Наразылықты қалай білдіреміз?

Наразылықты қалай білдіреміз?

Жаныңыздағыларға айтар наразылығыңыз көбейіп, оларды міндетті түрде айту керек болса не істейсіз? Оларды неғұрлым ертерек айтқаныңыз өзіңізге жақсы. Мұнымен қатар, мәселелерді талқылау үшін тәулік уақытының да әсері бар.

Наразылықтар «сен мені түсінбейсің» сөздерінен басталып, ауыр айыптарға дейін баруы мүмкін. Оның себебі келесі бір адамның қылығының бізге ұнамауында, біздің көзқарасымызға сәйкес келмеуінде.

Біреуге ренжіген кезде сөйлемей, жақтырмағанымызды түрімізбен көрсетер болсақ, бұл қылығымызбен ешқандай нәтижеге жете алмаймыз. Бар болғаны мәселе ушығып, қарым-қатынастарымызға сызат түседі. Ақыр аяғында жақын адамымыздан, әріптесімізден, достарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Ал біздің мақсатымыз сол жылы қарым-қатынастарды қандай жағдай болмасын сақтап қалу.

Ренжіген жағдайда наразылықтарыңызды айтуға тырысыңыз. Олар тас лақтырғандай емес, мақтамен бауыздағандай болуы тиіс. Бұл жағдайда айғай, қорқыту, өзгелерді кінәлау көмекшіңіз бола қоймас. Сол себепті қалай ашуды басып, наразылықтарды дұрыс жеткізуге болатындығын анықтап көрейік.

Біріншіден, наразылықтармен «қыдыруға» болады екен. Сол себепті, психолог мамандардың айтуынша, жағдайды өзгертіп, бірден серуендеуге шығу керек. Және сөйлеу барысында жүрістің маңызы зор. Барлығын айтып болмайынша жүріп, бір орында тұрып қалмаудың пайдасы көп. Көшеде өзге адамдардан ұялғандықтан, мәселені шешу мәдениеттілік деңгейінде өтеді. Әрі таза ауамен тыныстап, миыңыз тынығады.

Екіншіден, наразылықтарыңызды айтпас бұрын, сағатқа қарауды ұмытпаңыз. Адамның миы сағат 13:00 шамасында ақпаратты жылдам әрі дұрыс қабылдайды, ал сағат 16:00-ден кейін дауысты бәсеңдеткен абзал. Дауысымызды бәсеңдеткен кезде наразылықтар мен талаптар тілек пен өтініш секілді жұмсақ естіледі.

Психолог мамандардың айтуынша, мәселені талқылау барысында барынша сәнді киінген жөн. Таралмаған шаш, үтіктелмеген киімдер өмірден жалыққандықты немесе күйбең тірліктен бас алмай жүргендікті білдіреді. Алдын ала жанға жайлылық сыйлайтын әуен тыңдап алудың да маңызы зор.

Ал сіз наразылықтарыңызды қалай білдіресіз?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: assalam.ru

Қ. Бүйенбай