыс қайталана беруде.

Сурет: techno.bigmir.net

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina