"Сен мен үшін бүкіл әлемсің!"

"Сен мен үшін бүкіл әлемсің!"

Қазақта "Сөйлей-сөйлей шешен боласың, Көре-көре, көсем боласың" деген аталы сөз бар. Расымен де, өмір – үлкен мектеп. Әрбір сәттен, әрбір оқиғадан, әрбір адамның әрекетінен сабақ алуға болады. Төмендегі шағын ғана шынайы оқиғалар тізбегі сізді жақсылыққа жетелейді деген үміттеміз...

1. Менің әкем ипотеканың ақшасын төлеу үшін, өзінің ең сүйікті көлігі  Camaro-ны (1969 жылғы) сатуға бел буды. Күндердің күнінде хабарламаны оқыған, бақуатты коллекционер біздің үйдің есігін қақты. Ол көлікті ары-бері қарады да, не үшін сататындығын сұрады. Әкем бар шындықты айтты. Мұқият тыңдаған коллекционер көліктің ақшасын берді де, жүксалғыштан бір затын алып келетіндігін айтты. Біз оған қарап тұрдық, ал ол көлігіне отырды да, Camaro-ны әкеме тастап кете барды.

2. Мен кішкентай кезде, анам ұйықтар алдында күн сайын бір әуенді қайталап айтатын. Мен он сегізге толғанда, анам қатерлі ісік ауруына шалдығып, ауруханада ұзақ жаттты. Біздің рөлдеріміз ауысты. Енді мен сол бір әуенді әрбір кеш сайын анама айтатын болдым. Анам қайтыс болғалы көп уақыт өтті, ол әнді ұмытып кеттім... Бүгін мен ауырып қалдым, жанымда күйеуім отыр. Сол баяғы әуенді айтып... Мен одан әнді қайдан, қалай жаттағанын сұрадым. Ол: "Бала кезімде анам әр кеш сайын осы әуенді ыңылдап отырып айтатын", - деп жауап берді.

3. Бүгін супермаркетте жүріп, бір жас жігітті көзім шалып қалды. Оның қолында екі сыйлық картасы болды және оған бірнеше видео-ойындарды сатып алды. Енді ғана кетуге ыңғайланып жатқанда, кассадағы қызметкер картасында 12 доллардың қалғандығын айтты. Ол жымиды да, қайта айналып келіп 10 долларға бір шоқ гүл сатып алып, қызметкерге ұсынды. Осыған дейін шаршаңқы қалыпта тұрған әйел ұзақ уақыт бойы езуін жинай алмастан гүлге қайта-қайта қараумен болды. Ерекше сұлуланып кеткендей...

4. Таңертең әкем үйге бес ай бұрын жоғалып кеткен сіңілімді ертіп алып келді. Қала сыртындағы ескі сарайлардың біріне қамалған екен. Құзіретті орындар сіңілімді іздеу жұмыстарын бұрын-ақ тоқтатып қойған, біз қайғыдан қан-жұтып, үмітіміз үзілген соң, өлдіге санап, жерлеу рәсімін өткіздік. Жаназаға әкемнен басқа барлық туыстарымыз келді. Бәрімізге ренжіген әкем соңына дейін іздеп, тауып әкелетіндігін қайталаумен болды. Әке жүрегінің, әке махаббатының арқасында сіңілім бүгін арамызда тірі жүр.

5. Біздің фирманың тазалық жұмыстарын 20 жылдан бері бір әйел кісі жүргізіп келеді. Ол бізбен бірге көп нәрсені өткерді: бірге құлады, бірге өсті. Бүгін – оның туған күні. Әрбір қызметкер оған сыйлық әкеліп берсе, басқару бөлімі 25 000 доллар көлемінде сыйақы тағайындап, арнайы отырыс ұйымдастырды.

6. Бүгін мен 1996 жылдың 2 қыркүйегінде жазған хатымды оқып отырмын. Өмірден түңіліп жүрген сәтім болатын. Сол күні осы хатты жаздым да, өзіме қол жұмсамақ болдым. Кенет құрбым қоңырау шалып, аяғы ауыр екендігін айтты. Мені қорқынышты қадамнан алып қалған – жалғыз себеп осы болды. Қазір ол менің әйелім, біз отбасын құрып, тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Осы хатты оқыған сайын шешімі жоқ жағдайлардың болмайтындығын мойындаймын. Екінші мүмкіндік бергені үшін тағдырға шексіз ризамын.

7. Бүгін метрода кетіп бара жатырмын. Көңіл-күйім мүлде жоқ. Бәрі қарбаласып кетті: тым толып кеткендеймін, жұмысымда да бәрі шым-шытырық, жеке өмірім де мәз емес. Жаныма бір бейтаныс әйел отырды да: "Сіз сондай әдемісіз! Көңіліңізге қаяу түспесін!" деп айтты. Көңілім бірден көтеріліп сала берді, барлық жаман ойлардың бәрі жоқ болып кеткендей...

8. Бүгін жағажайда келе жатып, мектептегі ескі досымды кездестіріп қалдым. Біз 8 жылдан бері көріспеген едік. Оның әкесі әскери қызметкер болғандықтан, басқа қалаға көшіп кеткен болатын. Бірнеше жыл бұрын бір отырысқа екеуміз де бірдей жейде сатып алғанбыз, оны сол жейде арқылы таныдым. Ең қызығы, мен де сол күні әлгі жейдені киіп шыққанмын. Досым екеуміз кеш батқанша қыдырып, көңіл көтердік, әңгіме айттық. Тура бұрынғы кездердегідей... Нағыз достық ешқашан өшпейді.

9. Бүгін менің балам 7 жасқа, мен 23 жасқа толдым. Оны 16 жасымда дүниеге әкелген едім. Жүкті екендігімді білгенде, "оны өсіре аламын ба?" деген күмәнді ойлар бойымды билеген болатын. Саябақта туған күнді атап өттік, балам сонда жүрген бір кішкентай қызбен ұзақ ойнады. Оның беті әртүрлі тыртықтарға толы, қарасаң денең тітіркенетін. Ойын бітіп, үйге қайтып бара жатқанда ұлым маған: "Ана, ол сондай әдемі!" деп айтты. Жеті жыл бұрын дұрыс шешім қабылдағаныма қатты қуандым.

10. Бүгін балам мені қатты құшақтады да: "Сен әлемдегі ең жақсы анасың!" деп айтты. Мені әзілдеп: "Неге олай шештің? Сен әлемдегі барлық аналарды білесің бе?" деп сұрап едім, ол: "Сен мен үшін бүкіл әлемсің!" деп жауап қатты.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com