Ашушаңдықтың сыры неде?

Ашушаңдықтың сыры неде?

Бір қарағанда маңызы жоқ сұрақ болып көрінуі мүмкін. Алайда өміріміздің барлығы дерлік қарым-қатынастың негізінде құралатындықтан, кез келген адаммен тіл табыса білген жөн. Бүгінгі таңда "Табиғатынан жанжал шығарғыш келетін жандар көрінген адаммен ұрысып жүреді және ол мінезі еш өзгермейді" деген пікір қалыптасқан. Алайда бұл пікір қате. Ашу ешкімге жайлылық сыйлап көрген емес. Адам баласы жанжалға тап болған кезде ашуға бой алдыруының себебі неде? Мәселе адам баласының жаны мен тәніне қажетті қажеттіліктердің өтелмеуінде. Американдық психолог Абрахам Маслоу кез келгенімізде кездесетін 5 қажеттілік деңгейін атап көрсетеді. Олар:

Бірінші деңгей ағзаның өмір сүруі үшін арналған қажеттіліктер. Бұнда тамақ, ұйқы, демалыс секілді қажеттіліктер кіреді. Осылар жоқ болған жағдайда адам баласы өзін әлсіз сезініп, жылдам қозғалыстан қалады. Осы қажеттіліктері барынша өтелген адамдарды жек көре бастайды.

Екінші деңгей қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Болашаққа жоспар құрып бүгінгі күнмен өмір сүруі үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек. Бұл адамдардың шынайы кедергілерден қорғанғысы келгендігінен туған. Екінші деңгей өтелмеген жағдайда адамның бойын қорқыныш пен үрей билей бастайды.  

Үшінші деңгей әлеуметтік ортаны қажетсіну. Яғни отбасылық өмірде, достардың тарапынан, бейтаныс адамдардан болсын өзіне деген жылы қарым-қатынас қажет. Өтелмеген жағдайда жалғыздық қасіретіне тап болады.

Төртінші деңгей қоршаған ортаның тұлға ретінде мойындауымен тікелей байланысты. Оған билік, атаққұмарлық, басқару ісіне араласу, марапаттарға ие болу жатады. Олар өтелмеген жағдайда адам іштей құлдырап, қоғамнан біржолата алыстайды.

Бесінші деңгей адамның өзін көрсетуімен, өмірде өзі жақсы меңгерген сала бойынша орын таба білуімен тікелей байланысты. Бұл деңгей өтелмеген жағдайда өзгелерден ұялып, өзін кінәлі сезінеді. Осы қажеттіліктердің барлығы өтелген кезде ғана адам баласы шынайы бақытты болады.

Кейбір адамдардың тез ашулануының себебі неде?

- Адамдардың ашуланшақтығы жоғарыда келтірген қажеттіліктердің өтелмеуімен тікелей байланысты. Ақша жоқ болғандықтан, қарны ашып, суық күнде киімсіз мұздап жүруі мүмкін. Яғни, материалдық жағдайға тікелей байланысты;

- Қарым-қатынастың жетіспеушілігінен жаңа таныстармен дұрыс араласа алмауы мүмкін;

- Қоршаған ортасы мойындап, сыйламайтын адам шығармашылық белсенділіктен айырылып, өмірде өз орнын таба алмай қалады.

Жанжалды алдын алуға көмектесетін Глеб Жегловтың 5 ережесін ұсынамыз:

1. Адамдармен сөйлескен кезде көбірек күліңіз. Олар сізді бұл қасиетіңіз үшін жақсы көруі мүмкін.

2. Әңгімелесушіңізді ықыласпен тыңдап, өзі туралы көбірек айтуына мүмкіндік беріңіз.

3. Оған қызық болатын тақырыпты таңдай біліңіз.

4. Адам баласына жағымпазданып, жанашырлық танытудың орнына шынайылық танытып, жан-дүниесіне енуге тырысыңыз.

5. Жақсы сөзді көтеріңкі-көңіл күймен жеткізе білуіңіз керек. Көп нәрсе дауыс ырғағына да байланысты.

Ашулануға жол бермеудің тәсілдері:

1) Әңгімелесушімен байланыс орнату;

2) Сізге айтпақ болғанын мұқият тыңдау;

3) Өз пікіріңізді білдіріп, көмек керек болса, қол ұшын беру.

Бұлардың бірін ретке келтірмей жатып, екіншісіне өтудің қажеті жоқ.

Байланысты қалай орнатуға болады?

Келесі бір адаммен байланыс орнату үшін көп уақыттың қажеті жоқ. Бастысы бір-біріңізге қызығушылық танытуларыңыз қажет.

1) Көзбе көз түйісу. Көз түйістірудің арқасында өзге адамның сеніміне кіруге болады. 

2) Көрісе салысымен күлімсіреп, әңгіме барысында да көтеріңкі көңіл-күймен отыруға тырысыңыз.

3) Сөз саптауыңызға, өзіңізді ұстай білуіңізге мән беріңіз.

4) Алақандарыңызды ашық ұстауға, орындықта тік отыруға тырысыңыз. Әңгімелесушіңізге деген сый-құрметіңізді білдіргіңіз келсе, қалтаға қолды салу немесе айқастырып ұстау секілді әдеттерден аулақ болыңыз.

5) Ара-қашықтық мәселесін де ескеріңіз.

Мұқият тыңдау үшін не істеу керек?


1) Сөйлемеуге тырысыңыз

Сөйлеп отырып тыңдау мүмкін емес. Уақыттың өтіп бара жатқанына мән берместен ұстамдылық танытуға тырысыңыз. Тыңдап отырғандығыңызды қимыл-қозғалыстарыңыз арқылы білдіріп отырыңыз. Ақыл сұрамаған адамға оны айтып әуре болмаңыз. Біреуді сыртынан жамандап, сөз таластырудың да қажеті жоқ. Пікірсайыста жеңген адам шындығында жеңілетіндігін есте сақтаңыз.

2) Анықтаңыз

Кейде жақын адамдарыңыздың мінезін түсінбей жатсаңыз, терең зерттеулер жүргізудің қажеті жоқ. Бар болғаны мәселенің басын ашып, анықтап көруге тырысыңыз.

3) Перифраздар айтып отырыңыз. Яғни әңгімелесушіңіздің айтқандарын қоштап, қайталап отырыңыз. Мысалы, «Менің түсінуімше..., «Сіздің айтқаныңыздан түсінгенім...» секілді тіркестерді пайдаланыңыз.

4) Ым-ишара тіліне де мән беріңіз. Кейде адамға қарағанда қимыл-қозғалысы дұрыс ақпарат береді. 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: goo.kz

Қ. Бүйенбай