Ызыңдап, жүйкеге тие бермеңдерші...

Ызыңдап, жүйкеге тие бермеңдерші...

Қыздар неліктен жігіттерін шаршатып, әр нәрсеге өкпелей береді? Көңілдері ешбір нәрсеге толмай, не істесең де, жақпайсың. Әлемдегі жігіттердің бәрі де қыздардың осы қасиетінен шаршады. Иә, әр арудың бойында аналық махаббат пен тәрбие беруге деген құлшыныс жатыр. Кішкентай кезінде қуыршақтары мен күшіктерін, өсе келе, жігіттері мен күйеуін тәрбиелейді. Әрине, олары жөн-ау. Бірақ, бәрібір шаршадық... Жігіттердің көзқарасы бойынша, бұл тәрбиелеу емес, ызыңдап, жүйкеге тиюдің нақ өзі.

1. Айыптау белгісі.

Қыздардың бұндай қасиетіне тап болғандардың әңгімелері бірдей. Басында бәрі де керемет: махаббат, болашаққа деген үміт, сұлу да ақылды, сүйікті қыз... Бірақ аяқ астынан біздің, жігіттер қауымының, жасырып жүрген қасиеттері қылтия бастайды. Аяқ киімімізге жараспайтын шұлық таңдап, қажет емес нәрсеге ақша құртамыз, жұмысқа тым көп уақыт бөліп, ғашығымызға бір рет те себепсіз гүл сыйламаппыз! Осыларды түсіне отырып, істемейміз. Бірақ, бастысы - шынайы сезім емес пе? Қолымыз қалт еткенде, сендерге алып-ұшып тұрамыз. Бір рет қуантайын деп артымызға гүл шоғын жасырып келсек, "Менің сүйікті гүлім бұл емес қой..." деп бұртиясыңдар. Ақырында біздікі әр уақытта дұрыс емес болып шығады. 

2. Нақты айт!

Жігіт пен қыздар логикасының әртүрлілігі осында да байқалады. Қыздардың ойлауынша, олар бізге тек жақсы ниетпен "мылжыңдайды", бізді жақсыға баулып, тәрбиелегісі келеді. Шын мәнінде, біз оларға құлақ асамыз. Бірақ, мойындамаймыз. Өйткені, әйел адам қашанда ер адамнан төмен тұрған. Бұндай түсініспеушілік жігіттердің қабылдау қасиетіне байланысты екен. Мысалға, біз сенің туыстарыңның туған күні жайлы ұмыта берсек... Жынданып, жер тепкілеп шығасыңдар! Бірақ, бұл біздің ұмытшақтығымыздан емес, қазақта туыс дегеннің көптігінен емес пе?! Әлбетте, хабарлама жазып не қоңырау шалып туған күнмен құттықтау ешкімге де қиын емес. Егер осыншама ашу мен ыза төгудің орнына мынадай хабарлама жіберсең, бәрі де жақсы болар еді: "Жаным, бүгін сағат 13:00 де менің әпкеме телефон шалып, туған күнімен құттықта! Мынау нөмірі".

Жігіттер ымдап, тұспалдап айтылған нәрселерді, эпитет, метафора, теңеу, басқа да лексикалық ұғымдарды жіті түсінбейді. Сондықтан жігітің саған өзің ұнатпайтын гүлді әкеле берсе, "Жігіттердің бәрі бірдей, сен мені сүймейсің" десең, ешқашан ол мәселенің гүлде екені түсінбейді. Тек менің сүйікті гүлдерім мынандай деп айтсаң, соның өзі жеткілікті. Өзіңді бір қимылыңнан түсінетін жігітті іздейсің бе? Ендеше есіңе Шерлок Холмсты түсір. Бірақ сені түсінумен қатар, ол бар теріс жақтарыңды да байқайтынын ұмытпа. Қолыңның жаңа лагын байқап, сөмкеңнің түсіне комплимент айтатын жігіт Жер планетасынан емес. 

3. Өз-өзіңді түсінбесең, сені кім түсіне алады?

Мынандай мысалды қарастырайық. Жігітіңнің құрбыларыңа деген артық көңілі ұнамайды. Біреудің ауыр сөмкесін көтеріп, екіншісіне комплимент айтып қоймайды. Істер шараң әлбетте, мынау: "Менің қыздарыммен араласпа!" Сосын екі сағаттан кейін жақын құрбың телефон шалып: "Сенікі менімен амандаспай, тіпті мен жаққа бұрылмай өтті. Екеуің ұрсысып қалдыңдар ма?" дейді. Сен дереу серіңе екінші тапсырма бересің: "Сен мені дұрыс түсінбедің, әрине олармен амандас, алайда оларға көмектесіп, ерекше көңіл бөлме". Ол тек: "Жақсы, жаным" деп үлгереді. Бір уақыттан кейін басқа құрбың оның өзін ауыр дорбалармен көре тұра, қасынан беті бүлк етпей өте шыққандығын айтады. Әрі қарай жігітіңе қоңырау шалу ызыңдау емей немене? Жігіттер бұндайда "Өзі не қалайтынын білмейді" дейді. Әрине, сен өз қалауыңды білесің. Алайда оны дұрыстап жеткізе алмайсың. Сондықтан жігіттен не күтетініңді бірінші өзің ойланып, сараптап, сосын барып нақты түрде айтқаның жөн. Айта кетсек, бұндай  қыздар жігіттер арасында ерекше ықыласқа ие...

4. Сериалқұмар қыз.

Кейде қыздар осының бәрін де түсінетін болып көрінеді. Тек өздерінің маңында шоу, сериал істеуге құмар-ақ. 10 минуттық әңгімені бірнеше сағатқа созу да өнер ғой. Бірінші олар өкпелейді, сөйлеспейді, сосын "Сен мені сүймейсің" сияқты сөздер кетеді. Артынан жігітінің шарасы таусылып, зығырданы қайнап, ортада жанжал туады. Өзің ойланып көрші? Жігітің мен арадағы ұрыстың көбін бастайтын кім?

Қыздар, түсініңдер, ақыл айту мен ызыңдап жүйкеге тию - екі бөлек ұғым. Екеуі екі бөлек мақсатта айтылады. Алдымен қандай мақсатты көздегеніңді сарапта. Жігітіңе жақсы қасиеттер мен ұқыпты болу туралы айтқың келді ме? Әлде эрудицияң мен мысқыл сезіміңді танытып, жігітіңнен үстем екеніңді дәлелдегің келді ме?

Сурет: postun.com

С. А