Сөзбен емделу құпиясы

Сөзбен емделу құпиясы

Шығыста «Адамның өз ойлары тудыратын қасіретті тіпті ең жаман дұшпаны да тілемейді» деген сөз бар. Ежелгі тәуіптердің бірі Авиценна да: «Дәрігердің ауруды емдеуге үш құралы бар – сөз, емдік шөптер, пышақ» деген екен. Байқағандарыңыздай бірінші кезекте – сөз.

Париж ауруханаларының бірінде жас психолог Эмили Кьи өз пациенттеріне күніне үш уақыт ойша және ауызша 10 рет «Мен күннен күнге жақсарып жатырмын» деп айтуға бұйрық берген. Және бұл сөздерді жаттанды қайталамай, мүмкіндігінше айқындап, сеніммен айтуға тырысу керек болған.

Бұдан не шықты дейсіздер ғой? Үш айдан кейін осы дәрігердің пациенттері аурухана дәрігерлерінің басты әңгімесіне айналды, ал кейін тіпті Франция жұртшылығын шулатты.

Ғажайып сияқты көрінгенімен, анығы сол: ауыр халде жатқан аурулар бір ай ішінде жазыла бастаған, ал кейбіреулеріне отаның да қажеті болмай қалған. Яғни, ежелгі ұлы ғалым Парацельстің «Ғажайыпты сенім жасайды» деген сөздері ақиқатқа айналды.

Біздің денсаулығымыз – адам ойына тікелей байланысты. Адамның психикалық және физикалық жағдайының арасында байланыс бар екенін бүгінде ешкім жоққа шығармайды.

Өз денсаулығыңа сенім мен жағымды эмоциялар барлық аурулардың, кез келген жұқпаның алдын алады дейді психологтар. Жаман ойлардың күйрету қасиеті бар. Мысалы, ашу-ыза асқазан-ішек жолдарының ауруын тудырады. Өкпе-реніштер уақыт өте келе бауыр, ұйқы безі, холецистит ауруларын тудырады.

Психологиялық маңызды заңдардың бірі былай дейді: махаббатыңды, сүйіспеншілігіңді және масаттануды сөзбен жеткізгенде, естіген адам бұл сөздерден өмірлік энергия алады.  Ал керісінше зұлым және жаман сөздер тыңдаушының энергиясын қашырады.

Жаман ойлардан туындайтын аурулардың саны күн санап өсуде. Оларға төтеп беру үшін ежелгі даналардың кеңесін қолданысқа енгізуіміз керек — қаншалықты ауыр болса да, өмірге риза болу!

Сонымен, адамның денсаулығы, өмірі мен тағдыры оның ойларына тікелей байланысты.

Жақсы ой ойласаң – жақсы болады,
Жаман ой ойласаң – жаман болады.

Әрдайым ойлайтын ойларымыз дәл солай болатынына сенім тудырады. Және сол сенім сондай оқиғаның болуына жағдай жасайды...

Сондықтан бүгіннен бастап тек жақсыны ойлап, тек жақсыға үміттенейік.

Инфарк пен жүрек жетімсіздігінің алдын алатын америкалық маман кардиолог Роберт Элиоттың алтын екі ережесін ұстануға тырысыңыз. Бірінші ереже: Болмашы дүниеге ашуланбаңыз. Екінші ереже: бәрі болмашы дүние.

Сурет: krugsveta.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina