Эмоционалды жасыңыз нешеде?

Эмоционалды жасыңыз нешеде?

Адам баласының үш жасы болады: физикалық, ақыл-ойлық және эмоционалды.

Физикалық – адам денесінің жасы, оны анықтау аса қиын емес.

Ал ақыл-ой жасы – адам санасының дамуымен, аналитикалық ойымен, тапсырмаларды шеше алу қабілетімен тығыз байланысты.

Эмоционалды жас – тұлғаның эмоционалды жетілуінің дәрежесі. Яғни, 50 жастағы азамат кішкентай баланың жасын иемденуі мүмкін. Керісінше бөбек қарт кісінің күйінде болады.

Мәселен, сіз 30 жастасыз, бірақ 23-тегі кезіңіздегі мінезіңіз, әдетіңіз сол күйі қалып кеткендей көрінеді. Осындай сезім таныс па? Мұндай ерекшеліктер ерлерде де, әйелдерде де бола береді.

Эмоционалды жастың пайдасынан гөрі зиянды тұстары көп. Отызды алқымдаған, бірақ, 19-20 да қалып қойған жігітің өмір ағынымен ілесіп жүруіне, отбасын құруына, әйелін бағындыра алуына кедергі келтіреді. Ал әйел мұндай жағдайды түсінбей, қайғыға батуы мүмкін. Нәтижесінде түсінбеушіліктер пайда болып, отбасының ыдырауына апарып соқтырады.

Дәл қазір эмоционалды жасы 15-20-дағы адамның ерекшеліктеріне тоқталғымыз келеді. Мұндай адамдар салмақты қарым-қатынастарға әлі де дайын емес.

1. Эгоцентризм – ол әрдайым өзін алдыға қояды, оның сөздерінде "мен" басым және өзіне келетін пайданы ғана ойлайды.

2. Бүлікшілік немесе шыдамсыздық – оған кеңес беру мүмкін емес, ол сіздің кеңестеріңізге әрдайым "мені үйретпе", "сен мені басқарып алмақшысың", "менің бостандығыма қысым жасайсың" деген сөздерімен жауап береді.

3. Ол студент жылдардан қалған ескі заттарын, киімдерін, жиһаздарын әрдайым сақтап жүреді.

4. Ол сіздің жаныңызда болғанға қарағанда, достарымен сыраханада, дәмханада кездескенді құп көреді.

5. Ол жеке қызығушылықтары (футбол көру т.б.) үшін айналасындағыларға да, өзіне де ыңғайсыздық тудырады.

6. Ол мультфильмдердің күлкілі кейіпкерлерін қызық көреді, көліктердің логотиптерін жинайды т.б.

Ал енді эмоционалды жас туралы түсінген болсаңыз, өз жасыңызды анықтап көріңізші. Сіздің бойыңызда қай жастағы мінез-құлық, әдет қалып қойған?

Анықтау қиынға соғып жатса, мына бір сынақты пайдалануыңызға болады.

Мен өзімді _ жастағы адамдай сезінемін.

Менің сыртқы келбетім _ жастағы адамға ұқсайды.

Менің қызығушылықтарым мен айналысатын істерім _ жастағы адамға ұқсайды.

Менің күнделікті тұрмыстағы жүріс-тұрыс, мінез-құлқым _ жастағы адамға ұқсайды.

Енді бос орынға қойылған сандарды қосыңыз да, төртке бөліңіз. Шыққан нәтиже сіздің эмоционалды жасыңызды көрсете алады.

Жасыңыз қаншада екен?

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com